EC[ON]OMY

Жасанды интеллект пен экономика: инфляция мен дефляция

Жасанды интеллект туралы әңгіме көбіне бір қарапайым уәдеге тіреледі: машиналар біз үшін көбірек әрі жылдамырақ жұмыс істейді, шығын азаяды, онымен бірге баға да төмендейді. Бұл қисын өнімділік өсімін құрамдас бөліктерге бөліп, оның экономикаға нақты қалай тарайтынын қарастырғанға дейін нанымды естіледі. Ал одан шығатын қорытынды әлдеқайда қолайсыз: тиімділіктің артуы өздігінен дефляцияға кепілдік бермейді. Белгілі бір жағдайда ол, керісінше, инфляцияны күшейтеді. Дәл үкіметтер мен орталық банктер мұны ең аз күткен сәтте.

Мәселенің кілті өнімділіктің бір реттік секірісі мен оның өсу қарқынының тұрақты жеделдеуін ажыратуда жатыр. Егер өнімділік бір рет өсіп, сол деңгейде тоқтаса, экономика уақытша сыйлық алады: сол шығынмен өндірілетін тауар мен қызмет көбейіп, олардың бағасы табиғи түрде төмендейді. Біраз уақыттан кейін бәрі бұрынғы траекториясына оралады.

Өнімділік жылдан-жылға жылдам өсіп, жұрт бұл үрдіс ұзаққа созылады деп сенсе, жағдай мүлде басқаша өрбиді. Мұнда бір реттік кіріс емес, алдағы жылдардағы тұрақты табысқа деген үміт өзгереді. Ал шығын мен инвестиция туралы шешімді қазіргі жалақыдан гөрі осы күтулер айқындайды. Адамдар мен компаниялар болашақта табамыз деп күткен, бірақ әлі қолға түспеген кірісті шешімдеріне тез енгізеді: бүгіннен бастап жұмсап, инвестиция салады. Сұраныс ұсыныстан озып, экономикадағы тепе-тең пайыздық мөлшерлеме көтеріледі. Орталық банк өз мөлшерлемесін соған сай арттырмаса, инфляция баяуламай, үдей түседі.

Экономистер мұны озық сұраныс деп атайды: сұраныс болашақ өнімділік туралы уәдеге оның зауыттар мен кеңселерде нақты пайда болуынан бұрын жауап береді. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ төңірегіндегі қазіргі дүрлікпе өздігінен-ақ сұранысқа ықпал етіп жатыр. Компаниялар бюджетін қайта құрып, болашақ автоматтандыруға маман жалдап, болжамдарына жеделдейтін түсімді қосуда. Уәде етілген өнімділік өсімі статистикада қашан және қандай көлемде көрінетіні әзірге белгісіз болса да, шығын қазірдің өзінде артты. Бұрынғы ірі технологияларды енгізу тәжірибесі инвестиция мен өлшенетін нәтиженің арасы бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін көрсетеді. Әуелі бизнес қызметкерлерін қайта оқытуға, процестерді өзгертуге және жабдыққа ақша жұмсайды. Қайтарым содан кейін ғана келеді. Осы алшақтық жабылғанша, сұраныс өсіп үлгереді, ал ұсыныс әлі артпайды.

АҚШ-тағы тоқсаныншы жылдардың соңындағы ақпараттық технологиялар дүрбелеңінің тарихын дәл осы тұрғыдан қайта оқыған жөн. Ол кезде өнімділік өсімі жанама әсері жоқ сыйлық ретінде ұсынылды: өндіріс көбейеді, инфляция төмендейді, бәрі ұтады. Іс жүзінде базалық инфляция 2001 жылғы рецессияға дейінгі бірнеше жыл бойы біртіндеп өсті. Өйткені жоғары өнімділік тепе-тең мөлшерлемені көтерді, ал ақша-несие саясаты осы жаңа шындыққа қатаңдату арқылы ілесуге мәжбүр болды. Бір қызығы, сол дүрбелең туралы пікірталас та, ЖИ-ді жалпы мақсаттағы технология деп сипаттайтын бүгінгі талқылаулардың басым бөлігі де өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Оның мөлшерлеме мен бағаға қалай әсер ететініне келгенде әңгіме көбіне тоқтап қалады.

Екінші тұзақ — жылдамдық. Өнімділіктің он жылдан кейінгі жиынтық өсімі бірдей болғанымен, оның бағаға әсері іске асу қарқынына қарай мүлде өзгеше болады. Өсім бірден жүзеге асса, ұсыныс сұраныстан озып, ел ішіндегі тауарлар мен қызметтердің бағасы төмендейді. Ал тепе-тең мөлшерлеме айтарлықтай өзгермейді. Экономика бір реттік ұтыс алады. Дәл сол өсім уақытқа созылса, адамдар болашақ кірісі нақты өнімге айналмай тұрып-ақ соның есебінен ақша жұмсай бастайды. Нәтиже керісінше болады: баға мен мөлшерлеме өседі. Демек, жасанды интеллектінің экономикаға ену жолы неғұрлым баяу әрі ұзақ болса, оның жолай бағаны төмендетпей, керісінше көтеру ықтималдығы соғұрлым жоғары. Ал ірі технологияларды енгізу жөніндегі зерттеулерге қарағанда, әдетте дәл солай болады.

