EC[ON]OMY

2024 жылы ТМД-да азық-түлік бағалары мен жалақы

Соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде азық-түлік бағалары өсіп келеді. Ал жалақы деңгейі баяу өсіп жатқандықтан, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсе түсті.

Осыған байланысты 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша ТМД-ның 8 еліндегі (Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан) 14 негізгі азық-түлік өнімі бойынша салыстырмалы талдау жүргізілді.

Ет пен жұмыртқа

Ең қымбат сиыр еті Арменияда – 4997 теңге/кг. Бұл елде мал шаруашылығы әлсіз болғандықтан, етті көбіне шеттен әкеледі. Ең арзан сиыр еті – Беларусьта (2443 теңге), себебі мұнда ет өндірісі жақсы дамыған.

Жұмыртқа да Арменияда ең қымбат – бір ондық 1117 теңге. Ең арзаны – Беларусьта (546 теңге).

Сүт өнімдері мен өсімдік майы

Сары май Арменияда өте қымбат – 8577 теңге. Ең қолжетімді баға Қырғызстанда – 2883 теңге.

Сүттің ең арзан литрі Беларусьта – 352 теңге, ал ең қымбаты – Әзербайжанда – 955 теңге.

Өсімдік майы да Әзербайжанда ең қымбат – 1434 теңге, бұл Ресейдегіден екі есе қымбат (788,5 теңге).

Нан, ұн және макарон

Бидай нанының бағасы Тәжікстанда 194 теңгеден басталып, Арменияда 890 теңгеге дейін жетеді.

Жоғары сортты ұн – ең арзан Беларусьта (232 теңге), ең қымбат – Арменияда (599 теңге).

Макарон өнімдері Өзбекстанда – 1247 теңге. Бұл елде бидайды көп мөлшерде импорттайтындықтан немесе қайта өңдеу шығындары жоғары болуы мүмкін.

Көкөніс пен жеміс-жидек

Картоп Беларусьта – ең арзан (186 теңге), ал ең қымбаты – Әзербайжанда (383 теңге).

Орамжапырақ, пияз, сәбіз – Қазақстан мен Өзбекстанда арзанырақ. Бұл – осы елдерде климаттың қолайлы болуы мен өнімді жақыннан жеткізуге байланысты.

Алма Армения мен Ресейде – 800 теңгеге жақын, ал ең арзан алма – Қырғызстанда (436 теңге).

Қант

Ең қымбат қант – Әзербайжанда (676,8 теңге), одан кейін Армения (631,1 теңге) мен Тәжікстан (537,2 теңге).

Ең арзан – Қазақстан (392 теңге) мен Ресейде (409,7 теңге). Бұл – осы елдерде өндіріс пен қайта өңдеу жақсы жолға қойылғанын көрсетеді.

Өзбекстанда қанттың бағасы – 534,7 теңге. Бұл – аймақтық орташа бағадан жоғары.

Азық-түлік себетінің құны

14 өнімнен тұратын азық-түлік себетінің жалпы құны бойынша ең қымбат ел – Армения (шамамен 17 000 теңге), одан кейін – Әзербайжан (14 500 теңге).

Ең қолжетімді бағалар – Беларусь (8700 теңге) пен Қырғызстанда (8900 теңге).

Орташа айлық жалақы

2024 жылы ең жоғары орташа жалақы Ресейде – 457 000 теңгеден асады. Ең төменгі жалақы Тәжікстанда – 87 000 теңге.

Орташа жалақыға неше азық-түлік себетін алуға болады?

•  Беларусь – 37 себет

•  Қазақстан – 33 себет

•  Ресей – 33 себет

•  Әзербайжан – 18 себет

•  Армения – 16 себет

•  Өзбекстан – 16 себет

•  Қырғызстан – 13 себет

•  Тәжікстан – 8 себет

Қорытынды:

Беларусь, Ресей және Қазақстанда азық-түлік бағасы мен жалақы арақатынасы тұрғындар үшін анағұрлым қолайлы. Бұл елдерде орташа жалақыға 33 және одан да көп азық-түлік себетін сатып алуға болады.

Ал Тәжікстан мен Қырғызстанда азық-түлік қолжетімділігі төмен – жалақы аз, ал баға салыстырмалы түрде жоғары.

Армения мен Әзербайжан – баға бойынша көшбасшы, әсіресе ет және сүт өнімдері өте қымбат.

Өзбекстанда кейбір азықтар (мысалы, макарон, май) бойынша баға жоғары болғанымен, жалпы жағдай орташа деңгейде.

 
 
 
Дайындаған: Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top