EC[ON]OMY

Какао тапшылығы: Қазақстандағы шешімдер мен жаңашылдық

2024 жылдың соңында әлемдік какао нарығы бұрын-соңды болмаған дағдарысқа тап болды. Желтоқсан айында какао бұршақтарының фьючерстік бағасы тарихи максимумға жетіп, шамамен тоннасына 12 мың долларды құрады. Бір жылдың ішінде баға 2,8 есеге өсті. Салыстыру үшін айтсақ, 2020-2023 жылдар аралығында мұндай өсімнің жартысы да болмаған.

Негізгі себеп — Кот-д’Ивуар мен Ганада какао өндірісінің күрт қысқаруы. Бұл екі ел әлемдік ұсыныстың шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл дағдарыстың әсері тек биржамен шектелмей, өте тез арада қарапайым тұтынушыларға да жетті.

Қазір какао дағдарысы тек бағаға емес, өнімнің өзіне де әсер етіп отыр. Ірі халықаралық брендтер какао үлесін азайту жолдарын іздеп, балама ингредиенттер мен зертханалық қоспаларды қолдана бастады. Бірақ мұның да шегі бар. Көп елде какао мөлшері азайтылған өнімді енді заңды түрде «шоколад» деп атауға болмайды.

Қазақстанның импортқа тәуелділігі

Қазақстан бұл дағдарысқа әсіресе осал болып шықты. Себебі біз какао мен шоколадқа қатты тәуелдіміз. 2024 жылы ел шоколад пен какао қосылған өнімдерді 371,6 млн долларға импорттады, ал экспорт көлемі небәрі 94,4 млн долларды құрады. Яғни нарық шикізат жағынан да, дайын өнім жағынан да негізінен импортқа сүйеніп отыр.

Осының аясында елдегі шоколад бағасы рекордтық қарқынмен өсуде:

  • ⁠ ⁠2025 жылдың қаңтар-қазан айларында баға 36 пайызға өсті;
  • ⁠ ⁠баға өсімі 78 ай қатарынан тоқтаған жоқ. Бұл азық-түлік нарығы үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.

Ең айқын мысал — көп жылдан бері ұлттық гастрономиялық символ ретінде қабылданып келген 100 граммдық «Қазақстан» шоколады:

  • ⁠ ⁠2020 жыл — 370 теңге
  • ⁠ ⁠2021 жыл — 420 теңге
  • ⁠ ⁠2022 жыл — 480 теңге
  • ⁠ ⁠2023 жыл — 600 теңге
  • ⁠ ⁠2024 жыл — 720 теңге
  • ⁠ ⁠2025 жыл — 1069 теңге

Нәтижесінде бес жылдың ішінде баға шамамен үш есе өсті. Күнделікті өнім біртіндеп шартты түрде «премиум» санатына өтіп барады.

Тағы бір маңызды жайт — Қазақстанда шоколад пен кондитер өнімдерінің өндірісі екінші жыл қатарынан азайып жатыр:

  • ⁠ ⁠2025 жылдың қаңтар-қазан айларында -2,9%
  • ⁠ ⁠бір жыл бұрын құлдырау -14,8% болған

Отандық фабрикалардың ішкі сұранысты қамтудағы үлесі 43 пайыздан 39 пайызға дейін төмендеді, ал импорт көлемі керісінше 12,8 пайызға артты. Бұл дегеніміз — баға өсіп жатыр, бірақ жергілікті қосылған құн артпай отыр. Ақша барған сайын сыртқа кетуде.

Не істеуге болады

Какао дағдарысы — ұлттық өнімдерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік. Дәстүрлі өнімдерді дамыту. Жент, құрт, талқан сияқты дәнді дақылдар мен сүтке негізделген өнімдер импортқа тәуелді емес. Олар мәдени тұрғыдан да құнды. Дұрыс қаптама, ыңғайлы формат пен заманауи дизайн арқылы бұл өнімдерді жаңа деңгейге шығаруға болады.

Жаңа «тәтті сәйкестік» қалыптастыру. Шоколадты көшіре берудің орнына, жергілікті шикізатқа негізделген өз десерт санатымызды дамытуға болады. Астық, бал, құрғақ жеміс, сүт өнімдері — бәрі бар. Жергілікті өндірушілерді қолдау. Мемлекеттік және квазимемлекеттік бағдарламалар импорттық шикізатты субсидиялауға емес, жергілікті өнімді терең өңдеугебағытталуы керек.

Экспортқа қайта бет бұру. Дұрыс брендтелген, сапалы қапталған дәстүрлі өнімдер жаһандық шикізат дағдарысына тәуелді болмайтын экспорттық тауарға айнала алады.

Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading