EC[ON]OMY

Мәдениет – бейресми институт ретінде

Мәдениет экономикалық дамуға айтарлықтай әсер етеді. Бұл – институционалдық экономика саласындағы көптеген зерттеулер дәлелдеген шындық. Мұнда мәдениет – белгілі бір қоғамның көпшілік тобына тән құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы ретінде қарастырылады. Олар уақыт өте баяу өзгереді. Экономистер Луиджи Зингалис пен Альберто Алесина мәдениетті экономикалық шешім қабылдауға әсер ететін маңызды фактор деп есептейді. Ал бұл, өз кезегінде, елдердің даму бағытына тікелей ықпал етеді. Енді басты сұрақ: мәдениет экономикаға қалай әсер етеді және оны өзгерту арқылы өсімге қол жеткізу мүмкін бе?

Оңтүстік Кореяның тәжірибесі мәдени ерекшеліктерді – мысалы, рулық байланыстар мен күріш өсіру дәстүрлерін – заманауи экономикамен үйлестіріп, ірі өнеркәсіп алпауыттарын құруға болатынын көрсетті. Samsung сияқты корей чеболдары (корпорациялар тобы) дәстүрлі әлеуметтік құрылымға сүйеніп, оны жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеді. Бұл – ескі институттарды жою міндетті емес екенін, керісінше, оларды тиімді түрде жаңартуға болатынын көрсететін мысал.

Алайда кейбір мәдени нормалар даму жолында кедергіге айналуы мүмкін. Мәселен, Ресейдегі экономикалық мәдениетке арналған зерттеулер, атап айтқанда Герта Хофстеде моделі бойынша, бұл елде белгісіздіктен қашу деңгейі жоғары екені байқалады. Яғни, алдағыны жоспарлауға құлықсыздық, жаңа жағдайлардан қорқу басым. Мұндай көзқарас инновацияны тежейді, инвестицияларды шектейді, реформаларға жол бермейді. Яғни бұл – экономикалық өсімге зиян келтіретін «уытты» мәдени код.

Германияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі екіге бөлінуі және бірнеше онжылдықтан соң қайта бірігуі – мәдени өзгерістерді зерттеу үшін өте құнды мысал. Альберто Алесина және оның әріптестері «Good-bye Lenin (or Not?)» атты зерттеуінде, Шығыс пен Батыс Германия тұрғындарының құндылықтары мен мәдени көзқарастары қайта біріктірілгеннен кейін шамамен 25 жылдан соң ғана жақындай бастағанын анықтаған. Толықтай ұқсас болу үшін 40 жылға жуық уақыт қажет болған. Бұл Мысырдан шыққан еврей халқының 40 жыл бойы шөлде жүріп, ескі құлдық санадан арылу жолын еске салады.

Иә, мәдени көзқарастарды өзгертуге болады. Бірақ бұл – біртіндеп жүретін күрделі процесс. Бұған білім беру жүйесі мен әлеуметтік бастамалар арқылы әсер етуге болады. Мысалы, «қателік мәдениетін» (failure culture) дамыту – болашаққа сеніммен қарауға, белгісіздікке төтеп беруге үйрететін құрал. Бұл тәсіл қателесуден қорықпауға, әр сәтсіздікті үйрену мүмкіндігі ретінде қабылдауға жол ашады. Мұндай көзқарасты насихаттау – инновация мен жауапкершілік мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Қазақстанда да мәдени көзқарастарды жаңғырту мәселесі – экономикалық тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін маңызды. Елде дәстүрлі әлеуметтік құрылымдар – әсіресе, ру-тайпалық байланыстар – әлі күнге дейін үлкен рөл атқарады. Олар тарихта елдің тіршілік етуіне көмектескенімен, қазіргі заманда ашықтық пен дербестікке, жаңа бастамаларға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан модернизация барысында бұл тарихи-мәдени ерекшеліктерді ескеріп, артықшылықтарын сенім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға пайдалану қажет. Ал зиян келтіретін тұстарын біртіндеп, ұқыпты түрде өзгерту керек.

 
Қуаныш Бейсенғазин, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы, арнайы www.economyKZ.org үшін
 

Scroll to Top