EC[ON]OMY

Еңбегіңіз қанша тұрады?

Бір мамандық иелері неге әртүрлі жалақы алады? Біліктілік, сала, өңір және жас табысқа қалай әсер етеді? Ал жалақы отбасының әл-ауқатына қалай айналады?

Орташа жалақы туралы жаңалық шыққан сайын пікірлерден бір сұрақты көремін: «Бұл кімнің орташа жалақысы?» Мұндай реакция түсінікті. Адамға ел бойынша орташа көрсеткіштен гөрі өзінің неге дәл осынша алатыны маңызды. Оның еңбегі қалай бағаланады? Табысын өсіру үшін не қажет? Оқу керек пе, мамандықты ауыстыру керек пе, әлде басқа жұмыс орнын іздеу керек пе?

Мен Қазақстандағы жалақының жай-күйін және оның неге байланысты екенін түсініп көргім келді. Ол үшін орташа көрсеткіштің ішіне үңіліп, мамандықтар, салалар, өңірлер, біліктілік және жас топтары бойынша айырмашылықтарды қарастырдым.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректерінде ойландыратын салыстырулар бар.

Мұнай және газ өндіру саласындағы өндірістік және қызметтік үй-жайларды тазалаушы айына орта есеппен 440 575 теңге алады. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы бухгалтердің жалақысы 214 637 теңге.

Ел бойынша жүргізушінің орташа жалақысы 328 147 теңге. Мұнай және газ өндіруде бұл көрсеткіш 1 005 331 теңгеге жетеді. Жиһаз өндірісінде 124 235 теңге болады. Айырмашылық сегіз еседен асады.

Бұл мұнай саласындағы жүргізуші сегіз есе біліктірек деген сөз бе? Немесе тазалаушының еңбегі бухгалтердің еңбегінен қоғам үшін құндырақ па? Мұндай қорытынды жасауға болмайды. Жалақы қызметкердің өзіне ғана байланысты емес. Оған жұмыс орнының экономикалық жағдайы, еңбекке сұраныс, жұмыс шарттары және еңбекақы төлеу тәртібі де ықпал етеді.

Сондықтан жеке адамның жалақысын түсіну үшін оның біліктілігін жұмыс орнымен бірге қарастыру қажет. Ал халықтың табысын түсіну үшін бұған экономикадағы жұмыс орындарының сапасын және ақшаның сатып алу қабілетін қосу керек.

Алдымен жалақы мен табысты ажыратайық

Жалақы — жалдамалы қызметкердің еңбегі үшін алатын ақысы.

Ал отбасының табысы бұдан кең ұғым. Оған кәсіпкерліктен және өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін кіріс, зейнетақы, жәрдемақы, мүліктен алынатын табыс және басқа да түсімдер кіруі мүмкін. Жалақысы бірдей екі отбасының тұрмыс деңгейі де әртүрлі болуы ықтимал. Бір отбасында екі адам жұмыс істейді, екіншісінде бір адамның табысына бірнеше адам күн көреді. Бірінің өз баспанасы бар, екіншісі пәтер жалдайды. Көлікке, денсаулыққа, білімге және қарызды өтеуге кететін шығындар да бірдей емес.

Сондықтан жалақы статистикасы халық табысының маңызды бөлігін көрсетеді. Бірақ отбасының бүкіл қаржылық жағдайын сипаттамайды. Әуелі еңбекке ақы төлеудің қалай қалыптасатынын қарастырайық. Содан кейін оны отбасының әл-ауқатымен байланыстырамыз.

Айлық және сағаттық жалақы нені көрсетеді?

Талдау Ұлттық статистика бюросының «Жалақының құрылымы және бөлінуі туралы есеп» атты 2-Т жылдық статистикалық нысанына негізделген. Деректер 2026 жылғы сәуірді толық жұмыс істеген қызметкерлерді қамтиды. Ай ішінде жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан шыққан адамдар бұл есепке кірмейді.

Тағы бір маңызды ерекшелік бар: мұнда салықтар мен міндетті ұсталымдарға дейінгі есептелген жалақы көрсетілген. Бұл қызметкердің қолына түсетін таза сома емес. Сондай-ақ бұл көрсеткіштер барлық жұмыс істейтін азаматтардың, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысын түгел қамтымайды.

Айлық жалақыға жұмыс істелген уақыт, сыйақы, үстемеақы және жұмыс кестесі әсер етеді. Сондықтан жоғары айлық әрдайым бір сағат еңбектің соншалықты жоғары бағаланатынын білдірмейді. Сағаттық жалақы жұмыс уақытының ұзақтығын ескеруге көмектеседі. Бірақ ол да міндеттердің күрделілігін, еңбек жағдайын немесе төлемдердің құрамын толық теңестірмейді.

Бұған қоса, айлық деректер нақты мамандықтар бойынша, ал сағаттық деректер көбіне ірі кәсіптік топтар бойынша берілген. Мысалы, мұнай және газ өндірудегі жүргізушінің айлығы елдегі жүргізушілердің орташа жалақысынан шамамен 3,1 есе жоғары. Ал тау-кен өндіру саласындағы операторлар, құрастырушылар мен жүргізушілерді біріктіретін топтың сағаттық жалақысы 4 182 теңге, ел бойынша осы топта 2 636 теңге. Айырмашылық шамамен 1,6 есе.

Осы екі арақатынастың арасындағы алшақтықты түгелдей қосымша жұмыс уақытымен түсіндіруге болмайды. Салыстырылып отырған мамандықтар мен салалардың шекарасы бірдей емес.

Дұрыс салыстыру үшін айлықты да, сағаттық төлемді де, жұмыстың мазмұны мен жағдайын да қарастыру қажет.

Біліктілік: қандай дағды үшін көбірек төлейді?

Ел бойынша орташа сағаттық жалақы 2 508 теңге болған.

Таңдап алынған төрт кәсіптік топта айырмашылық мынадай:

  • Біліктілігі жоқ жұмысшылар — 1 096 теңге.
  • Өндірістік жабдықтар мен машиналардың операторлары, құрастырушылар және жүргізушілер — 2 636 теңге.
  • Кәсіби мамандар — 2 680 теңге.
  • Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер — 4 435 теңге.

Соңғысы статистикадағы біріктірілген топ екенін ескеру керек. Оның көрсеткішін тек жеке компания басшыларының жалақысы ретінде түсіндіруге болмайды. Осы төрт топтың ең төменгі және ең жоғарғы көрсеткіштері шамамен төрт есе ерекшеленеді.

Басқа топтар да еңбек нарығының құрылымын көрсетеді. Қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердің сағаттық жалақысы 1 267 теңге, техник мамандар мен өзге де көмекші кәсіби персоналдікі 1 948 теңге. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас кәсіптердегі білікті жұмысшыларда 2 411 теңге.

Айлық жалақы бойынша нақты мамандықтарды қарастырсақ, айырмашылық айқынырақ көрінеді.

Қызмет көрсету және қосалқы жұмыстарда күзетші орта есеппен 174 226 теңге, тазалаушы 201 738 теңге, қосалқы жұмысшы 217 448 теңге алады.

Техникамен жұмыс істейтін мамандықтарда:

  • Жүргізуші — 328 147 теңге.
  • Кран машинисі — 482 837 теңге.
  • Бульдозер, автогрейдер және скрепер машинистері — 554 572 теңге.
  • Экскаватор машинисі — 565 104 теңге.

Кәсіби мамандар арасында:

  • Мейіргер — 264 636 теңге.
  • Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі — 271 309 теңге.
  • Бухгалтер — 398 577 теңге.
  • Орта және бастауыш білім беру мұғалімдері — 415 042 теңге.
  • Дәрігер — 491 385 теңге.
  • Экономист — 511 843 теңге.
  • Заңгер — 541 967 теңге.
  • Инженер — 702 040 теңге.

Басқару қызметтерінде мамандандырылған бөлімше басшысының орташа айлығы 715 233 теңге, департамент басшысынікі 863 484 теңге, цех басшысынікі 938 340 теңге, ұйым басшысынікі 1 101 149 теңге.

Бұл айлық көрсеткіштерді жоғарыдағы сағаттық топтардың дәл баламасы деп қабылдауға болмайды. Олар нақты кәсіптердегі төлем деңгейін көрсету үшін келтірілген.

Сағаттық деректердегі арақатынас қызық. Біліктілігі жоқ жұмыстан операторлар мен жүргізушілер тобына өткенде орташа төлем 2,4 есе жоғарылайды. Операторлар тобынан кәсіби мамандар тобына өткенде айырмашылық небәрі 1,7%. Ал кәсіби мамандар мен басшылар және мемлекеттік қызметшілер тобының арасында шамамен 65% бар.

Демек, білім деңгейлерін бірінен кейін бірін тізу жалақының қалай қалыптасатынын толық түсіндірмейді. Дағдыға сұраныс және оны қай жерде қолданатыныңыз маңызды.

Еңбегіңіз қанша тұрады?

Техникамен жұмыс істейтін кәсіптердегі айырмашылық неге үлкен?

Біліктілігі жоқ жұмысшылар мен операторлар, құрастырушылар және жүргізушілер тобының арасында сағатына 1 540 теңге айырма бар. Таңдап алынған төрт топтың ішінде көршілес топтар арасындағы ең үлкен салыстырмалы айырмашылық осы жерде байқалады.

Нақты мамандықтарда да алшақтық бар. Қосалқы жұмысшының орташа айлығы 217 448 теңге, экскаватор машинисінікі 565 104 теңге. Екіншісі шамамен 2,6 есе жоғары.

Бірақ осы айырмашылықтың бәрін тек біліктіліктің нәтижесі деп есептеуге болмайды. Қызметкерлер әртүрлі салаларда, өңірлерде және жұмыс кестелерімен еңбек етуі мүмкін.

Дегенмен бірнеше ықтимал тетік бар.

Біріншісі — дайындықтың күрделілігі. Техниканы басқару үшін арнайы оқу, тәжірибе және кей жағдайда рұқсат қажет. Мұндай талаптар үміткерлер санын шектейді.

Екіншісі — қателіктің құны. Қымбат жабдықтың тоқтап қалуы, өндірістегі ақау немесе қауіпсіздікке төнген қатер жұмыс беруші үшін елеулі шығын болуы мүмкін. Бұл басқа мамандықтарда жауапкершілік жоқ дегенді білдірмейді. Бірақ нақты жұмыс орнында оның еңбекақыға ықпалы әртүрлі болады.

Үшіншісі — қызметкерді алмастырудың қиындығы. Қажетті маман тапшы болса, оның еңбек жағдайын келісудегі мүмкіндігі күшеюі ықтимал.

Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас кәсіптердегі білікті жұмысшылардың сағаттық жалақысы 2 411 теңге. Бұл біліктілігі жоқ жұмысшылар көрсеткішінен шамамен 2,2 есе жоғары.

Айлық деректерде токарь 474 611 теңге, слесарь 427 209 теңге, кірпіш қалаушы 412 638 теңге, газбен дәнекерлеуші 383 538 теңге алады.

Мұндай кәсіптердің бәрі жоғары оқу орнын бітіруді талап етпейді. Бірақ кәсіби дайындық пен тәжірибе қажет.

Осыдан шығатын практикалық тұжырым: жаңа дағды жұмыс берушіге қажет болып, ол үшін ақы төленгенде ғана табыс мүмкіндігіне айналады. Оқудың қайтарымы оның құнына, еңбекке сұранысқа және кейін қандай жұмыс табылатынына байланысты.

1,7% айырманың сыры: елдік орташа көрсеткіш нені жасырады?

Операторлар, құрастырушылар мен жүргізушілер тобындағы 2 636 теңге және кәсіби мамандар тобындағы 2 680 теңге бір-біріне жақын. Бірақ бұдан «жоғары білімнің пайдасы жоқ» деген қорытынды шықпайды.

Жекелеген салалардың ішінде кәсіби мамандардың сағаттық жалақысы операторлар тобынан едәуір жоғары:

  • Өңдеу өнеркәсібінде — шамамен 21%.
  • Тау-кен өндіруде — 29%.
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде — екі есеге жуық.
  • Білім беруде — 2,2 есе.
  • Ақпарат және байланыс саласында — 2,34 есе.

Елдік орташа көрсеткішке кәсіптік топтардың салалар бойынша әркелкі орналасуы әсер етуі мүмкін. Мысалы, тау-кен өндіруде операторлар тобы сағатына 4 182 теңге алады. Ал білім берудегі кәсіби мамандарда 2 180 теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердегі мамандарда 2 526 теңге.

Егер бір топтың ішінде жоғары ақы төлейтін салалардағы қызметкерлердің үлесі көбірек болса, оның елдік орташа көрсеткіші де жоғары болады. Бұл әсерді нақты өлшеу үшін әр топтағы қызметкерлер саны мен олардың салалық үлестері қажет. Сондықтан қолдағы салыстырумен ғана статистикадағы Симпсон парадоксы толық дәлелденді деуге болмайды. Бірақ біріктірілген көрсеткіштердің ішкі айырмашылықтарды жасыруы мүмкін екенін көреміз.

Айлық деректер де осыны еске салады. Экскаватор машинисі 565 104 теңге, кран машинисі 482 837 теңге, орта және бастауыш білім беру мұғалімдері 415 042 теңге, мейіргер 264 636 теңге, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі 271 309 теңге алады. Бұл дипломның жеке әсерін өлшейтін салыстыру емес. Мұнда мамандықпен бірге сала, жұмыс орны және еңбек жағдайы өзгереді.

Сондықтан «оқу керек пе?» деген сұрақпен шектелмеген дұрыс. «Қандай мамандыққа, қай салада және қандай жұмыс орнына дайындаламын?» деген сұрақ әлдеқайда нақты.

Сала дағдыны қолданудың экономикалық жағдайын айқындайды

Кәсіби мамандар мен біліктілігі жоқ жұмысшылардың сағаттық жалақысын бір саланың ішінде салыстырсақ, айырмашылық әркелкі.

Ақпарат және байланыс саласында көрсеткіштер 4 821 теңге және 1 328 теңге. Арақатынас шамамен 3,6 есе.

Қаржы және сақтандыруда 5 033 теңге және 1 589 теңге, яғни 3,2 есе.

Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 3 502 теңге және 1 109 теңге. Айырмашылық та шамамен 3,2 есе.

Тұру және тамақтану бойынша қызметтерде арақатынас 2,9 есеге жуық.

Басқа салаларда айырмашылық төменірек:

  • Сумен жабдықтау және қалдықтармен жұмыс істеуде — 2 147 теңге және 1 313 теңге, шамамен 1,6 есе.
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығында — 2 167 теңге және 1 170 теңге, шамамен 1,9 есе.
  • Энергетикада — 2 956 теңге және 1 505 теңге, шамамен екі есе.
  • Өңдеу өнеркәсібінде — 3 490 теңге және 1 686 теңге, шамамен 2,1 есе.

Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер тобының көрсеткішін біліктілігі жоқ жұмысшылармен салыстырғанда қаржы және сақтандыруда айырмашылық 6,9 есе, ақпарат және байланыста алты есеге жуық. Көлік саласында және мемлекеттік басқаруда шамамен 2,7 есе.

Алайда жалақы айырмасының шағын болуы біліктіліктің маңызы төмен дегенді білдірмейді. Мысалы, өңдеу өнеркәсібіндегі біліктілігі жоқ жұмысшылар сағатына 1 686 теңге, ақпарат және байланыста 1 328 теңге алады. Ал кәсіби мамандарда, керісінше, ақпарат және байланыс көрсеткіші жоғары: 4 821 теңге, өңдеу өнеркәсібінде 3 490 теңге.

Яғни бір салада төменгі төлем деңгейі жоғарырақ, екіншісінде кәсіби мамандардың табыс мүмкіндігі кеңірек болуы мүмкін. Мемлекеттік сектордағы төлем ережелері, жеке компаниялардың кадр саясаты, технологиялар және кәсіпорын ресурстары еңбекке сұраныс пен ақы төлеуге ықпал етеді. Бірақ технологияның немесе жоғары түсімнің болуы қызметкер жалақысының автоматты түрде өсетінін білдірмейді.

Қолдағы деректер осы факторлардың әрқайсысының дербес әсерін өлшеуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен бір тұжырым анық: дағдының табысқа айналуы оны қандай экономикалық ортада қолданатыныңызға байланысты.

Бір мамандық — әртүрлі жалақы

Бірдей атаудағы мамандықтарды салыстыру саланың маңызын жақсы көрсетеді.

Тазалаушының орташа айлық жалақысы:

  • Жиһаз өндірісінде — 96 000 теңге.
  • Мектепке дейінгі білім беруде — 134 974 теңге.
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығында — 146 054 теңге.
  • Жалпы білім беру саласында — 154 621 теңге.
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде — 173 684 теңге.
  • Ел бойынша — 201 738 теңге.
  • Өңдеу өнеркәсібінде — 248 750 теңге.
  • Көлік және қоймалауда — 251 180 теңге.
  • Тау-кен өндіруде — 306 017 теңге.
  • Мұнай және газ өндіруде — 440 575 теңге.

Ең төменгі және ең жоғарғы көрсеткіштердің айырмасы шамамен 4,6 есе.

Күзетшілерде де осындай көрініс бар. Жиһаз өндірісінде орташа айлық 96 000 теңге, мектепке дейінгі білім беруде 140 980 теңге, тау-кен өндіруде 266 697 теңге, мұнай және газ өндіруде 367 009 теңге.

Бухгалтердің ел бойынша орташа жалақысы 398 577 теңге. Салалар бойынша:

  • Мектепке дейінгі білім беруде — 214 637 теңге.
  • Жалпы білім беру саласында — 278 367 теңге.
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығында — 337 765 теңге.
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде — 353 056 теңге.
  • Саудада — 457 650 теңге.
  • Өңдеу өнеркәсібінде — 512 123 теңге.
  • Көлік және қоймалауда — 523 829 теңге.
  • Қаржы және сақтандыруда — 632 861 теңге.
  • Тау-кен өндіруде — 796 648 теңге.
  • Мұнай және газ өндіруде — 1 034 289 теңге.

Мектепке дейінгі білім беру мен мұнай және газ өндіру арасындағы айырмашылық шамамен 4,8 есе.

Жүргізушілерде елдік орташа көрсеткіш 328 147 теңге болғанымен, салалық ауқым әлдеқайда кең:

  • Жиһаз өндірісінде — 124 235 теңге.
  • Мектепке дейінгі білім беруде — 166 271 теңге.
  • Білім беру саласында — 213 114 теңге.
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде — 227 917 теңге.
  • Саудада — 318 061 теңге.
  • Көлік және қоймалауда — 434 789 теңге.
  • Тау-кен өндіруде — 691 956 теңге.
  • Мұнай және газ өндіруде — 1 005 331 теңге.

Шеткі көрсеткіштердің айырмасы шамамен 8,1 есе.

Неліктен бұлай? Кәсіпорынның еңбек өнімділігі, жасайтын қосылған құны, шығындары мен пайдасы оның еңбекақы төлеу мүмкіндігіне әсер етеді. Бірақ жоғары түсімнің өзі жоғары жалақыға кепіл емес. Қаражаттың қалай бөлінетіні, кадр саясаты және қызметкердің келіссөз жүргізу мүмкіндігі де маңызды.

Бір мамандық атауының ішінде міндеттер де әртүрлі болуы мүмкін. Бухгалтер жүргізетін операциялардың күрделілігі, жүргізуші басқаратын көліктің түрі мен бағыты бірдей емес.

Қашықтағы нысанда жұмыс істеу, вахта, түнгі ауысым, ерекше еңбек жағдайы және үстемеақылар айлық соманы өзгерте алады. Сондықтан тек айлықты емес, жұмыс уақытын және соған байланысты шығындарды да салыстыру керек.

Бұл деректер басқа салаға ауысқан адамның жалақысы міндетті түрде осынша өседі дегенді білдірмейді. Бірақ кей жағдайда табысты арттыру жолын іздегенде қайта оқумен бірге өз мамандығыңызға басқа саладағы сұранысты да қарастырған жөн.

Біліктілік табыс табу мүмкіндігін қалыптастырады. Ал жұмыс орны сол мүмкіндіктің қаншалықты іске асатынын айқындайды.

Өңір: орташа жалақы сіздің мамандығыңызды толық сипаттамайды

Елдегі орташа сағаттық жалақы 2 508 теңге болса, ең жоғары көрсеткіштер мына өңірлерде байқалған:

  • Алматы қаласы — 3 471 теңге.
  • Астана — 3 286 теңге.
  • Маңғыстау облысы — 3 188 теңге.
  • Ұлытау облысы — 3 186 теңге.
  • Атырау облысы — 3 134 теңге.

Төменірек көрсеткіштер:

  • Түркістан облысы — 1 771 теңге.
  • Солтүстік Қазақстан облысы — 1 823 теңге.
  • Жетісу облысы — 1 847 теңге.
  • Жамбыл облысы — 1 866 теңге.

Алматы қаласы мен Түркістан облысының айырмашылығы шамамен 1,96 есе.

Сағаттық көрсеткішті салыстырғандықтан, мұндағы айырманы тек жұмыс уақытының ұзақтығымен түсіндіру жеткіліксіз. Өңірлердің экономикалық құрылымы әртүрлі. Ірі қалаларда қаржы, басқару, байланыс және бизнеске қызмет көрсету шоғырланады. Басқа өңірлерде өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындардың салмағы жоғары.

Бірақ өңірдің жалпы орташа жалақысы кез келген кәсіптің сол жерде көбірек табыс әкелетінін білдірмейді. Мысалы, біліктілігі жоқ жұмысшылардың сағаттық жалақысы:

  • Ұлытау облысында — 1 703 теңге.
  • Алматы қаласында — 1 447 теңге.
  • Астанада — 1 400 теңге.
  • Атырау облысында — 1 287 теңге.
  • Қарағанды облысында — 1 185 теңге.
  • Батыс Қазақстан облысында — 880 теңге.
  • Жетісу облысында — 876 теңге.
  • Жамбыл облысында — 846 теңге.
  • Түркістан облысында — 799 теңге.

Шеткі көрсеткіштер шамамен 2,1 есе ерекшеленеді. Ұлытаудағы көрсеткіш Алматы қаласынан шамамен 18% жоғары. Бұл жерде кәсіпорындардың құрамы, еңбекке сұраныс және жұмыс жағдайлары ықпал етуі мүмкін. Бірақ екі өңірдегі жұмысшылардың міндеттері толық бірдей деп айтуға болмайды.

Кәсіби мамандар мен біліктілігі жоқ жұмысшылардың сағаттық жалақысының арақатынасы да өзгеше:

  • Батыс Қазақстан облысында — шамамен 2,7 есе.
  • Атырау облысында — 2,6 есе.
  • Алматы қаласында — 2,55 есе.
  • Шымкентте — 1,93 есе.
  • Ұлытау облысында — 1,66 есе.

Төменгі төлем деңгейі жоғары болған жерде топтар арасындағы алшақтық шағын болуы мүмкін. Сондықтан өңірлердің жалпы рейтингін өз мамандығыңыздың рейтингімен шатастырмаған дұрыс.

Көшу әр мамандыққа неге әртүрлі нәтиже береді?

Мұғалімдердің өңірлік айырмашылығы мен жүргізушілердің айырмашылығы бірдей емес. Орта және бастауыш білім беру мұғалімдерінің ел бойынша орташа айлығы 415 042 теңге. Шымкентте 371 348 теңге, Алматы облысында 467 048 теңге. Екі көрсеткіштің арасы шамамен 1,26 есе.

Мейіргерлерде елдік орташа көрсеткіш 264 636 теңге. Шымкентте 206 489 теңге, Астанада 303 425 теңге. Айырмашылық 1,47 есе.

Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісінің орташа жалақысы 271 309 теңге. Түркістан облысында 227 966 теңге, Павлодар облысында 327 005 теңге. Арақатынас 1,43 есе.

Дәрігерлерде ел бойынша 491 385 теңге, Шымкентте 374 762 теңге, Алматы қаласында 581 291 теңге. Айырмашылық 1,55 есе.

Басқа мамандықтарда ауқым кеңірек.

Заңгердің елдік орташа айлығы 541 967 теңге. Батыс Қазақстан облысында 322 763 теңге, Атырау облысында 901 412 теңге. Айырмашылық 2,79 есе.

Жүргізушілерде ел бойынша 328 147 теңге, Түркістан облысында 215 998 теңге, Маңғыстау облысында 633 013 теңге. Арақатынас 2,93 есе.

Сатушының орташа айлығы 262 443 теңге. Қызылорда облысында 133 596 теңге, Атырау облысында 342 101 теңге. Айырмашылық 2,56 есе.

Бухгалтерлерде ел бойынша 398 577 теңге, Түркістан облысында 267 192 теңге, Алматы қаласында 530 973 теңге. Арақатынас 1,99 есе.

Яғни келтірілген өңірлер арасында мұғалімдердің айырмасы шамамен төрттен бір болса, жүргізушілерде үш есеге жуық. Білім беру мен денсаулық сақтауда еңбекақы төлеу жүйесі, санат, еңбек өтілі, жүктеме және үстемеақылардың тәртібі өңірлік айырмашылықтарды шектеуі мүмкін. Дегенмен осы мамандықтардағы барлық қызметкер мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істемейді, олардың жүктемесі де бірдей емес.

Жеке секторда жұмыс берушілер мен міндеттердің құрамы қосымша рөл атқарады.

Көшу туралы шешімде өңірлік орташа жалақыдан гөрі нақты жұмыс ұсынысына қараған дұрыс. Міндетті шығындардан кейін қанша ақша қалатыны, жұмыстың тұрақтылығы және отбасының жағдайы маңызды. Жоғары айлық пәтерақы мен көлік шығыны өскенде еркін жұмсалатын табысты соншалықты арттырмауы мүмкін.

Жас: тәжірибе маңызды, бірақ бәріне ортақ жол жоқ

Жас топтары бойынша орташа сағаттық жалақы:

  • 16-24 жас — 1 757 теңге.
  • 25-34 жас — 2 396 теңге.
  • 35-44 жас — 2 773 теңге.
  • 45-54 жас — 2 658 теңге.
  • 55-64 жас — 2 275 теңге.
  • 65 жас және одан жоғары — 1 947 теңге.

Ең жоғары көрсеткіш 35-44 жас тобында. Ол ең жас топтан шамамен 58% жоғары.

55-64 жас тобындағы көрсеткіш осы ең жоғары деңгейден шамамен 18% төмен.

16-24 жастағы қызметкерлердің сағаттық жалақысы елдік орташа 2 508 теңгеден шамамен 30% төмен.

Бірақ бұл бір адамның өмір бойғы жалақы жолы емес. Бір кезеңде әртүрлі адамдар салыстырылып отыр.

Еңбек жолының басында тәжірибе, кәсіби дайындық және жауапкершілік деңгейі өзгеше болуы мүмкін. Кейін қызметтік өсу мен күрделі міндеттерді орындау мүмкіндігі кеңейеді.

Жасы ұлғайған сайын жұмыстың түрі, кестесі, физикалық жүктемесі және үстемеақылар құрамы өзгеруі ықтимал. Технологияға қатысты дағдыларды жаңарту қажеттілігі де бар. Ал зейнет жасынан кейін жұмысын жалғастыратын адамдардың құрамы бөлек болады.

Сондықтан жас өздігінен жалақыға кепіл бермейді. Негізгі мәселе — тәжірибе мен дағдыға сұраныстың сақталуы.

Әр саладағы жасқа байланысты өзгеріс неге бөлек?

Қаржы және сақтандыру саласында сағаттық жалақы:

  • 16-24 жаста — 2 882 теңге.
  • 25-34 жаста — 4 599 теңге.
  • 35-44 жаста — 6 285 теңге.
  • 45-54 жаста — 8 110 теңге.
  • 55-64 жаста — 5 781 теңге.

Ең жоғары көрсеткіш 45-54 жаста байқалады. Ол ең жас топтан шамамен 2,8 есе жоғары. Келтірілген мысалдар арасында жас топтары бойынша ең айқын өсімдердің бірі осы салада.

Тау-кен өндіруде 16-24 жастағы қызметкерлердің сағаттық жалақысы 2 801 теңге, 45-54 жаста 5 113 теңге, 65 жастан асқандарда 5 192 теңге.

Бұл бір қызметкердің жалақысы жасына қарай міндетті түрде өсе береді дегенді білдірмейді. Жоғары жаста жұмыста қалған адамдардың кәсібі мен лауазымы басқа болуы мүмкін.

Ақпарат және байланыс саласында көрініс өзгеше:

  • 16-24 жас — 3 037 теңге.
  • 25-34 жас — 5 317 теңге.
  • 35-44 жас — 5 654 теңге.
  • 45-54 жас — 4 421 теңге.
  • 55-64 жас — 3 137 теңге.

55-64 жас тобындағы көрсеткіш 35-44 жастағы ең жоғары деңгейден шамамен 44,5% төмен.

Мұны жасы үлкен мамандар біліктілігін жоғалтты деп түсіндіруге болмайды. «Ақпарат және байланыс» тек IT қызметін қамтымайды. Жас топтарының ішіндегі кәсіптер мен қызметтердің құрамы да өзгеше болуы ықтимал.

Білім беруде 16-24 жаста сағаттық жалақы 1 417 теңге, ең жоғары көрсеткіш байқалған 45-54 жаста 1 959 теңге, 55-64 жаста 1 858 теңге.

Ең жас топ пен ең жоғары көрсеткіштің айырмасы шамамен 38%.

Өңдеу өнеркәсібінде 16-24 жаста 2 371 теңге, 35-44 жаста 3 686 теңге, 65 жастан асқандарда 2 574 теңге.

Бұл айырмашылықтарға кәсіптердің құрамы, ауысымдар, еңбек жағдайы және кімдердің жұмыста қалатыны әсер етуі мүмкін. Сондықтан жасқа байланысты орташа көрсеткіштер жеке адамның болашағына арналған болжам емес. Олар тәжірибені жинаумен қатар дағдыны жаңартып отырудың маңызын көрсетеді.

Жеке жалақы халық табысымен қалай байланысады?

Біліктілік, сала, өңір және жас бір-бірінен бөлек жұмыс істемейді. Олардың бәрі үлкен экономикалық жүйенің ішінде қалыптасады. Осы жүйеде бес байланысты бөліп көрсетуге болады.

Біріншісі — экономика мен кәсіпорын қанша құн жасайды.

Еңбек өнімділігі, технология, жұмысты ұйымдастыру және нарыққа шығу мүмкіндігі кәсіпорынның еңбекақы төлеу әлеуетіне әсер етеді. Бірақ өнімділіктің өсуі әр қызметкердің жалақысын автоматты түрде көтермейді. Ол жоғары ақы төлеуге экономикалық мүмкіндік қалыптастырады.

Екіншісі — жасалған құнның қалай бөлінетіні.

Дағдыға сұраныс, жұмыс берушілер арасындағы бәсеке, қызметкердің келіссөз жүргізу мүмкіндігі, кадр саясаты және еңбекақы ережелері осы жерде маңызды. Сондықтан еңбек өнімділігі мен жалақының өзгерісі бір-біріне дәлме-дәл сәйкес келе бермейді.

Үшіншісі — адамдардың тұрақты әрі ақысы жоғары жұмысқа қол жеткізуі.

Экономикада бірнеше жоғары жалақылы сала болғанымен, олардағы жұмыс орындары шектеулі болса, оның пайдасын барлық отбасы бірдей сезінбейді. Жұмыссыздық, толық емес жұмыспен қамтылу, жұмыс сағаттарының саны және табыстың тұрақтылығы да маңызды. Халық табысын өсіру үшін жақсы жалақының деңгейі ғана емес, осындай жұмыс орындарының қолжетімділігі қажет.

Төртіншісі — отбасының өзге табыстары мен құрамы.

Кәсіпкерлік, өзін-өзі жұмыспен қамту, зейнетақы, жәрдемақы және мүліктен түсетін кірістер отбасының жалпы мүмкіндігін өзгертеді. Сол табысты қанша адамның пайдаланатыны да тұрмыс деңгейіне әсер етеді.

Бесіншісі — ақшаның сатып алу қабілеті.

Атаулы жалақы өскенімен, баға өсімі оның бір бөлігін жұтып қоюы мүмкін. Бұған отбасының баспана, көлік және басқа міндетті шығындары қосылады. Бірдей табыс әр отбасыға әртүрлі мүмкіндік береді.

Сондықтан халықтың табысын орташа жалақымен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Экономика қанша құн жасайды, ол қалай бөлінеді, кім жұмысқа қол жеткізеді және алынған ақшаға не сатып алуға болады — осының бәрін бірге қарастыру керек.

Еңбегіңіз қанша тұрады?

Негізгі қорытынды: табыс адамға да, экономиканың сапасына да байланысты

Мен бұл талдауды жалақының неге әртүрлі екенін түсіну үшін бастадым. Деректер мәселенің бір дипломмен, бір мамандықпен немесе адамның күш-жігерімен шектелмейтінін көрсетеді. Жеке адам үшін білім алу, техникамен жұмыс істеуді үйрену, сұраныс бар дағдыны меңгеру және жұмыс орнын дұрыс таңдау маңызды.

Бірақ бұл мүмкіндіктер қолжетімді жұмыс орындарымен, экономиканың құрылымымен және жұмысқа қабылдау талаптарымен шектеледі. Сондықтан төмен жалақыны тек қызметкердің жеткіліксіз талпынысымен түсіндіру дұрыс емес. Сол сияқты оқу немесе көшу барлық адамның табысын міндетті түрде өсіреді деп уәде беруге болмайды.

Адам үшін негізгі міндет — сұраныс бар дағдыны оған ақы төлейтін жұмыс орнымен байланыстыру. Экономика үшін негізгі міндет — еңбек өнімділігін арттырумен бірге осындай жұмыс орындарын көбейту.

Экономикалық өсім еңбекке сұраныс, жұмыс берушілер арасындағы бәсеке, кәсіби өсу және еңбекақы төлеу тәртібі арқылы адамдардың табысына жетуі керек. Ал отбасы үшін оның нәтижесі тұрақты түсімнен, сатып алу қабілетін сақтаудан және негізгі қажеттіліктерді өтеу мүмкіндігінен көрінеді.

Дағды адамның мүмкіндігін кеңейтеді. Жұмыс орнының сапасы оны іске асырады. Жұмыспен қамтылу мен табысты бөлу тәртібі экономикалық нәтижені отбасының кірісіне айналдырады. Ал баға сол кірістің қандай тұрмыс деңгейін қамтамасыз ететінін айқындайды.

Сондықтан «Еңбегім қанша тұрады?» деген сұрақтың жауабы адамның өзінен де, ол еңбек ететін экономиканың сапасынан да табылады.

Руслан Сұлтанов, экономист, «ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығының президенті,
арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top