EC[ON]OMY

Қазақстанның экспортындағы күрт азайыс: себептері мен салдары

иылғы жылдың алғашқы екі айында Қазақстанның экспорттық табысы күрт азайып, 2022 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіштер тіркелді. Қаңтар айында экспорт көлемі 5,1 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеді. Ақпанда көрсеткіш сәл жақсарғанмен, 5,9 млрд долларды құрап, бір жылда 11%-ға азайған. Жалпы алғанда, қаңтар-ақпан айларындағы экспорт көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12%-ға қысқарды.

Экспорттың құлдырауына не себеп?

Басты себеп — мұнай экспортының азаюы. Физикалық көлем бойынша мұнай жеткізілімі 12%-ға, ал қаржылай түсім 21%-ға төмендеп, екі айда небәрі 5,7 млрд. долларды құрады. Ең үлкен құлдырау Қытайға (–86%), Сингапурға (–74%), Швейцарияға (–37%) және Францияға (–34%) болған экспортта байқалды. Ал Оңтүстік Корея, Үндістан және Бруней-Даруссалам Қазақстан мұнайының сатып алушылары қатарынан мүлдем шығып қалды.

Мұнай экспортының азаюы бірнеше фактормен байланысты: Қытайда электромобильдерге көшудің жеделдеуі мұнай тұтынуын төмендетті, ал Оңтүстік Корея геосаяси тәуекелдерге байланысты АҚШ-тан жеткізілімге көшті.

Металлургияда да жағдай мәз емес

Металлургиялық өнімдер экспорты 14%-ға, яғни 2,8 млрд. доллардан 2,4 млрд. долларға дейін қысқарды.

  Мыс экспорты –17% (585 млн. долларға дейін),

  Мыс кені –24% (360 млн. долларға дейін),

  Уран –78% (72,5 млн. доллар),

  Алюминий –40% (94 млн. доллар).

Бірақ ферроқорытпа экспорты керісінше 37%-ға өсіп, 348 млн. доллар болды.

Айта кетерлік жайт — мыс пен мыс кенін экспорттау көлемі тек қаржы жағынан ғана емес, физикалық түрде де азайған: тиісінше 22% және 32%-ға. Бұл әлемдік бағалардың салыстырмалы түрде тұрақты болғанына қарамастан орын алды.

Жағымды жаңалықтар бар ма?

Иә. Азық-түлік өнімдері экспорты 25%-ға артып, 506 млн. долларды құрады. Ал химиялық өнімдер 42%-ға өсіп, 372 млн. долларға жетті.

  Күнбағыс майының экспорты 76%-ға артып, 109,4 млн. доллар болды,

  Жануарларға арналған азық өнімдері екі есе өсіп, 49,5 млн. долларға жетті.

2025 жылдың басындағы экспорттың құлдырауы — Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе, мұнай мен металлургия салалары сыртқы нарықтағы ахуалға тым тәуелді. Бірақ азық-түлік пен химия өнімдеріндегі оң үрдістер экспорттың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік бар екенін білдіреді. Сол салаларды қолдап, әртараптандыруды жалғастыру — экономикалық тұрақтылықтың кілті.

 

Ернар Серік, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының консультанты, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading