EC[ON]OMY

Жетісу: Өсуге қабілетсіз аймақ па, әлде жаңа мүмкіндіктер аймағы ма?

Жетісу облысы – Қазақстанның ең жас аймақтарының бірі. 2022 жылы Алматы облысы екіге бөлінгенде пайда болғанымен, өңірдің экономикасы әлі де бұрынғы кеңестік кезеңнің құрылымынан шыға алмауда. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен туризм – басты экономикалық салалар болғанымен, Жетісу өз бетімен дамуға қауқарсыз. Аймақтың бюджетінің төрттен үші мемлекеттік трансферттерден тұрады. Егер бұл қолдау қысқарса, өңір тығырыққа тірелуі мүмкін.

Қала мен ауыл: теңсіздік тереңдеп барады

Жетісудың халқы – 697 987 адам, оның тек 44,6%-ы қалада, ал қалған 55,4%-ы ауылды жерде тұрады. Урбанизация деңгейі төмен, бұл экономикалық белсенділікті шектейді.

Халқы ең көп аудандар:

• Талдықорған – 204 059 адам

• Панфилов ауданы – 134 431 адам

• Алакөл ауданы – 74 685 адам

• Ескелді ауданы – 52 017 адам

• Кербұлақ ауданы – 43 579 адам

Халқы ең аз аудандар:

• Текелі – 31 110 адам

• Ақсұқ ауданы – 36 564 адам

• Қаратал ауданы – 39 911 адам

• Сарқан ауданы – 39 525 адам

• Көксу ауданы – 42 106 адам

Ауыл мен қала арасындағы даму алшақтығы аймақтың басты мәселесі. Талдықорғаннан басқа жерлерде экономикалық өсудің қозғаушы күштері жоқ, инфрақұрылым әлсіз, жастар жақсы өмір іздеп Алматыға кетуде.

Экономика: өз күнін өзі көре алмайтын аймақ

Жетісудың жылдық табысы 491,9 млрд теңге, бірақ оның 78,6%-ы – мемлекеттік трансферттер. Яғни, аймақ өз бетімен жетістікке жетіп отырған жоқ, орталықтың қаржылық көмегіне сүйеніп отыр.

Кірісі ең жоғары аудандар:

• Талдықорған – 23,3 млрд теңге

• Панфилов ауданы – 7,6 млрд теңге

• Алакөл ауданы – 4,0 млрд теңге

• Кербұлақ ауданы – 2,7 млрд теңге

• Көксу ауданы – 2,1 млрд теңге

Кірісі ең төмен аудандар:

• Қаратал ауданы – 823 млн теңге

• Ақсұқ ауданы – 860 млн теңге

• Текелі – 1,3 млрд теңге

• Ескелді ауданы – 1,4 млрд теңге

• Сарқан ауданы – 1,9 млрд теңге

Жетісу экономикасы мемлекеттік көмексіз өмір сүре ала ма? Қазіргі қаржылық саясат өзгерсе, аймақ бюджет тапшылығына тап болады.

Салық: бизнес жоқ жерде табыс та жоқ

Жетісу облысында корпоративтік салықтың үлесі – 12,9%ғана, ал жеке тұлғалардан түсетін салық 40,4%. Бұл өңірде ірі компаниялардың жоқтығын білдіреді.

Бір адамға шаққандағы салық жинау бойынша үздік аудандар:

• Кербұлақ ауданы – 60,8 мың теңге

• Талдықорған – 57,6 мың теңге

• Алакөл ауданы – 50,1 мың теңге

• Панфилов ауданы – 46,5 мың теңге

• Сарқан ауданы – 44,3 мың теңге

Салық түсімі ең төмен аудандар:

• Қаратал ауданы – 17,8 мың теңге

• Ескелді ауданы – 20,8 мың теңге

• Ақсұқ ауданы – 21,0 мың теңге

• Текелі – 40,1 мың теңге

• Көксу ауданы – 41,7 мың теңге

Аймақтағы экономикалық белсенділік негізінен ауыл шаруашылығына тәуелді, ал бұл тұрақты салықтық база құруға мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің әлсіз дамуы Жетісуды инвестициялық тұрғыдан тартымсыз етеді.

Бюджет: қаржы бар, бірақ даму жоқ

Облыстың жалпы бюджеті 441,7 млрд теңге. Негізгі шығын білім саласына (40,6%), бірақ бұл аймақ экономикасын дамытып отырған жоқ. Денсаулық сақтау жүйесіне 2,4%, әлеуметтік көмекке 6,1% ғана бөлінеді.

Бюджеттен ең көп қаржы алатын аудандар:

• Алакөл ауданы – 1,76 млрд теңге

• Панфилов ауданы – 1,68 млрд теңге

• Кербұлақ ауданы – 1,46 млрд теңге

• Сарқан ауданы – 1,40 млрд теңге

• Талдықорған – 1,38 млрд теңге

Бюджеттен ең аз қаржы алатын аудандар:

• Текелі – 756 млн теңге

• Көксу ауданы – 912 млн теңге

• Ақсұқ ауданы – 1,23 млрд теңге

• Ескелді ауданы – 1,28 млрд теңге

• Қаратал ауданы – 1,36 млрд теңге

Аймақта ауыл шаруашылығына және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа (9,9%) көп қаржы бөлінгенімен, бұл экономикалық серпіліс әкелмейді. Ауылдық жерлерде жұмыс орындары аз, жастар қалаға кетуде.

Жетісу облысы қазір экономикалық тығырықта тұр. Негізгі мәселелер айқын:

• Мемлекеттік қолдауға тәуелділік – бюджетке түсетін қаржының 78%-ы орталықтан келеді.

• Кәсіпкерлік пен өндірістің әлсіз дамуы – ірі бизнестің жоқтығы салық базасының төмен болуына әкеледі.

• Жұмыссыздық және жастардың кетуі – аймақ Алматымен бәсекелесе алмайды.

• Бюджет саясатының тиімсіздігі – білімге бөлінген қаржы өңірде сапалы кадрлар қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.

• Инфрақұрылымның нашар дамуы – ауыл-аймақтар инвестиция үшін тартымсыз.

Жетісу облысы дербес, өзін-өзі қаржыландыратын аймаққа айнала ала ма? Әлде орталықтың қолдауына сүйеніп, баяу құлдырауын жалғастыра ма? Бұл – билік пен жергілікті халыққа қойылатын басты сұрақ.

Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading