EC[ON]OMY

Жаңа цифрлық платформа: мемлекеттік қызметте өзгерістер

Қазақстанда жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы жарияланады. Осыдан кейін онда айтылған тапсырмаларды орындау тетігі іске қосылады. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол мемлекеттік органдар арасында бөлінеді. Содан кейін жоспар төменге қарай түседі: министрден вице-министрге, одан департамент директорына, оның орынбасарына, басқарма басшысына, әрі қарай – жетекші және бас мамандарға дейін. Негізгі жұмысты, яғни Президент бастамаларын іске асыруды дәл осы мамандар атқарады.

Дегенмен, орындаушы мамандарға үлкен жүк түседі. Олар түрлі мәселелер бойынша тиімді шешімдер ұсынуы керек, кейде тіпті жаңа, стандарттан тыс тәсілдерді ойлап табуға тура келеді. Бірақ мемлекеттік органдардағы кадр ауысымдылығын ескерсек, әрқашан ондай тәжірибе мен дайындық бола бермейді.

Ал шешімдерді жоғарыға ұсыну процесі де өз ерекшелігі бар күрделі жолдан өтеді. Әр деңгейде ұсыныстарды бағалау, келісу, кейде қолдау таппау қаупі бар. Сондықтан жақсы идеялар кейде жоғарғы деңгейге дейін жетпей, іске аспай қалады.

Осы жағдайды ескере отырып, Мемлекеттік бастамаларды біріктіру орталығын құру ұсынылады. Мұнда тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер өз кәсіби ой-пікірлерін, ұсыныстарын елдің жоғарғы басшылығымен бөлісе алады. Бұл үшін арнайы цифрлық платформажұмыс істеуі тиіс.

Платформа осы Біріктіру орталығының аясында жұмыс істеп, сараптамалық идеяларды жинап, жүйелеуге және ілгерілетуге арналған орталық органға айналады.

Кімдер мүше бола алады? Платформаға мемлекеттік қызметте кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар адамдар қатыса алады (саяси лауазымдарды қоспағанда). Оның ішінде кемінде 2 жыл – маман ретінде(аға, жетекші немесе бас маман), және 3 жыл – өңірде, яғни облыстық немесе аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдарда қызмет еткен болуы керек. Осылайша, жүйеде орталық деңгейдегі теориялық және аймақтық практикалық тәжірибе де ескеріледі.

Қатысушылар автоматты түрде өз өтілі негізінде жүйеге енгізіледі. Бұл мемлекеттік қызметкердің (қазіргі не бұрынғы) басшылық қысымымен қатысудан бас тартуына жол бермейді. Яғни, бұл жерде тек шынайы тәжірибесі бар адамдардың пікірлері ескеріледі.

Бастапқы кезеңде дайындалған дайджестер Мемлекет басшысының Әкімшілігіне немесе тікелей Президентке жолданады. Материалдарды қараудың екі деңгейі көзделеді:

1.⁠ ⁠Қарауға қабылдау – ұсыныстар Президент Жолдауына енгізу немесе мемлекеттік органдарға (орталық және жергілікті) жолдау арқылы іске асыру мүмкіндігімен қаралады.

2.⁠ ⁠Қараудан бас тарту – мазмұны немесе бағыты сәйкес келмеген ұсыныстар осы кезеңде тоқтатылады, бұл мемлекеттік органдардың уақытын және ресурсын үнемдейді.

Автордың аты-жөнін көрсетпей де ұсыныс беруге болады. Бұл жағдайда модераторлар арқылы кері байланыс орнатылады.

Материалдарда тек мәселе сипатталмай, сонымен қатар нақты шешу жолдары, халықаралық тәжірибелер, және іске асыру тетігі көрсетілуі керек.

Платформа шағым айту алаңы емес, конструктивті идеялар көзі болуға тиіс. Сондықтан әр ұсыныс белгілі бір талаптарға сай болуы қажет:

  • ⁠ ⁠Қазіргі жағдайдың талдауы (фактілер мен деректер);
  • ⁠ ⁠Халықаралық тәжірибе мысалдары;
  • ⁠ ⁠Нақты ұсыныс және іске асыру механизмі;
  • ⁠ ⁠Қажетті ресурстардың бағасы;
  • ⁠ ⁠Күтілетін нәтиже (өлшенетін көрсеткіштер);
  • ⁠ ⁠Жеке мәселелер мен шағымдарға жол берілмеуі.

Ай сайын ең үздік ұсыныстардың рейтингі жасалуы мүмкін. Бұл рейтинг анонимді түрде немесе автордың келісімімен аты-жөні көрсетіліп жариялануы мүмкін. Мәселен, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ай сайынғы тақырыптық дайджестер билікке кәсіби сараптаманың баламалы көзін ұсына алады.

Бұл жүйе қолданыстағы мемлекеттік басқару иерархиясын алмастырмайды, тек оны қосымша сараптамалық ресурсретінде толықтырады. Әрбір басшы өз саласы бойынша жауапты болып қала береді. Бірақ жоғары басшылық енді ресми есептерді практиктердің пікірлерімен салыстыра алады, ал тәжірибелі мамандар мемлекеттік саясатты қалыптастыруға тікелей әсер ету мүмкіндігіне ие болады.

Уақыт өте келе мұндай жүйе мемлекеттік аппарат ішіндегі сараптамалық әлеуетті тиімді пайдалануға, және тиімді шешімдер қабылдау процесін жандандыруғамүмкіндік беретін қуатты құралға айнала алады.

Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading