EC[ON]OMY

Next best experience: цифрлы бизнес үшін ЖИ-ның артықшылықтары

Бүгінде әрбір компания мен клиент арасындағы байланыс цифрландырылған. Бұрынғы әдістер – жаппай жарнама, акциялар мен стандартты ұсыныстар – өз әсерін жоғалтты. McKinsey & Company зерттеуіне сәйкес (“Next Best Experience: How AI Can Power Every Customer Interaction”, 2025 ж. қазан), жасанды интеллект (ЖИ) клиенттің не қалайтынын алдын ала біліп, компания мен клиент арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтере алады.

McKinsey ұсынған жаңа тұжырымдама – Next Best Experience (NBE). Бұл тәсілде ЖИ әр клиентке дәл қазір қажет ұсынысты, дұрыс арна арқылы және ең тиімді уақытта ұсынады. Негізгі айырмашылығы – мұнда клиентке «итеру» жоқ. Барлық шешім клиенттің мінез-құлқына, дерегіне және контекстіне негізделеді.

Зерттеу нәтижесі айқын:

•  клиент қанағаттануы 15–20% артады;

•  кіріс 5–8% өседі;

•  қызмет көрсету шығындары 20–30% төмендейді.

Енді жүйе клиенттің мәселесін өзі анықтап, оны клиент хабарламай тұрып шешеді. Немесе ол тұтынушының кетуі мүмкін екенін болжап, оған уақтылы және пайдалы шешім ұсынады. Бұл – «келесі үздік тәжірибе» (Next Best Experience) ұғымының мәні. Мұнда технология тек құрал емес, сенім тудыратын көпірге айналады.

McKinsey түсіндіреді: дәстүрлі маркетинг клиентті ақпаратпен «бомбалау» принципіне сүйенсе, жаңа модельде бәрі керісінше. ЖИ алдымен деректерді талдап, содан соң клиентке қажет шешімді ғана ұсынады.

McKinsey есепте Томас есімді клиенттің тарихы берілген. Ол диабетпен ауырады және медициналық сақтандыру компаниясының клиенті. Бұрын ол қате шоттармен, ұзақ қоңыраулармен, қызмет көрсетудің қиындықтарымен жиі кездесетін.

Компания NBE жүйесін енгізген соң бәрі өзгерді:

•  жүйе қателікті өздігінен анықтап, түзетіп, Томасқа кофе купонын сыйға жібереді;

•  төлем кешігуі алдын ала болжанады, ескерту уақтылы келеді;

•  хабарламалар жеке және уақтылы болады;

•  Томасқа арнайы диабетті бақылау бағдарламасы ұсынылады.

Клиент енді риза, компания шығыны азайды, ал сенім мен адалдық артты.

McKinsey үш негізгі артықшылықты атап өтеді:

1. Тәжірибе – құндылық көзі.

Компанияның мақсаты – сату емес, көмектесу. Мысалы, халықаралық төлем жүйесі ЖИ арқылы клиенттердің кету ықтималдығын алдын ала анықтайды. Әр клиент үшін жеке шешім әзірленеді: жеңілдіктер, техникалық көмек, жаңа өнімдер. Нәтиже – жылына 20% аз кету.

2. Байланыс реті мен уақыты.

Клиентті шаршататын басты фактор – әр бөлімнің бөлек әрекеті. Еуропалық телеком компаниясы шағымы бар клиенттерге жарнама жіберуді тоқтатқан. Нәтижесінде NPS көрсеткіші нарық көшбасшысына жетіп, қосымша сатылым өсті.

3. Жеке дара ұсыныстар.

Америкалық әуе компаниясы бұрын барлық кешіккен рейс жолаушыларына бірдей купон беретін. Енді ЖИ әр клиенттің құнын бағалап, жиі ұшатындарға басымдық береді. Тиімділігі таңғаларлық:

◦ нысаналы клиенттерді дәл анықтау 210% артты;

◦ клиент қанағаттануы 8 есе өсті;

◦ кету ниеті 59% азайды.

McKinsey NBE жүйесін төрт негізгі блоктан тұратын «қозғалтқыш» ретінде сипаттайды:

•  Data engineering (деректер инженериясы) – CRM, шот-фактуралар, қосымшалар мен қоңырау орталығы деректерін біріктіру.

•  Advanced analytics (жетілдірілген талдау) – клиенттің мінез-құлқын болжау: сатып алу ықтималдығы, кету қаупі, арна таңдауы.

•  Generative & agentic AI (генеративті және агенттік ЖИ)– әр клиентке арналған хабарламаларды нақты және жеке жазу.

