1997-1998 жылдардағы Азия қаржы дағдарысы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін ауыр сынақ болды. Көптеген мемлекеттер, соның ішінде Индонезия, Тайланд және Оңтүстік Корея халықаралық қаржы ұйымдарының ұсыныстарына сүйенді. Бірақ Малайзия өз жолын таңдады. Елдің сол кездегі премьер-министрі Махатхир Мохамад сыртқы қысымға көнбей, экономикалық егемендікті сақтауды, ұлттық бизнесті қолдауды және ішкі нарықты күшейтуді басты мақсат етті.
1997 жылға дейін Малайзия экономикасы шетелдік инвестиция мен экспортқа негізделген тұрақты өсім көрсетті. Алайда, оның осал тұстары да болды: қысқа мерзімді сыртқы капиталға тәуелділік және жеке сектордың қарызының көбеюі. 1997 жылы инвесторлар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен қаржысын жаппай әкете бастағанда, малайзиялық ринггит күрт құнсызданып, банк жүйесі дағдарысқа ұшырады.
Малайзия халықаралық қаржы ұйымдарының көмегінен бас тартты, себебі олар бюджет шығындарын қысқарту, қаржы нарығын либерализациялау және экономиканы шетелдік капиталға толық ашу сияқты қатаң талаптар қойды. Оның орнына, Малайзия мүлде басқа стратегияны таңдады:
Ұлттық валютаны тұрақтандыру
• Капиталдың елден шығуына шектеу қойылды;
• Ринггиттің шетелде сатылуына тыйым салынды;
• АҚШ долларына қатысты ринггиттің бағамы 3,8 MYR деңгейінде тұрақтандырылды.
Ұлттық бизнесті қолдау
• Банктерді қайта капиталдандыру және проблемалық активтерді сатып алу үшін арнайы агенттік құрылды;
• Қаржылай қиындыққа тап болған кәсіпорындарға жеңілдетілген несие берілді;
• Шетелдік инвесторларға стратегиялық активтерді сатып алуға шектеу қойылды;
• Мемлекеттік сатып алулар арқылы жергілікті компанияларға қолдау көрсетілді;
• Экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту үшін өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласы дамытылды.
Бюджеттік шығындарды қысқартудан бас тарту
• Әлеуметтік бағдарламалар сақталды;
• Ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті;
• Халықтың төлем қабілеттілігін арттыру үшін ішкі сұранысқа серпін берілді.
Бұл қадамдар экономикалық құлдыраудың алдын алуға мүмкіндік берді. 2000 жылға қарай Малайзия экономикасы қайта өсу жолына түсті, ал жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен деңгейде сақталды. Маңыздысы – ел өз активтерін шетелдік корпорациялардың бақылауына бермей, ұлттық мүддені қорғап қала алды.
Қазақстан үшін қандай сабақ алуға болады?
Малайзияның тәжірибесі халықаралық ұйымдардың стандартты ұсыныстарына соқыр сенудің қажет еместігін көрсетеді. Қазақстан бүгінгі таңда бюджет тапшылығы және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан біз үшін келесі сабақтарды ескерген жөн:
✅ Экономикалық патриотизмді күшейту – Қазақстан өз экономикалық мүдделерін ЕАЭО мен ДСҰ шеңберінде тиімді қорғауы керек.
✅ Салықтарды көтермей, көлеңкелі экономиканы қысқарту – Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту және цифрландыру арқылы салық түсімдерін арттыру.
✅ Стратегиялық активтерді сатудан бас тарту – Экономикалық қиын кезеңдерде ұлттық ресурстарды және ірі кәсіпорындарды шетелдіктерге бермеу.
✅ Ішкі сұранысты ынталандыру – Ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы экономиканы дамыту. Мысалы, Қазақстан мен Қытай бірігіп, Хоргостан Құрық портына дейінгі темір жол құрылысын жүзеге асыра алады.
✅ Шағын және орта бизнесті қолдау – Мемлекеттік сатып алуларды барынша ашық әрі әділ етіп, жергілікті кәсіпкерлерге басымдық беру.


