Ұлытау – Қазақстанның ең жас өңірі, 2022 жылы құрылған. Бұл жер – экономикалық парадокс: бай табиғи ресурстар, елдің ортасында орналасуы, тарихи-мәдени мұрасы бар, бірақ сонымен бірге әлсіз инфрақұрылым, бюджетке тәуелділік және ұзақ мерзімді даму стратегиясының жоқтығы байқалады. Бұл – шикізаттық байлық әрдайым өңірдің экономикалық локомотивіне айнала бермейтінін көрсететін мысал.
Урбанизация: халық саны аз, даму қарқыны төмен
Өңірде бар болғаны 221 582 адам тұрады, олардың 79,17%-ы қала тұрғындары. Халық негізінен Жезқазған (93 163 адам)мен Сәтбаев (68 987 адам) қалаларында шоғырланған. Бұл екі қала – кеңес заманындағы өнеркәсіптік саясаттың жемісі. Ал халқы аз Ұлытау ауданы (11 187 адам) сияқты өңірлер – экономикада тұрақты жұмыс орындарының жоқтығын көрсетеді.
Демографиялық жағдай тек статистика ғана емес. Бұл – өңірде жұмыс істейтін мамандардың жетіспеуі, тұтынушылық сұраныстың төмендігі және бос жатқан аумақтардың көбеюі деген сөз. Қазіргі Ұлытау – кеңестік өндірістің инерциясымен жұмыс істеп тұрған бірнеше қала ғана, жаңа инвестицияларсыз әрі даму стратегиясынсыз қалып қойды.

Табыс: шикізаттық тәуелділік
Өңірдің жылдық бюджеті 168,2 млрд теңге, оның 41,8%-ы трансферттер. Яғни, Ұлытауда кәсіпорындар болса да, олар өңірді өз бетінше қаржыландыруға жеткілікті табыс әкелмейді.
Кірісі ең жоғары 5 өңір:
1. Жезқазған – 27,1 млрд теңге
2. Сәтбаев – 10,3 млрд теңге
3. Ұлытау ауданы – 6,7 млрд теңге
4. Қаражал – 5,07 млрд теңге
5. Жаңаарқа ауданы – 4,33 млрд теңге
Экономиканың шикізаттық сипаты салық құрылымынан да көрінеді: кірістің 41,2%-ы жеке тұлғалардың табыс салығынан түссе, табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін салық бар болғаны 9,4%. Яғни, өңірдің табысы ірі кәсіпорындардан емес, халықтың жалақысы мен күнделікті тіршілігінен қалыптасады. Бұл – өте тұрақсыз қаржы моделі.

Шығындар: инфрақұрылымға салынған инвестиция ма, әлде көзбояушылық па?
Ұлытаудың жылдық бюджеті 153,1 млрд теңге. Оның негізгі бағыттары:
• Білім беру – 33,2% (50,8 млрд теңге)
• