EC[ON]OMY

Назар экономикасы: әмияныңыз үшін көрінбейтін күрес

Біз әдетте экономиканы мұнайдың тоннасы, газдың кубометры, ЖІӨ өсімі мен теңге бағамы арқылы бағалаймыз. Бірақ қазіргі таңда басты құндылық – адамның назары. Назар – бұл жаңа валюта, ал соның айналасындағы күрес – көрінбейтін, бірақ күн сайын күшейіп жатқан шындық. Цифрлану қарқынды дамып жатқан Қазақстан да осы процестің эпицентрінде тұр. GroupM компаниясының болжамынша, 2025 жылы әлемдік жарнама нарығының табысы 1 триллион долларға жетуі мүмкін – бұл назар экономикасының қаншалықты ықпалды күшке айналғанын көрсетеді.

Бұл мақалада назар экономикасының біздің тұтынушылық әдеттерімізге, нарықтарға және мемлекеттік шешімдерге қалай әсер ететіні қарастырылады. Сонымен қатар, дәстүрлі экономикалық көрсеткіштер неге бұл үрдісті ескеруден қалып бара жатқанын түсіндіреміз.

Қарапайым тілмен айтқанда, назар экономикасы – адамның назарын шектеулі ресурс ретінде қарастыратын ұғым. Қазіргі таңда ақпарат өте көп, ал оны қабылдауға уақыт жетіспейді. Сондықтан назарды жаулап алу және ұстап тұру – табысқа жетудің басты құралына айналды.

Бұрын өндірушілер дүкен сөрелері үшін күресетін. Енді бұл күрес онлайн ортада жүріп жатыр. Қай платформада адамдардың назары шоғырланса, жарнама да, сұраныс та сол жерге бағытталады. Сол жерде жаңа нарықтар пайда болады.

Қазақстанда назар үшін күрес барлық салада жүріп жатыр. Ең жарқын мысал – финтех. Мысалы, Kaspi.kz – бұл жай ғана банк емес, адамды өз экожүйесіне «байлап» қоятын платформа. Төлемдер, аударымдар, маркетплейс, мемлекеттік қызметтер – бәрі бір қолданбада. 2023 жылы Kaspi қосымшасында ай сайын 14 миллион, ал күніне 9,1 миллион белсенді қолданушы болған. Бұл – Kaspi тек қаржы ұйымы ғана емес, сонымен қатар елдегі басты назар медиаторы екенін көрсетеді.

Электронды сауда саласында да бәсеке үлкен. OLX, Satu.kz, Wildberries, Ozon, және Instagram-дүкендер – бәрі де сатып алушының назарын жаулап алу үшін күресуде. Таргеттелген жарнама, жеке ұсыныстар, бір күндік акциялар, жарқын дизайн – бәрі назар үшін құралға айналған.

Медиа мен контент жасаушылар да осы шайқастың алдыңғы шебінде. Дәстүрлі БАҚ, Telegram арналар, YouTube блогерлер – бәрі оқырман мен көрерменнің бірнеше минутын иелену үшін бәсекелес.

Назар экономикасында инфлюенсерлердің (пікір көшбасшыларының) рөлі ерекше. Қазақстанда бұл нарық белсенді дамып жатыр. Адамдар сенетін тұлғалар арқылы жарнама жасау – тиімді жол. Мысалы, Instagram-да косметика, киім, білім беру курстары немесе қаржылық қызметтер ұсынылады.

Инфлюенсерге деген сенім – өнімге назар аударуға, ал назар – нақты саудаға алып келеді. Бұл – назардың қалай экономикалық пайдаға айналатынының нақты дәлелі.

Назар экономикасының кері жағы да бар – ақпараттық артықшылық. Шексіз хабарламалар, жаңалықтар, ұсыныстар біздің зейінімізді шашыратып, шешім қабылдауды қиындатады.

Бұл жиі импульсивті сатып алуға, немесе керісінше, шешім қабылдаудан бас тартуға әкеледі. Экономистер мұны «анализ параличі» деп атайды.

Назар экономикасы Қазақстанда да жаңа мамандықтар мен бизнес үлгілерін туғызды: YouTube-блогерлер, TikTok-контент жасаушылар, Telegram паблик админдері. Олар жарнама, демеушілік және аудитория тарту арқылы табыс табады.

Сонымен қатар, тек цифрлық жарнамаға және инфлюенсер маркетингіне маманданған агенттіктер пайда болуда. Білім беру платформалары мен «инфобизнесмендер» де өз курстарын дәл осы назарды ұстап тұру қабілетіне сүйеніп сатады.

Бірақ назар үшін күрес манипуляция мен дезинформацияны да туғызады. Әлеуметтік желілердің алгоритмдері адамды тек өзі сенетін ақпаратпен шектеп, «ақпараттық көпіршіктер» қалыптастырады. Бұл – қоғамды екіге жарып, радикал көзқарастардың күшеюіне әсер етеді.

Үнемі желіде болуға ұмтылу – цифрлық тәуелділікке, өнімділіктің төмендеуіне және психикалық денсаулық проблемаларына әкелуі мүмкін. Жарнамалардың FOMO (бірдеңеден қалып қою қорқынышы) синдромына арқа сүйеуі де осы тәуекелдердің бірі.

Назар экономикасын тиімді пайдалану – мемлекет үшін де мүмкіндік. Мысалы, eGov.kz арқылы мемлекеттік қызметтерді жылжыту, әлеуметтік бағдарламалар немесе денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру науқандарын жүргізу.

Бірақ бұл жерде тепе-теңдікті сақтау маңызды. Ақпарат қарапайым, уақтылы және аудиторияға бейімделгенболуы тиіс. Мемлекет азаматтардың уақытын құрметтеп, тиімді коммуникация құруы керек.

Бүгінгі таңда Қазақстанда назар – тек жеке секторда ғана емес, мемлекеттік саясатта, білім мен денсаулық сақтауда да маңызды «валютаға» айналып отыр. Назарды тиімді басқарған елдер – стратегиялық артықшылыққа ие болады.

Назар экономикасы – бұл біздің өміріміздің шындығы. Бұл шындықты түсіну – бизнеске, мемлекетке, және әрқайсымызға қажет. Ақпарат тасқынында бағыт табу, шынайы ақпаратты жалғаннан ажырату және назарымызды саналы түрде басқару – бүгінгі күннің басты дағдысы.

Мүмкін, уақыт келді – экономикалық көрсеткіштер қатарына ақпаратты тұтыну индексін де қосатын сәт. Себебі назар – бұл жай ғана ресурс емес, ол біздің ойлау қабілетіміздің, таңдауымыздың, бостандығымыздыңнегізі.

 
 
Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading