EC[ON]OMY

Еуроодақта бедел – заң, ал Қазақстанда әлі де “жұмсақ құқық” жұмыс істейді

Жақында Италияда үлкен резонанс тудырған оқиға болды: Милан соты әлемге танымал Loro Piana брендіне (LVMH тобына кіреді) қатысты тарихи шешім қабылдады – компания бір жылға сыртқы басқаруға берілді. Себеп – компанияның мердігер фабрикаларында еңбек құқығының өрескел бұзылуы. Кейбір тапсырыстар заңсыз цехтарға беріліп, онда мигранттар 90 сағаттан артық жұмыс істеп, 1 сағатқа 4 еуро алатын және сол жердің өзінде тұруға мәжбүр болған.

Бұл оқиға бизнес беделінің енді жай ғана имидж емес, мемлекеттің өзі қорғайтын стратегиялық актив екенін көрсетті. Бұл – тек бір ғана мысал емес. Соңғы екі жылда Dior, Armani және басқа да сән үйлері де Италияның мемлекеттік санкцияларына іліккен. Себебі – Made in Italy маркасы жай ғана бренд емес, миллиардтаған еуро табыс әкелетін экономикалық құндылық. Осындай даулар елдің сенімді жеткізуші ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтіреді.

Сондықтан Еуроодақ елдері репутациялық тәуекелдерді жүйелі түрде реттеуге кірісті – бұдан былай ол заң деңгейінде міндеттеледі.

Бұрын компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі ерікті кодекстерге негізделсе, қазір бұл заңмен бекітілген міндет. 2024 жылы ЕО-да корпоративтік тұрақтылық және тиісті тексеру туралы директива күшіне енді. Ол ірі компанияларды адам құқықтары мен экологияға байланысты тәуекелдерді жеткізу тізбегінің барлық деңгейінде тексеруге міндеттейді.

Ережені орындамаған компаниялар әлемдік табысының 5%-на дейінгі айыппұлмен жазаланады.

Бұл директива 13 мың еуропалық және 4 мыңнан астам ЕО-мен жұмыс істейтін шетелдік компанияларға таралады. Қазірдің өзінде компаниялар бұл талаптарды енгізуге жыл сайын орта есеппен €225 мың жұмсайды. Бірақ бұл сома бедел жоғалтудан келетін шығынмен салыстырғанда – түк емес.

Директиваның қабылдануы – өзін-өзі реттеудің жеткіліксіздігінен туған қажеттілік. Компаниялар әдетте тек жанжал шыққаннан кейін әрекет етеді. Сондықтан мемлекет мәселені мәжбүрлеу арқылы шешуге мәжбүр.

Мөлдірлік пен жауапкершілікті елемеу компанияларға тек имидждік емес, ірі қаржылық залал әкеледі.

Бұған мысал – United Airlines оқиғасы. 2009 жылы компания музыканттың сындырып алған гитарасына ($3,5 мың) өтемақы төлеуден бас тартты. Музыкант «United Breaks Guitars» атты сатиралық ән шығарып, ол бірден вирусқа айналды. Қоғамдық реакция нәтижесінде компания акциясы 10%-ға төмендеп, шығын $180 млн болды. Тек содан кейін ғана компания кешірім сұрап, өтемақы ұсынды. Бірақ беделге келген соққы орны толмас болды.

Тағы бір мысал – Boohoo. 2020 жылы британдық БАҚ компанияның Лестердегі фабрикаларында жұмысшыларға заңды минималды жалақының жартысындай ғана – £3,50 төлегенін, ал еңбек жағдайлары санитарлық талаптарға сай еместігін әшкереледі. Бұдан кейін компанияның акциясы 23%-ға құлдырап, нарықтық құны £1,1 млрд-қа төмендеді.

Мұндай жағдайлар компаниялар көбіне тек қаржылық соққыдан кейін ғана әрекет ететінін көрсетеді. Сондықтан ЕО бұл мәселеде превентивті жауапкершілікті институционалдандыруды шешті – яғни, компанияларды заңмен алдын ала тәуекелді болжауға және оны азайтуға міндеттейді.

