Өзбекстанның энергетика саласы — бүгінгі күнде әлі де орталықтандырылған және мемлекет бақылауындағы негізгі секторлардың бірі болып отыр. Елдегі электр энергиясын өндіру мен таратуға қатысатын кәсіпорындардың барлығы дерлік мемлекеттік меншікте, әрі үнемі субсидиялауды қажет етеді. Алайда қазіргі электр өндірісі ел халқы мен өнеркәсібінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай отыр.
2023 жылы елде 74,3 млрд кВт∙сағ электр энергиясы өндірілсе, жалпы орнатылған қуат — 17,9 ГВт болды. Оның 85%-ы жылу электр станцияларына (ЖЭС)тиесілі, ал жаңартылатын энергия көздерінің (соның ішінде СЭС) үлесі — небәрі 15%.
Болжам бойынша, электр тұтыну көлемі 2030 жылға дейін екі есе артып, 120,8 млрд кВт∙сағ болады. Қазірдің өзінде қуат тапшылығы шамамен 14%, ал ЖЭС-тердің тозған құрал-жабдықтары мен тиімсіз жұмысы (КПД — небәрі 25-35%) жағдайды ушықтыра түсуде.
Осындай жағдайда Өзбекстанға энергетиканы жаңғырту, энергия көздерін әртараптандыру, теңгерімді тариф саясатын қалыптастыру және ірі инвестиция тартуауадай қажет. Осы тұрғыдан атом энергетикасын дамыту мәселесі қайтадан өзекті тақырыпқа айналып отыр.
Атом энергетикасы: кеше және бүгін
Атом электр станциясын (АЭС) салу идеясы Өзбекстанда 1980-жылдардан бері талқыланып келеді. Бірақ ұзақ жылдар бойы саяси және геосаяси себептер жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Тек 2019 жылы №ПП-4165 қаулысының қабылдануымен 2,4 ГВт қуаттылықтағы АЭС салу тұжырымдамасымақұлданды. Жоспар бойынша, екі реактор (әрқайсысы 1,2 ГВт) салынып, жобаның құны $11 млрд шамасында болу керек еді. Негізгі әріптес — «Росатом» компаниясы ретінде белгіленді.
Алайда Тұзқан көлін таңдау — қате шешім болды, себебі аймақта су ресурстары жеткіліксіз. 2023 жылдың соңына қарай Өзбекстан ядролық энергетикаға мүдделі болғанымен, технологияны, серіктес елді және іске асыру моделін әлі нақтылаған жоқ.
Атом энергетикасының мүмкіндіктері
Егер дұрыс жолмен жүзеге асырылса, АЭС бірнеше негізгі проблеманы шешуге көмектесе алады:
- Электр тапшылығы мен қуат жетіспеушілігін жою.АЭС тұрақты қуат береді, күн мен жел секілді маусымдық факторларға тәуелді емес;
- Газ импорты мен тұтынуды азайту. Қазіргі ЖЭС-тер орасан көп газ тұтынады. АЭС іске қосылса, газты экспортқа немесе химия өнеркәсібіне бағыттауға болады;
- Өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігі. Модульдік АЭС-терді шалғай аймақтарға орнатып, орталық желілерге түсетін жүктемені азайтуға болады;
- Инвестиция және технология тарту. Жоба халықаралық қаржы мен сарапшыларды тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, маман даярлауға және ядролық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға жағдай жасайды.
Негізгі қиындықтар мен шектеулер
1. Саяси және геосаяси тепе-теңдік. Өзбекстан бір уақытта Ресей, Қытай, Франция мен Ұлыбритания сияқты түрлі елдермен келіссөздер жүргізуде. Әр ел өз технологиясын ұсынады.
2. Қаржыландыру мәселесі. Мұндай ірі жобаға тек мемлекеттік кепілмен немесе халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен жол ашылады. Қазіргі Uzneftegaz және ЖЭС-тердің қаржылық жағдайы нашар.
3. Су тапшылығы мен инфрақұрылым. Су ресурстары жеткіліксіз аймақтарда классикалық АЭС салу мүмкін емес. Тіпті шағын станциялар үшін де салқындату жүйесі мен тасымал инфрақұрылымы қажет.
4. Тариф саясаты. Бүгінде Өзбекстанда электр бағасы әлемдегі ең төмен деңгейде — $0,02/кВт∙сағ. Бұл жаңа қуат көздерінің өзін-өзі ақтауына мүмкіндік бермейді. АЭС енгізу үшін тариф саясатын қайта қарау қажет.
Ұсыныстар мен стратегия
1. Ядролық энергетика бойынша нақты жол картасынқабылдау. Қай технология, қай серіктес, қай аймақ — нақты шешімдер қажет.
2. Модульдік АЭС-терге назар аудару:
o Орташа құрылысы — 4 жыл, жинақтау — 500 күн;
o 470 МВт қуат — аудан немесе шағын қала үшін жеткілікті;
o Аз су қажет, жергілікті желілерге оңай қосылады.
3. Тәуелсіз реттеуші орган құру. Бұл құрылым қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, инвесторлардың сенімін арттырады.
4. Маман дайындау және ғылыми база қалыптастыру.Франция, Қытай, Ұлыбритания және Ресей университеттерімен бірлескен бағдарламалар, ұлттық ядролық инженерия орталығын ашу.
5. Қоғамдық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Халыққа экология, қауіпсіздік және экономикалық пайда жайлы ақпаратты кеңінен тарату қажет.
6. КСРО кезіндегі Біртұтас энергетикалық сақинаны жаңғырту. Бұл сақина Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан мен Түрікменстанды біріктіріп, маусымдық тапшылықты шешуге мүмкіндік береді:
o Жазда Тәжікстан мен Қырғызстандағы СЭС артық энергия береді;
o Қыста Өзбекстандағы ЖЭС пен АЭС энергия тапшылығын өтейді;
o Бұл өңірлік нарықты дамытып, экспортты ұлғайту мен инфрақұрылымға инвестиция тартуға жол ашады.
Өзбекстан үшін атом энергетикасы — болашақ емес, қазіргі қажеттілік. Алайда бұл жолда технологиялық, қаржылық және саяси тепе-теңдік қажет. Егер мемлекет нақты стратегия қабылдап, ашық әрі тиімді басқару жүйесін енгізе алса — Өзбекстан Орталық Азиядағы ядролық энергетика көшбасшыларының біріне айналуы мүмкін.
Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы үшін www.economyKZ.org


