Соңғы уақытта Қазақстанда ең өзекті тақырыптардың бірі – Қосылған Құн Салығының (ҚҚС) 12%-дан 20%-ға көтерілуі. Бұл бір жағынан бюджет тапшылығын азайтуға көмектесуі мүмкін, бірақ екінші жағынан халық пен бизнеске ауыр соққы болуы ықтимал.
Менің ойымша, ҚҚС-тың күрт өсуінің негізгі себептері мыналар болуы мүмкін:
1. Бюджет тапшылығы
2019 жылдан бері Қазақстанның кірістері мен шығыстары екі есеге өсті, бірақ осы уақыт ішінде бюджет тапшылығы 1,4 трлн теңгеден 3,7 трлн теңгеге дейін көбейді, яғни 2,6 есе артты.
Кесте 1. 2019-2024 жылдардағы республикалық бюджет кірістері мен шығыстары
|
Жылдар |
2019 |
2020 |
2021 |
2022 |
2023 |
2024 |
|
Кірістер (трлн теңге) |
10,5 |
11,9 |
12,4 |
15,7 |
19,1 |
20,2 |
|
Салықтық кірістер (трлн теңге) |
6,9 |
5,6 |
6,9 |
9,8 |
14,3 |
12,6 |
|
Салықтық кірістердің республикалық бюджет құрылымындағы үлесі |
66% |
47% |
56% |
62% |
75% |
63% |
|
Шығыстар (трлн теңге) |
11,5 |
13,9 |
14,9 |
18,1 |
21,6 |
23,5 |
|
Бюджет тапшылығы (трлн теңге) |
-1,4 |
-2,5 |
-2,8 |
-3 |
-3,2 |
-3,7 |
|
Бюджет тапшылығының ЖІӨ-ге қатынасы |
2% |
3,5% |
3,3% |
2,9% |
2,7% |
3% |
Дереккөз: «Республикалық бюджет туралы» заң
Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3,1%-ына жетуі мүмкін, бұл шамамен 8,5 млрд АҚШ долларына тең. Егер экономика 4,5%-ға өссе, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2025 жылы 255 млрд долларды құрайды.
2. Ұлттық қордағы қаражаттың азаюы
Ұлттық қор – мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және болашақ ұрпаққа қаржы жинақтау мақсатында құрылған қор. Бірақ соңғы жылдары оның көлемі азайып келеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 59 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 млрд долларға аз.
Заң бойынша Ұлттық қордың ең төменгі деңгейі ЖІӨ-нің 30%-ынан кем болмауы керек. 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 245 млрд доллар болса, қордағы қаражаттың ең төменгі шегі 73 млрд доллар болуы тиіс еді. Алайда, қаржылық тәртіптің бұзылуы салдарынан қорда бар болғаны 59 млрд доллар қалды.
Кесте 2. 2019-2024 жылдардағы Ұлттық қор активтері
|
Жылдар |
2019 |
2020 |
2021 |
2022 |
2023 |
2024 |
|
Валюталық активтер (млрд АҚШ доллары) |
61.7 |
58.7 |
55.3 |
55.7 |
60 |
59 |
Дереккөз: Ұлттық банк
Соңғы 10 жылда Ұлттық қордың активтері 18 млрд долларға азайып, 77 млрд доллардан 59 млрд долларға дейін төмендеді.
3. Мемлекеттік шығыстар мен қарыздың өсуі
Соңғы бес жылда мемлекеттік шығыстар айтарлықтай өсті. Атап айтқанда:
• Трансферттер – 3,3 есе артты,
• Мемлекеттік қарызды өтеуге арналған шығыстар – 3,2 есе,
• Білім беру саласына жұмсалған қаражат – 2,7 есе өсті.
Кесте 3. 2019-2024 жылдардағы республикалық бюджет шығыстарының деректері
|
Шығыс бағыттары |
2019 (млрд теңге) |
2024 (млрд теңге) |
Өсу қарқыны (есе) |
|
Мемлекеттік қызметтер |
502,6 |
961,4 |
1,9 |
|
Қорғаныс |
702,4 |
1163,4 |
1,7 |
|
Қоғамдық тәртіп |
674,3 |
1271,1 |
1,9 |
|
Білім беру |
615,1 |
1657,2 |
2,7 |
|
Денсаулық сақтау |
1203 |
2339,6 |
1,9 |
|
Әлеуметтік қорғау |
3245,2 |
5358 |
1,7 |
|
ТКШ |
331,3 |
445,1 |
1,3 |
|
Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік |
139,2 |
252,8 |
1,8 |
|
Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану |
85,1 |
160,3 |
1,9 |
|
Ауыл шаруашылығы |
265,4 |
309 |
1,2 |
|
Өнеркәсіп және құрылыс |
22 |
20,4 |
0,9 |
|
Көлік және коммуникациялар |
634,4 |
903,8 |
1,4 |
|
Басқа шығыстар |
786,8 |
1180,3 |
1,5 |
|
Қарызды өтеу |
686 |
2190,9 |
3,2 |
|
Трансферттер |
1584,5 |
5265 |
3,3 |
|
Барлығы |
11477 |
23478 |
2 |
Дереккөз: «Республикалық бюджет туралы» заң
2024 жылдың соңында елдің жалпы мемлекеттік қарызы 30,5 трлн теңгеге жетті (шамамен 60 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 25%-ы). Бұл қарыздың 75%-ы ішкі, ал 25%-ы сыртқы қарыздан тұрады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылдың соңындағы сыртқы қарыз құрылымы былайша бөлінеді:
• Мемлекеттік қарыз – 14 млрд доллар,
• Мемлекет бақылауындағы банктер мен ұйымдардың қарызы – 16,9 млрд доллар,
• Жеке сектордың сыртқы қарызы – 135 млрд доллар.
Бюджет тапшылығының өсуіне байланысты мемлекеттік қарызды өтеу шығындары да артып келеді. Егер 2019 жылы барлық мемлекеттік шығыстардың 6%-ы қарыз төлеуге жұмсалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 9,3%-ға жетті.
Дегенмен, Қазақстан қарыз алуда консервативті саясатты ұстануда. Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 25%-дан аспайды, ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 40%-ға дейінгі көрсеткішті қауіпсіз деп санайды.
Альтернативті шешімдер
Менің ойымша, бюджет тапшылығын ҚҚС-ты көтермей-ақ шешуге болады. Ол үшін келесі шараларды қарастыру керек:
1. Экономикада қолма-қол ақшаның айналымын шектеу арқылы көлеңкелі экономиканың үлесін азайту. Қазіргі таңда ресми статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 18%-ын құрайды.
2. Мемлекеттік шығыстарды қаржыландыру және субсидиялау үшін «цифрлық теңгені» белсенді қолдану.
3. Шетелдік инвесторлар үшін дайын инвестициялық жобалар пакетін әзірлеу.
4. Мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттыру үшін салық төлеушілердің ақшасының жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беру. Әсіресе, ірі бизнес өз салықтарының қандай жобаларға жұмсалғанын нақты көре алуы тиіс.
ҚҚС мөлшерлемесін көтеру – бюджетті толтырудың бір жолы ғана. Бірақ оның орнына жүйелі реформалар жүргізіп, экономиканың ашықтығын арттырсақ, халық пен бизнестің жүктемесін арттырмай-ақ бюджет тапшылығын азайтуға болады.


