EC[ON]OMY

Орман кодексіндегі жаңа өзгерістер: Офсет жобаларының мүмкіндіктері

Маусым айының соңында Мемлекет басшысының қол қоюымен Орман кодексіне офсет жобаларын мемлекеттік орман қоры жерінде іске асыруды реттейтін көптен күткен заң қабылданды. Бұл өзгеріс мемлекетке орман алқабын ұлғайтуға, ал инвесторларға көміртегі кредиттеріндегі ең құнды офсет бірліктерін алуға жол ашты.

Сонымен бірге, құқықтық қолдану тәжірибесінде бірқатар ашық сұрақтар бар. Жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) рөлі нақты белгіленбеген: заңға сай отырғызылған орман мемлекет меншігінде қалады, бірақ офсет жобалары үшін жер телімдерін қалай бөлу керегі көрсетілмеген. Әкімдіктердің орман қорын қорғау, пайдалану және орман өсіру бағытындағы құзыреттері бар, алайда инвесторлар жерді қалай және қандай конкурстық рәсіммен алады — түсініксіз.

Тағы бір талап — жобалар экологиялық заңнамаға сәйкес болуы. Практикада бұл жобалық-сметалық құжат (жұмыс жобасы) әзірлеуді және мемлекеттік экологиялық сараптаманы қажет етеді. Алайда жер телімі бөлінбесе, инвестор жұмыс жобасын қай жерде жасауы тиіс?

Отырғызу материалының жетіспеушілігі — еліміздегі орман өсірудің ең өзекті мәселелерінің бірі. Президенттің 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы бұл проблеманы айқын көрсетті: орман мекемелерінің көпшілігі жаппай орман мелорациясына дайын болмады. Офсет жобаларын іске қосу да сапалы көшет қорын жүйелі түрде қамтамасыз етуді талап етеді.

Бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі ретінде менің көзқарасым мынадай:

  Офсет жобалары арқылы отырғызылған орман мемлекет меншігінде қалады, сондықтан әкімдіктер орман орналастыру құжаттарына сүйене отырып, нақты жер телімдерін, ағаш түрлері мен көлемін белгілеп беруі тиіс.

  Тендерлер мен конкурстар орман өсірудің ғылыми негіздемесіне сәйкес ұйымдастырылса, жобалар бастау алуын жеделдетеді. Орман орналастыру жобалары заң бойынша бұрыннан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді, бұл да уақыт үнемдейді.

  Техникалық тапсырмада көшет сапасына қойылатын талаптар нақты көрсетілуі керек. Заманауи технологиялар бір жыл ішінде жабық тамыр жүйесі бар сапалы сеянцтар алуға мүмкіндік береді. Орман мекемелерінің аумағында селекциялық негізде питомниктер құру – тұқымның бағалы қасиеттерін сақтап, тұрақты орман өсірудің тағы бір кепілі.

Қорытындылай келе, офсет жобаларын мемлекеттік орман қоры жерінде рұқсат ету – көмірқышқыл газын сіңіруді арттырумен қатар, жаңа нарық қалыптастыруғамүмкіндік береді. Дұрыс ұйымдастырылғанда, әкімдіктер мен орман мекемелері ғылыми тұрғыдан негізделген учаскелер ұсынады, ал инвесторлар дайын орман орналастыру/жұмыс жобаларын пайдаланып, жобаларын тез іске қосады. Осылайша, барлығы ұтатын жүйе құрылады.

 
Әлия Шалабекова, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading