EC[ON]OMY

Экономикалық күрделілік индексі: Қазақстанның жағдайы 2023

Экономикалық күрделілік индексі (ECI) — Гарвард университетінің Өсу зертханасы жасаған көрсеткіш. Бұл тек елдің қанша экспорттайтынын емес, қандай тауарлар шығаратынын, олардың технологиялық күрделілігін өлшейді. Яғни, елдің өндірістік білімі мен әлеуетін көрсететін құрал.

ЖІӨ елдің қанша өнім өндіргенін айтса, ECI сол өнімдердің қаншалықты әртүрлі және күрделі екенін көрсетеді. Бұл болашақтағы өнеркәсіптік дамудың және экономикалық тұрақтылықтың көрсеткіші.

2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан ECI бойынша 89-орынға (-0.44) түсті. 2022 жылы — 84-орын (-0.38), ал 2021 жылы — 80-орын (-0.39) болған. Соңғы он жылда рейтингте 19 орынға көтерілсек те, соңғы жылдағы құлдырау қайтадан ойлантатын жағдай.

Бүгінде Қазақстан тек дамыған елдерге ғана емес, жақын көршілеріне де жол беріп отыр. Мысалы, Өзбекстан — 70-орында (-0.23), Қырғызстан — 58-орында (0.09). Қазақстан Чили мен Грузияның ортасында орналасқан.

Бұл тек рейтинг емес. Бұл — басқа елдер өндірісті әртараптандырып, күрделірек тауарлар шығарып жатқанын көрсетеді.

Өзбекстан — бір жылда 13 орынға, Қырғызстан — 8 орынға көтерілді. Бұл елдер экспортты әртараптандырып, жаңа өнімдер шығарып жатыр.

Өзбекстан — 68 жаңа өнім, жалпы көлемі $2,14 млрд немесе экспорттың 8%. Қырғызстан — 24 өнім, $240 млн немесе 6%. Қазақстан — 18 жаңа өнім ғана ($1,23 млрд), бұл тек 1% экспортымызға тең.

Жаңа өнім деп бұрын соңғы 15 жылда экспортталмаған, ал қазір 3 жыл қатарынан жоғары күрделілікпен (1.0-ден жоғары) экспортталып жатқан тауар саналады.

Бұл елдің технологиялық қабілеті мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Қазақстанда мұндай өнімдердің үлесі тым аз. Экспорт негізінен шикізатқа тәуелді.

ECI көрсеткіші — елдің білімді қалай қолданатынын көрсетеді. Бұл тек білім беру саласы емес, сонымен қатар инновацияны қолдайтын орта, ашық бизнес ережелері, институттар жұмысы.

Өзбекстан институционалды реформа арқылы дамып жатыр. Қырғызстан — өндірістік кооперация мен жаңа салаларды дамытудың арқасында алға жылжып келеді.

ЖІӨ жоғары болуы мүмкін, бірақ ол шикізат экспорты есебінен. Ал ECI елдің ертең не өндіре алатынын, қаншалықты тұрақты бола алатынын көрсетеді.

Қазақстанның көрсеткішінің төмендеуі — тек сандар емес. Бұл болашақтағы мүмкіндіктеріміз азайып жатқанын білдіреді.

Не істеу керек: күрделілікті арттыру стратегиясы

1. Экспортты әртараптандыру — өңдеуші өнеркәсіпке, агроөнеркәсіпке, жоғары технологияларға инвестиция салу;

2. ҒЗТКЖ-ны қолдау — инновациялық жобаларға салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар енгізу;

3. Жаңа өнім өндірушілерді қолдау — нарыққа шығуына және логистикасына көмектесу;

4. Адам капиталын дамыту — инженерия және қолданбалы ғылымдарға басымдық беру;

5. Институттарды күшейту — заңнама тұрақтылығы, ашықтық және тиімді басқару.

Экономикалық күрделілік индексі — бұл еліміздің өндірістік болашағын көрсететін айна. Қазір Қазақстан өткенге қарап отыр. Бірақ егер шын мәнінде дамыған ел болғымыз келсе, тек шикізатқа емес, жаңа нәрсе жасауға үйренуіміз керек.

 

Баян Әбдрахманова, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading