Мектепте сапалы тамақтануды ұйымдастыру – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бірақ бүгінгі күні мектеп асханаларының сапасы мен қолжетімділігі білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекеттен тегін тамақ берілсе де, көптеген оқушылар одан бас тартады. Бұл азық-түліктің дұрыс пайдаланылмауына, тіпті кейде ысырап болуына әкеледі.
2017-2023 жылдары мемлекет білім беру ұйымдарының тамақтану шығындарын 2,5 есеге арттырды (78,3 млрд теңгеден 196,6 млрд теңгеге дейін). Алматы қаласында шығын 4 есе өсті (10,3 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге дейін). Ал Алматы облысында 3 есе артты (5,3 млрд теңгеден 15,5 млрд теңгеге дейін).
Шығыс Қазақстан облысында соңғы 6 жылда шығын деңгейі өзгерген жоқ — 2023 жылы шамамен 4,5 млрд теңгені құрады. Бұл өңірден халықтың көшуі мен төмен туу деңгейін көрсетеді. Ақмола облысында да ұқсас жағдай байқалады: мұнда шығындар тек 32%-ға өскен.

Ата-аналардың балаларды тамақтандыруға жұмсайтын шығындары да ұқсас. Алматы облысында ата-аналар шығындарын 3 есе көбейтті (4,4 млрд теңгеден 12 млрд теңгеге дейін), ал Алматы қаласында 2,2 есе арттырды (9,2 млрд теңгеден 20,6 млрд теңгеге дейін).
Ең төменгі ата-аналық шығын Шығыс Қазақстанда тіркелген: 16%-ға ғана артқан (3,1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін).
Қазақстанда шамамен 1,7 млн оқушы тегін тамақ алады. Оның 82%-ы бастауыш сынып оқушылары (1,4 млн бала), ал қалған 18%-ы (340 мың бала) әлеуметтік осал топқа жатады.
Мектептегі бір порция тегін тамақтың орташа құны – 630 теңге. Ең қымбат тамақ Астана қаласында – 950 теңге, Алматыда – 850 теңге, Ақмола облысында – 715 теңге. Ал ең төменгі бағалар Ұлытау, Алматы және Жамбыл облыстарында – 500 теңге шамасында.
Тағы бір маңызды мәселе – кейбір мектептерде асханалары жоқ. Қазақстандағы 403 мектепте асханалық орындар қарастырылмаған.
19 қарашада ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілетінін айтты. Бұл шара сапаны жақсартуға бағытталған.
Ұсыныстар:
1. Тамақтану шығындарын инфляция деңгейіне жыл сайын сәйкестендіру.
2. Әр аймақта азық-түлік бағасын талдау үшін ірі сауда желілеріне онлайн-дүкендер ашуды ынталандыру.
3. Асханасы жоқ мектептерде Жапония үлгісімен сыныптарда ланч-бокс тарату:
◦ СУСН балаларға – мемлекет тарапынан;
◦ Қалған балаларға – ата-аналардың өз есебінен.
4. Кейбір мектептерде «швед үстелі» жүйесін сынақтан өткізу.
5. Балалар арасында азық-түлікті үнемді пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу:
◦ Мысалы, Финляндиядағы lessfoodwaste.fi калькуляторын енгізу.
6. Мәзірдегі кейбір тағамдардың рецептері мен түрлерін жаңарту. Ата-аналар мен балалардың ұсыныстарын ескере отырып, тағамның пайдалы әрі тартымды болуын қамтамасыз ету үшін дегустация өткізу.
Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы


