Халықаралық Энергетика Агенттігі (IEA) жариялаған Global Hydrogen Review 2025 — әлемдік сутегі саласына арналған ең жан-жақты баяндама. Есеп 2021 жылдан бері жасалып келеді және биылғы басылым саланың нақты бет-бейнесін көрсетеді: жүздеген жоба іске қосылғанымен, қарқын күткен деңгейде емес.
Салада ірі жобалар саны көбейгенімен, инвестициялар мен сұраныс арасындағы тепе-теңдік әлі қалыптасқан жоқ. Жоғары шығын, инфрақұрылымның баяу дамуы және заңнамалық анықсыздық — негізгі кедергілер. Бірақ бір нәрсе айқын: сутегі энергетикасы енді кері шегінбейді.
Нарық құрылып келеді, бірақ баяу: 2024 жылы жаһандық сутегіге сұраныс 100 млн тоннаға жетті — өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артық. Негізгі тұтынушылар — мұнай өңдеу және химия салалары. Ал жаңа бағыттар — көлік, энергетика және тыңайтқыш өндірісі — жалпы сұраныстың тек 1%-ын құрайды.
Өндірістің 99%-ы әлі де қазба отындарына тәуелді. 2024 жылы сутегі өндірісінде 290 млрд текше метр табиғи газ және 90 млн тонна көмір пайдаланылды. Ал төмен көміртекті (жасыл) сутегінің үлесі бар болғаны 1% шамасында.
2025 жылы оның көлемі 1 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. 2030 жылы бұл көрсеткіш 4,2 млн тоннаға дейін өседі. Бұл 5 есе арту, бірақ бастапқы мақсаттармен салыстырғанда айтарлықтай аз.
Басты себеп — жобалардың жойылуы немесе кейінге қалдырылуы. Дегенмен, соңғы бес жылда 200-ден астам ірі инвестициялық жоба іске қосылғаны — сенімді белгі.
Қытай — жаңа сутегі дәуірінің локомотиві: Бүгінде Қытай сутегі өндірісінде және электролизер өндірісінде абсолютті көшбасшы. Елдің үлесіне әлемдегі электролизер қуатының 65%-ы және өндірістік қуаттардың 60%-ы тиесілі.
2024 жылы Қытай 2 ГВт-тан астам жаңа электролизер орнатты, ал 2025 жылдың ортасына қарай тағы 1 ГВт қосылды. Бұл — әлемдік рекорд.
Алайда өндіріс көлемі сұраныстан әлдеқайда артық. Бұл нарықтағы баға қысымын және бірігу толқынын тудырып отыр. Кейбір компаниялар шығынға батып, ірі өндірушілермен бірігіп жатыр.
Қытай электролизерлері арзан (600–1200 доллар/кВт), бірақ Еуропа мен АҚШ-та орнату кезінде тасымал, кеден және стандарт айырмашылығы бағаны теңестіреді.
Соған қарамастан, Қытай компаниялары технологияларын бейімдеп, шетелде зауыт ашуға дайындалып отыр. Бұл — күн панельдері мен электромобильдер сияқты сценарийдің қайталануы.
Сұраныс — ең әлсіз буын: Сутегі өндірісі өсіп жатыр, бірақ сатып алушылар аз. 2024 жылы жаңа оффтейк келісімдердің көлемі 1,7 млн тоннаболды, бұл 2023 жылдағыдан аз. Келісімдердің көбі мұнай, химия және теңіз тасымалы секторларына тиесілі.
Еуропа көлікте және өндірісте сутегі қолдануға квоталар енгізіп жатыр. Renewable Energy Directive (RED) аясында жаңа талаптар күшіне енуде. Үндістан, Жапония және Корея да өз бағдарламаларын бастады.
Бірақ жаһандық сұраныс баяу қалыптасуда. IMO-ның жаңа «Net-Zero Framework» стандарты кеме отыны ретінде сутегіні ілгерілетуі мүмкін, бірақ қысқа мерзімде сұйытылған газ бен биототықтыру отындары әлі басым болмақ.
Порттар — сутегінің алғашқы хабтары: Теңіз тасымалындағы сутегі отынының дамуы порттардың рөлін күшейтеді.
Қазір 17 ірі порт әлемдік отын жеткізілімінің 60%-ын қамтамасыз етеді, ал Сингапурдың үлесі — 20%.
80 порт химиялық өнімдермен жұмыс тәжірибесіне ие және сутегімен де жұмыс істей алады. Роттердам, Сингапур және Мысырдағы Айн-Сохна порттары — алғашқы үміткерлер.
30-дан астам порт 400 км радиуста орналасқан сутегі зауыттарынан жылына 100 мың тоннадан астам төмен көміртекті сутегі ала алады. Бұл болашақ «сутегі дәліздерінің» бастамасы.
Оңтүстік-Шығыс Азия: Аймақтың сұранысы 2024 жылы 4 млн тоннаға жетті. Негізгі тұтынушылар — Индонезия, Малайзия, Вьетнам және Сингапур. Өндірістің 80%-ы табиғи газдан алынады.
2030 жылға қарай төмен көміртекті сутегі өндірісі 480 мың тоннаға жетуі мүмкін. Бірақ жобалардың тек 6%-ы ғана нақты инвестициялық шешім алды.
Вьетнамда салынып жатқан 240 МВт электролизер — Қытайдан тыс ең ірі жобалардың бірі. Аймақтағы жобалардың 40%-ы экспортқа бағытталған, негізінен аммиак түрінде.
Дамушы елдер: Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия 2030 жылға қарай дүниежүзілік өндірістің 25%-ын қамтамасыз ете алады. Бірақ нақты іске кіріскен жобалар үлесі — бар болғаны 0,5%.
Кедергілер анық:
• Экспортқа тәуелділік (жобалардың 80%-ы сыртқы нарыққа бағытталған);
• Жел және күн энергетикасының баяу дамуы;
• Қаржының қымбаттығы (капитал құны 15%-ға дейін, дамыған елдерде — 5–7%).
IEA ұсынысы қарапайым: алдымен энергия жүйесін тұрақтандырып, ВИЭ үлесін арттыру, содан соң сутегі жобаларын іске қосу.
Мысалы, тыңайтқыш пен болатты ішкі нарықта өндіру елдердің импортқа тәуелділігін азайтып, азық-түлік бағасын тұрақтандырады. Бұл Африка мен Азия үшін стратегиялық бағыт болуы мүмкін.
Сутегі саясаты енді нақты іске аса бастады. Еуропа мен Ұлыбритания екінші толқын субсидияларын іске қосса, АҚШ Inflation Reduction Act арқылы салықтық жеңілдіктер ұсынуда. Жапония баға айырмашылығын өтеу келісімдерін (CfD)енгізіп, инвесторларға 15 жылдық кепілдік береді. Үндістан грант пен сыйақы жүйесін іске қосқан, ал Қытай мемлекеттік компаниялар арқылы нарықты қолдайды.
Бірақ бюрократия — басты кедергі. ЕО-да RED директивасын енгізу төрт жылға созылды. Үндістанда субсидия шарттары бірнеше рет өзгертілді.
IEA-ның ойынша, саясатта икемділік пен жылдамдық қажет. Қатаң ережелер — нарықты тұншықтырады, ал әлсіз реттеу — белгісіздік тудырады. Ең тиімді тәсіл — саясатты әр 2–3 жыл сайын қайта қарау.
2024 жылы төмен көміртекті сутегі өндірісіне 7,9 млрд доллар инвестиция салынды.
Инвестицияның жартысынан көбі — өнеркәсіп пен мұнай өңдеу секторына.
Электролизер өндірісі 2021 жылдан бері 9 есе өсті.
Жылдық өндірістік қуат 186 ГВт-қа жетті — бұл төрт жыл бұрынғыдан алты есе артық.
IEA-ның негізгі ұсынымдары
1. Дайын жобаларды қолдау. Бар инфрақұрылымда төмен көміртекті технологияларды енгізу.
2. Сұраныс қалыптастыру. Салалық квоталар мен субсидиялар арқылы тұрақты нарық құру.
3. Инфрақұрылымды жеделдету. Рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетіп, өндіріс пен тұтынуды кластерлеу.
4. Технологиялық тәуекелдерді төмендету. Мемлекеттік кепілдік пен экспорттық несиелерді кеңейту.
5. Дамушы елдерге қолдау. Ішкі нарықтарды дамытып, экспорттық өнімдерге қосылған құн енгізу.
Қазақстан үшін бұл есеп — бағыт-бағдар беретін құжат. Елдің табиғи ресурстары мен жаңартылатын энергия әлеуеті оны сутегі нарығының аймақтық ойыншысына айналдыруы мүмкін.
Қазақстанда сутегіні өндірудің үш басты мүмкіндігі бар:
1. Жасыл аммиак пен тыңайтқыш өндірісі. Бұл ауыл шаруашылығын қолдап, импортты қысқартады.
2. Металлургия мен мұнай өңдеу. Қолданыстағы кәсіпорындар сутегі технологияларын сынақ алаңына айналдыра алады.
3. Экспорттық бағдар. Қазақстанның Қытаймен және Еуропамен байланысы сутегі дәліздерін дамытуға қолайлы.
Мемлекет бұл бағытта пилоттық жобаларды бастаса, стандарттар енгізсе және жеке секторды ынталандырса, сутегі энергетикасы елдің жаңа экономикалық брендіне айналуы мүмкін.
Сутегі энергетикасы — жаңа индустриялық дәуірдің өзегі. Бүгінде әлем елдері инфрақұрылым мен стандарттарды қалыптастырып жатқанда, Қазақстанның басты артықшылығы — уақыт. Егер ел ерте қимылдап, өз экожүйесін құра бастаса, онда сутегі Қазақстан экономикасын әртараптандырудың және экспорттық кірісті арттырудың жаңа көзіне айналмақ.
Ален Серік, порталының сарапшысы EconomyKZ.org


