EC[ON]OMY

Қазақстанда индустрияландырудың тәуекелдері

Қазақстан үкіметі индустрияландыруды жеделдету және экономиканы әртараптандыру бағытын ұстанып отыр. Бұл саясаттың өзегі — өндірісті жергіліктендіру және шетелдік тікелей инвестицияларды тарту. Негізгі мақсаттар — 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі еселеу, бәсекеге қабілетті өндірістік тізбектер құру және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту.

Алайда бұл жоспарлардың табысты жүзеге асуы елдегі инфрақұрылым мен іскерлік ортаның жаңа өндіріс жобаларын қабылдауға қаншалықты дайын екеніне тікелей байланысты. Төменде жергіліктендіру процесін баяулатуы немесе инвестиция ағымын шектеуі мүмкін үш басты тәуекел қарастырылған.

1.⁠ ⁠Сапалы қойма алаңдарының тапшылығы

NF Group деректеріне сәйкес, Қазақстандағы сапалы қойма алаңдарының жалпы көлемі 1,3 млн шаршы метр. Оның 73%-ы Алматыда, 21%-ы Астанада, 6%-ы Шымкентте орналасқан. Нарықта бос орындардың жетіспеушілігі байқалып, бұл жалға алу бағасының өсуіне алып келіп отыр: «А» класындағы қоймалар үшін жалдау ақысы айына 1 шаршы метрге 4000-4500 теңгеге дейін жетеді.

Қойма алаңдарымен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан аймақта алда келеді (салыстыру үшін: Өзбекстан — 221 мың ш.м., Қырғызстан — 46 мың, Тәжікстан — 10 мың). Дегенмен экспортқа бағытталған өңірлер (мысалы, Атырау облысы — экспорттың 34%) мен импортқа тәуелді қалалар (Алматы — импорттың 40%) арасындағы теңсіздік логистикалық тапшылық тудырады, әсіресе елдің оңтүстігі мен шығысында.

Өңірлік логистикалық хабтарды дамыту және заманауи қоймалар салуды ынталандыру — өндірісті жергіліктендірудің тұрақты өсімі үшін басты шарттардың бірі.

2.⁠ ⁠Көлік қызметтері мен мультимодальды жүйенің әлсіз дамуы

Қазақстанның көлік жүйесі фрагментті түрде жұмыс істейді, яғни түрлі тасымал түрлері арасында байланыс пен үйлесім жеткіліксіз. Заңнамалық деңгейде мультимодальды тасымалды дамыту қарастырылғанымен, іс жүзінде мұндай жүйелер сирек қолданылады.

  • ⁠ ⁠Автокөлік тасымалы. Халықаралық жүк тасымалына небәрі 370 компания қатысады, олардың автопаркі 7,6 мың көліктен тұрады және халықаралық жүк айналымының тек 43%-ын қамтамасыз етеді.
  • ⁠ ⁠Темір жол. 16 мың шақырымдық темір жолдың 69%-ы — бір жолды бағыттар, ал тозу деңгейі 57%-ға жеткен. Бұл қауіпсіздік пен тасымал жылдамдығына кері әсер етеді.
  • ⁠ ⁠Әуе көлігі. Аэродром инфрақұрылымының тозу деңгейі 68%-ды құрайды, ал Азия мен Еуропа арасындағы транзиттің тек 2%-ы қазақстандық әуежайлар арқылы өтеді. Арнайы техника паркінің 70%-дан астамы ескі және жаңартуды қажет етеді.

Көлік инфрақұрылымын жаңғыртпай және түрлі тасымал түрлерін біріктірмей, Қазақстан өз транзиттік әлеуетінің бір бөлігін жоғалтып, жергіліктендірілген өндірістердің тиімділігін төмендету қаупіне тап болады.

3.⁠ ⁠Арнайы экономикалық аймақтардағы (АЭА) инфрақұрылымның жеткіліксіздігі

Елде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Алайда олардың ішінде тек төртеуі («Астана — жаңа қала», «Ақпараттық технологиялар паркі — ПИТ», «Оңтүстік», «Ақтау теңіз порты») тұрақты тиімділік көрсетіп отыр.

Қалған аймақтарда инженерлік инфрақұрылым жеткіліксіз, басым қызмет түрлері шектеулі, ал аймақтардың толтырылу деңгейі шамамен 40% ғана.

Инфрақұрылымның дайындық деңгейі орта есеппен 70%, ал электр желілерінің тозу деңгейі — 65%. Осыған байланысты 2030 жылға қарай елде электр энергиясының тапшылығы 6 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл, әсіресе, энергияны көп қажет ететін өндірістер үшін үлкен жүйелік тәуекел болып саналады.

Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading