EC[ON]OMY

Армандағы стадион ба, әлде бюджеттік тұзақ па? Ақтөбе шегіне жетті

Ақтөбе облысында 30 мың көрерменге арналған футбол стадионын салу жоспары қоғамда үлкен сұрақтар туындатуда. Өңірдің металлургиядан тыс өңдеуші өнеркәсібіне жыл сайынғы инвестиция көлемі небәрі 17 млрд теңге ғана. Бұл көрсеткіш бойынша облыс еліміздегі өңірлердің ішінде 16-орында тұр. Осындай жағдайда 50–70 миллиард теңгеден астам қаржыға стадион салу – қисынға келе бермейтін шешім.

Облыс әкімі – спортшы, самбо шебері ретінде өңірдің абыройын көтеретін бір нысан тұрғызуды көздеуі мүмкін. Бірақ облыстың қазіргі экономикалық ахуалы мұндай үлкен жобаны жүзеге асыруға толықтай дайын деп айту қиын.

Өңірге өңдеуші салада инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырған басты мәселелердің бірі – электр энергиясының қымбаттығы. Қазіргі тариф – 1 киловатт сағатына 50 теңге. Бұл – өте жоғары баға. Ал ірі кәсіпорындар өздерінің газбен жұмыс істейтін станциялары арқылы арзандау энергияны пайдаланып отыр. Осылайша, шағын және орта бизнес теңсіз жағдайда қалып отыр. Бұл олардың дамуына кедергі келтіріп, инвестиция көлемін одан әрі азайтуда.

Иә, Ақтөбеде 581 мың халық бар. Жастар жергілікті футбол клубын қолдайды. Бірақ клубтың қазіргі деңгейін ескерсек, 30 мың адамдық стадионды үнемі толтыру мүмкін бе? Бұл – ашық сұрақ. Тіпті, жоба жүзеге асқан күннің өзінде, табыс әкелуі екіталай. Инвесторлар үшін бұл пайдасы анық емес, тәуекелі жоғары жоба болып көрінеді. Ал ірі өндіріс орындары қызығушылық танытса, олар мемлекеттен қосымша жеңілдіктер немесе жер қойнауын пайдалану құқығын талап етуі мүмкін.

Сондықтан өңірдің өңдеуші өнеркәсібіне аз көлемде ғана инвестиция тартылып жатқанын, шағын және орта бизнес үшін электр энергиясы тым қымбат екенін, республикалық бюджеттің тапшылығын және геосаяси тұрақсыздықты ескерсек, мұндай ауқымды стадион салу – облыс үшін ауыр жүк болып кетпей ме деген орынды сұрақ туындайды.

 

 

Ернар Серік, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының консультанты, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top