EC[ON]OMY

Болашақты болжау — ғылым ба, әлде көріпкелдік пе?

2035 жылы Қазақстанда қанша адам тұрады? ЖІӨ қаншаға өседі? Азық-түлік қанша қажет болады? Бұл сұрақтар фантастика емес, болжау ғылымының күнделікті жұмысы. Экономикада болжау — шешім қабылдаудың негізі: мемлекет бюджетті, кәсіпкерлер инвестицияны, банктер несие көлемін, ал адамдар жеке қаржысын жоспарлайды.

Болжау формулаға, дерекке және логикаға негізделеді. Бұл мақалада біз болжаудың негізгі әдістерін қарапайым тілмен түсіндіреміз: қай кезде қарапайым теңдеу жеткілікті, ал қай кезде күрделі DSGE-модель қажет болады?

Болжам не үшін қажет?

•  ЖІӨ-нің болашағын бағалау

•  Халық санының динамикасын түсіну

•  Өндіріс пен инвестицияны жоспарлау

•  Ресурстарға деген болашақ сұранысты есептеу

•  Дағдарыстарға алдын ала дайындалу

Алдымен өткен мен қазіргі жағдайды түсіну керек. Содан кейін — дұрыс әдісті таңдау маңызды.

Қарапайым әдістер: сызықтық, экспоненциалды және полиномиалды регрессиялар

Сызықтық регрессия: бәрі бірқалыпты өссе

Формула: y = a + b * t

Мұнда y — болжау нәтижесі, t — уақыт, a — бастапқы мән, b — өсу жылдамдығы. Бұл әдіс тұрақты өсу кезінде қолайлы.

Экспоненциалды өсу: бәрі тездетілгенде

Формула: y = a * e^(b*t)

Егер b оң болса — өсу жылдамдайды, теріс болса — құлдырайды. Бұл әдіс халықтың көбеюін немесе интернет пайдаланушылардың артуын болжауға қолданылады.

Полиномиалды регрессия: қисық жолдар

Формула: y = a₀ + a₁x + a₂x² + … + aₙxⁿ

Егер тренд түзу болмаса — мысалы, алдымен өсу, кейін құлдырау болса — осындай теңдеулер икемділік береді. Мысалы, демографиялық толқындарды болжауға тиімді.

Тренд экстраполяциясы: пайызбен есептеу әдісі

Формула: Pₜ = P₀ * (1 + r)^t

Мысалы, халық саны 2020 жылы — 10 млн, өсім 1%:

2030 жылы: 10 * (1 + 0.01)^10 ≈ 11.05 млн адам

Жастық құрылыммен болжау: халық қозғалысы қалай есептеледі?

Формула:

Pi,t+1 = Pi-1,t * (1 – mi) + Mi

P0,t+1 = ∑ (Pi,t * Fi)

Мұнда халық әр жас тобына бөлініп, бір жылдан кейін үлкен жасқа өтеді. Туу, өлім-жітім мен көші-қон ескеріледі. Бұл мектептер, ауруханалар мен зейнетақы жүйесін жоспарлауға көмектеседі.

ЖІӨ қалай есептеледі?

1. Қарапайым әдіс: орташа жылдық өсім

Формула: GDPₜ = GDP₀ * (1 + g)^t

Мысалы: 2020 ж. ЖІӨ — $50 млрд, өсім — 3%:

2030 ж.: 50 * (1.03)^10 ≈ 67.2 млрд

2. Факторлық әдіс: еңбек + капитал + технология

Формула: GDP = A * L^α * K^(1−α)

A — технология, L — еңбек, K — капитал.

Бұл өндірістік функция нақты экономикалық құрылымды көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы мен өндіріс болжамы

Мысалы, халық саны — 12 млн, өсім — 1%, тұтыну — 250 кг:

12 * (1.01)^10 * 250 ≈ 3,326 мың тонна өнім қажет

Сценарийлік тәсіл: оптимист, реалист және пессимист

Болжау әртүрлі сценариймен берілуі мүмкін:

•  Базалық (қазіргі үрдіс сақталады)

•  Оптимистік (өсім жеделдейді)

•  Пессимистік (дағдарысқа байланысты баяулайды)

Бұл әдіс шешім қабылдауда қауіпсіздік жастығын береді.

Күрделі әдіс: DSGE-модельдер

Егер трендті емес, себеп-салдарды түсіну қажет болса — DSGE (динамикалық жалпы тепе-теңдік модельдері) қолданылады. Бұл — экономика «миниатюрада».

Модель не ескереді:

•  Халық пен бизнестің мінез-құлқы

•  Күтілетін өзгерістер

•  Мемлекеттік саясат

•  Сыртқы шоктар

Мысалы:

•  Пайдалылық функциясы: U = E₀ ∑ βᵗ * u(Cₜ, Lₜ)

•  Бюджет шектеуі: Cₜ + Iₜ = wₜ * Lₜ + rₜ * Kₜ

•  Өндірістік функция: Yₜ = Aₜ * Kₜ^α * Lₜ^(1−α)

•  Тейлор ережесі (ставкалар): iₜ = ρ + φ₁(πₜ − π*) + φ₂(yₜ − yₜ^nat)

Бұл модельдер арқылы инфляция, тұтыну, жалақы және саясаттың өзара байланысы көрінеді.

Болжау — бағыт, бірақ емес хрусталь шар

Болжам — бұл ғылым. Ол:

•  дерекке сүйенеді

•  құрылымды есепке алады

•  адамның әрекетін ескереді

•  икемді болады

Дағдарыс кезеңдерінде — қарапайым және күрделі әдістердің үйлесімі ең тиімді жол.

 

Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top