EC[ON]OMY

Негізгі капиталға инвестиция: ҚҚС кедергі келтіріп отыр ма?

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция айтарлықтай өзгерген жоқ – өсім небәрі 0,5% болды. Сонымен бірге, кәсіпорындардың құрылыс пен жөндеуге жұмсаған қаражаты 18,3%-ға артқанымен, техника мен жабдық сатып алуға кететін шығын 21,2%-ға қысқарды. Бұл соңғы үш жылдағы ең үлкен төмендеу.

Бұған дейін жылдың басында өндірісті технологиялық жаңарту шығындары 30%-дан астам өсетін, бірақ бұл үрдіс тоқтап қалды.

Мұның негізгі себептерінің бірі – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда баламасы жоқ жабдықты импорттауға қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатудың жойылуы. Бұрын кәсіпорындар ҚҚС-ты есепке алу әдісімен төлей алатын (ҚР Салық кодексінің 428-бабы), алайда жыл басынан бастап бұл норма күшін жойды. Дегенмен, 30 қаңтарда Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия бұл жеңілдікті тағы бір жылға – 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Алайда, бизнес жаңа инвестиция салу жоспарларын өзгертуге үлгеріп қойған еді.

Әсіресе, салық саясатының өзгерістеріне шағын және орта кәсіпорындар жылдам бейімделді – олардың инвестициялары сәйкесінше екі есе және 22%-ға қысқарды. Бұл бизнестің даму үшін қаржы салуға дайындығы тікелей салық саясатының тұрақтылығына байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

 

Дайындаған: Ернар Серік, сауда және инвестициялық саясат жөніндегі сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top