EC[ON]OMY

Қантты сусындарға салық: Денсаулық пен бюджетке әсері

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қантты сусындарға салық салуды белсенді түрде қолдап келеді. Себебі бұл өнімдерді шамадан тыс тұтыну семіздікке, 2-типтегі диабетке, жүрек-қан тамырлары ауруларына және тіс кариесіне әкеледі.

Мақсаттары:

•  өндірушілерді өнімдегі қант мөлшерін азайтуға ынталандыру;

•  халықтың тұтыну әдетін өзгерту және зиянды өнімдерді азайту;

•  ұлт денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау шығындарын азайту.

2022 жылдың деректеріне сәйкес, Еуропа аймағындағы 53 елдің тек 10-ы ғана мұндай салықты енгізген. Ал жаһандық деңгейде 40-тан астам елде (Мексика, Ұлыбритания, Франция, Сауд Арабиясы және т.б.) бұл шара қолданыста.

Салықты енгізуді жақтайтындар не дейді?

•  Семіздік пен созылмалы аурулардың алдын алу;

•  Балалар мен ата-аналарды дұрыс тамақтануға ынталандыру;

•  Мемлекет кірісін арттыру;

•  Денсаулық сақтау саласындағы бюджеттік шығындарды қысқарту.

Қарсы пікірлер қандай?

•  Өндіріс көлемінің қысқаруы және жұмыс орындарының азаюы;

•  Инвестициялық ахуалдың нашарлауы;

•  Компаниялардың әлеуметтік жобалардан бас тартуы.

Айта кету керек, мысалы, Мексика тәжірибесі көрсеткендей, салықтың өзі тұтыну көлеміне айтарлықтай әсер ете бермейді — егер бұл қадам ақпараттық науқанмен және пайдалы өнімдерге қолжетімділікті арттырумен бірге жүрмесе.

Қазақстандағы жағдай қандай?

2020 жылдан бастап Қазақстанда қантты сусындарға акциз енгізу мәселесі талқыланып келеді. Бұл бастамаға екі негізгі себеп бар:

1. Денсаулық сақтау факторы:

Тағаммен байланысты аурулар саны артып келеді. Қазақстанда әр адам жылына орта есеппен 74,2 литр тәтті сусын тұтынады — бұл әлемдік орташа деңгейден 17 литрге аз. Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ пен Мексикада бұл көрсеткіш 5–6 есе жоғары.

2. Қаржылық фактор:

Бюджет тапшылығы жағдайында мұндай салық жаңа кіріс көзі бола алады. Қазақстандағы қантты сусындар нарығының көлемі 1 млрд доллардан асады. Оның 90%-ын отандық өндірушілер қамтиды, ал салада 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сала бойынша жиналатын салықтардың негізгі бөлігін осы өндірушілер қамтамасыз етеді.

Азия диабет қауымдастығының мәліметінше, Қазақстанда жылына 3,4 млрд литрге жуық тәтті сусын өндіріледі. Егер 1 литрге 20 теңге көлемінде акциз енгізілсе, бюджетке 70 млрд теңге қосымша түсім түсуі мүмкін. Бұл қаражатты, мысалы, диабетпен ауыратын азаматтардың дәрі-дәрмегіне бағыттауға болады.

2025 жылғы 10 сәуірде жаңа Салық кодексі жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары қантты сусындарға да акциз салуды ұсынды. Бірақ Үкімет бұл бастаманы қолдамады.

Өндірушілер қауымдастығының болжамы бойынша, акциз енгізілсе, өндіріс көлемі 2025 жылғы 3,4 млрд литрден 2029 жылға қарай 2,9 млрд литрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл импортқа тәуелділікті арттырып, бюджетке түсетін салықты азайтады. Сонымен қатар, өнімнің құны 25%-ға дейін өсуі ықтимал.

Қантты сусындарға салық салу — халықаралық тәжірибеде бар құрал. Бірақ Мексика мысалынан көргеніміздей, бұл салық жалғыз өзі тұтынушылық мінез-құлықты өзгерте бермейді. Әсері болу үшін оны ақпараттық жұмыстармен және басқа да зиянды тағамдарға (тұзды, майлы, тәтті өнімдерге) салықпен қатар қолдану керек.

Қазақстан үшін бұл салықтың басты тартымдылығы — бюджеттік кірістерді арттыру. Ал денсаулық сақтау тұрғысынан алғанда, мұндай шара жан-жақты тағам саясатының бір бөлігі болуы тиіс.

Бірақ бағаның қымбаттауы арқылы бұл салық азық-түлік инфляциясын да күшейтіп жіберуі мүмкін — бұл да ескерілуі қажет.

 
 
Дайындаған: Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top