•  Campaign delivery platform (науқан платформасы) – ЖИ ұсыныстарын нақты арналармен байланыстырады: электронды пошта, SMS, чат, әлеуметтік желілер.

Жүйе үздіксіз үйренеді: әр байланыс жаңа мәлімет қосады, болжамдар дәлірек болады.

McKinsey ескертеді: ең күрделі мәселе – адам факторы.

Егер қызметкерлер ЖИ шешімдеріне сенбесе, модель қаншалықты дәл болса да нәтиже бермейді.

McKinsey өз тәжірибесін мысалға келтіреді: Lilli атты ішкі ЖИ көмекшісін енгізгенде жұмыстың жартысы оқыту мен бейімдеуге арналды.

McKinsey компанияларға алты кезең ұсынады:

1. Деректерді біріктіру. Барлық негізгі жүйелерді (CRM, төлем, операциялар) бірыңғай платформаға жинау.

2. Пилоттық аналитика. Мысалы, клиент кетуін болжау немесе жаңа өнімге қызығушылықты анықтау.

3. Технологиялық экожүйе. MLOps және MarTech құралдарын енгізу.

4. Басқару моделі. Барлық бөлімдердің мақсаттарын үйлестіру, бірыңғай байланыс саясатын енгізу.

5. Нәтижені өлшеу. A/B тестілеу мен бақылау топтарын пайдалану.

6. Екі жылдамдықты тәсіл. Пилот жобаны іске қосып, қатар инфрақұрылымды дамыту.

Табысты мысалдар

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі телеком.

Жаңа тарифтер енгізілген соң шағымдар көбейді. Компания деректерді біріктіріп, ЖИ моделі арқылы клиенттердің қоңырау шалу ықтималдығын болжады. Генеративті ЖИ әр клиентке төлем өзгерісін қарапайым тілмен түсіндіріп, жаңа жоспар ұсынды. Нәтиже – кету 5% азайды, инвестиция қайтарымы 4 есе артты.

Италия телеком операторы.

Компания клиенттермен жеке байланыс орнату үшін NBE жүйесін құрды.

Мысалы, Росси отбасының интернет қолдануы демалыс күндері 45% артты. ЖИ бұл тенденцияны байқап, үш жаңа жоспар ұсынды: Weekend Booster, Roaming Shield және Balanced Plan.

Үш күн ішінде отбасы жеке хат, push-хабарлама және кеңесші қоңырауын алды.

Нәтиже – табыс 5% өсті, маржа 30% артты, басу жиілігі дәстүрлі кампанияларға қарағанда 2–3 есе жоғары болды.

McKinsey қорытындысы: технология мен клиент күтімінің тоғысуы жаңа дәуірді бастады.

ЖИ мен генеративті технологиялар деректерді, эмоцияны және байланыс арналарын біріктіріп, бизнеске жаңа артықшылық береді.

Клиент енді жай сатып алушы емес — ол серіктес, ал компанияның табысы оның сеніміне байланысты.

Бұл тәсіл Қазақстанда үлкен мүмкіндік тудыра алады. Әсіресе банк, сақтандыру, телеком және мемлекеттік қызметсалаларында.

Елімізде клиенттік деректер жеткілікті, бірақ олар көбіне бөлек жүйелерде сақталады. NBE енгізу:

•  клиент проблемасын алдын ала болжауға;

•  колл-орталық шығындарын азайтуға;

•  азаматтар сенімін арттыруға;

•  табысты жеке ұсыныстар арқылы көбейтуге мүмкіндік береді.

Банктер үшін бұл – өнім сатудан клиент мүддесіне ауысу жолы.

Мемлекеттік сектор үшін – азамат өтініш білдірмей тұрып, шешім ұсынатын цифрлық мемлекетке қадам.

Телеком мен онлайн-бизнес үшін – жеңілдіктерсіз адалдықты сақтаудың жолы.

Егер Қазақстандағы бизнес пен мемлекеттік құрылымдар деректерді біріктіріп, NBE жүйесін енгізсе, елде сенім мен тиімділікке негізделген жаңа экономика моделі қалыптасады.

Жасанды интеллект енді жай технология емес – ол бизнестің тіліне айналды. Next Best Experience секілді жүйелер компания мен клиент арасындағы байланысты түбегейлі өзгертеді: кездейсоқ байланыстардан – жеке және мәнді тәжірибеге дейін.

Мұндай модельде барлық тарап ұтады: бизнес – тиімділіктен, клиент – жайлылықтан, қоғам – сапалы сервистен.

Ален Серік,  порталының сарапшысы  EconomyKZ.org

Scroll to Top