Экономикалық мағынасы – түсінікті: беделінен айырылған компания клиентін, инвесторын, қаржылық серіктесін жоғалтады. PwC дерегіне сәйкес, 2024 жылы жаһандық инвесторлардың 80%-дан астамы инвестициялық шешім қабылдағанда ESG көрсеткіштерін есепке алған.

ESG талаптарын елемеу – капитал тарту құнын арттырады, инвестициялық воронканы тарылтады, ел экономикасы үшін де залал алып келеді: салық азаяды, инвестициялық бедел төмендейді, экспорттық нарықтарда позиция әлсірейді.

Тіпті бұл тек қаржымен шектелмейді. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлемде 28 млн адам мәжбүрлі еңбек жағдайында, ал Оңтүстік Азиядағы фабрикалардың 45%-ы әлі де қауіпсіздік талаптарына сай емес. Бұндай бейжайлық тек капиталға емес, адам өміріне қауіп төндіреді.

Қазақстан – дәл қазір ЕО-ның бұрын жүрген жолында: мәселені «жұмсақ құқықпен» шешіп жатыр. Алайда ЕО тәжірибесі көрсеткендей, ерікпен жұмыс істейтін жүйе – тиімсіз.

Теорияда бәрі дұрыс: 2017 жылы Қазақстан ОЭСР-дің жауапты бизнес жүргізу жөніндегі ұсынымдарына қосылып, Ұлттық байланыс орталығын (ҰБО) құрды. Бұл орган бизнес пен қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз етуі, шағымдарды қарауы және стандарттарды ілгерілетуі тиіс.

Алайда іс жүзінде бұл механизм өте әлсіз. 2012 жылдан бері бар болғаны 7 шағым ғана қаралған. ҰБО шешімдері – кеңес сипатында, заңдық күші жоқ. Санкция да жоқ, қоғамдық қысым да әлсіз болғандықтан, қазақстандық бизнес due diligence жүйесіне инвестиция құлшынысы сезбейді.

Тағы бір кедергі – «жұмсақ құқықтың» қоғамдық және құқықтық мәдениеттегі әлсіз орны. ОЭСР принциптері отандық заңнамаға енгізілмеген, ал институттарға деген сенім – төмен. Мұның бәрі Қазақстанды жоғары тәуекелді ел ретінде көрсетеді. Walk Free Index мәліметінше, елде әр 1000 адамның 11,1-і – қазіргі заманғы құлдық жағдайында өмір сүреді. Бұл – өңірлік орташа көрсеткіштен де жоғары.

Қазақстан декларативті модельден нақты талаптар жүйесіне өтуі қажет. Ол үшін:

  • ⁠ ⁠Жауапты бизнес жүргізу принциптерін заңмен бекіту;
  • ⁠ ⁠Due diligence элементтерін нормативтік реттеуге енгізу;
  • ⁠ ⁠Орындамауға қатысты санкциялар қарастыру.

Сондай-ақ, ҰБО-ны түбегейлі реформалау керек – ол символикалық орган емес, нақты құқықтық құралға айналуы тиіс.

Қосымша шаралар:

  • ⁠ ⁠ESG көрсеткіштерін мемлекеттік сатып алуларда ескеру;
  • ⁠ ⁠Адал жеткізушілер тізімін қалыптастыру;
  • ⁠ ⁠Қоғамды ақпараттандыруды күшейту.

ESG стандарттары дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігі тек ЖІӨ емес, бизнес қаншалықты мөлдір әрі жауапты екенімен де өлшенеді.

Бүгінгі жаһандық экономикада репутация – жаңа валюта. ЕО – бұл валютаға нақты құндылық беріп, мөлдірлік пен жауапкершілікті заңмен міндеттеді.

Қазақстан таңдау алдында тұр: әлемдік стандартқа бет бұра ма, әлде «жұмсақ ұсыныстармен» шектеле ме? Уақыт жоғалту бағасы – нарықтан айырылу, инвестиция азаюы, елдің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі және ең бастысы – адам өмірінің құнсыздануы.

 
Индира Бейсекеева, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top