Үшінші мәселе технологиялық серпілістің нақты қай салада болғанына байланысты. Осы тұста көрініс одан әрі күрделене түседі. Өнімділік шикізат пен өнеркәсіптік экспорт секілді жаһандық бәсекеге тәуелді салаларда өссе, олардың бағасы бәрібір әлемдік нарықта қалыптасады. Ел ішіндегі тиімділік өсімі бұл бағаға тікелей әсер ете қоймайды. Бірақ осы сектордағы қосымша кіріс ішкі сұранысқа, соның ішінде тұрғын үйге, қызмет көрсетуге және көлікке ағылады. Инфляция дәл осы салаларда үдейді. Әсіресе экспорт секторындағы өнімділік бірден әрі жылдам артса, әсері қатты сезіледі.

Ал экспорт секторындағы өнімділік өсімі уақытқа созылып, нарық оны алдын ала күтулерге енгізе бастаса, басқа арна — валюта бағамы іске қосылады. Болашақ экспорттық кірістің өсуі туралы болжам нақты нәтиже болмай тұрып-ақ ұлттық валютаны нығайтады. Қымбат валюта импортты арзандатып, инфляцияны салқындатады. Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы туралы референдум кезінде осыған ұқсас, бірақ кері бағыттағы қисын жұмыс істеді. Нарық оны елдің экспорт секторының болашақ өнімділігіне қатысты жағымсыз жаңалық деп қабылдап, фунт бірден арзандады. Сол сәтте бірде-бір зауыт тоқтап, өндіріс көлемін қысқартқан жоқ еді. Қорытынды қарапайым әрі қолайсыз: экономика нақты бірдеңе өндіріп немесе жоғалтып үлгермей тұрып-ақ, валюта бағамы тек күтулердің әсерімен өзгеруі мүмкін.

Технологиялық серпіліс бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету немесе құрылыс секілді тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін салаларда болса, қисын әлдеқайда қарапайым. Бұл салалардағы баға шынымен төмендейді және өнімділік неғұрлым тез артса, арзандау соғұрлым айқын болады. Яғни өндіруші немесе экспорттаушы саладағы автоматтандыру ел ішіндегі тұтынушының өмірін міндетті түрде жеңілдетпейді. Кейде әсері керісінше болуы мүмкін. Ал қызмет көрсету саласындағы автоматтандыру соңғы тұтынушы үшін бағаны көбіне төмендетеді.

Өндірістік әлеуетінің елеулі бөлігі экспорттық шикізат секторларына тәуелді, ал тауарлар мен технологиялардың қомақты үлесін сырттан алатын Қазақстан секілді экономика үшін бұл сценарийлер жиынтығы абстрактілі модель емес, нақты тәуекелдер картасы. Өндіру мен өңдеуді жылдам әрі ауқымды автоматтандыру осы салалардағы кірісті қызмет көрсету секторына қарағанда тезірек арттыруы мүмкін. Мұндай жағдайда ішкі баға салқындамайды. Керісінше, тұрғын үйге, құрылысқа және қызметтерге сұраныс арқылы үдейді. Осы кезде теңге бағамы мен импорттық баға бірқалыпты болып, экономика ішінде күшейіп жатқан қысымды бүркемелеуі ықтимал. Ал нарық Қазақстан экспорты өнімділігінің тұрақты әрі ұзақмерзімді өсіміне алдын ала сенсе, әсер валюта бағамы арқылы тарауы мүмкін. Болашақ кіріс туралы күтулер теңгені бүгіннен бастап нығайтып, инфляцияның импорттық бөлігін төмендетеді. Мөлшерлеме жаңа шындыққа әлі бейімделмесе де, бәрі жоспар бойынша жүріп жатқандай әсер қалыптасады.

Мұндай жағдайда жалпы инфляция көрсеткіші мен валюта бағамын ғана емес, экономиканың әртүрлі салалары цифрланған сайын тепе-тең пайыздық мөлшерлеменің қай бағытта өзгеріп жатқанын да бақылауы керек. Күші бірдей технологиялық жаңалық қай салада болғанына, қаншалықты жылдам таралғанына және нарықтың оған алдын ала сенген-сенбегеніне қарай бір жылдан кейін екі түрлі нәтиже беруі мүмкін. Бір жағдайда теңге нығайып, импортта дефляция байқалады. Екіншісінде тұрғын үй мен қызметтерге сұраныс жасырын қызып кетеді. Тек қазіргі инфляциялық көрініске сүйеніп қабылданған мөлшерлеме шешімі тоқсаныншы жылдардың соңындағы ФРЖ сияқты кешігіп қалуы ықтимал.

Соңғы қорытынды технология туралы қарапайым әңгіме іздейтіндерге ұнамауы мүмкін. Өнімділік инфляцияны тежейтін де, үдететін де күш бола алады. Мұның бәрі оның бір реттік секіріс немесе тұрақты жеделдеу болғанына, бірден жүзеге асқанына немесе уақытқа созылғанына, экономиканың қай секторында болғанына және нарықтың оны валюта бағамына алдын ала енгізіп үлгергеніне байланысты. Осындай белгісіздік жағдайында көмектесетін жалғыз бағдар — қазіргі инфляция деңгейі де, валюта бағамының өзі де емес, экономикадағы тепе-тең мөлшерлеменің өзгерген-өзгермегені. Жасанды интеллектіден дефляциялық ғажайып күткендер әуелі кері нәтижеге дайын болғаны жөн. Баға әзірге тыныш тұр екен деп қырағылықты жоғалтуға болмайды.

Шыңғыс Ерболат, EconomyKZ зерттеу тобы, арнайы EconomyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading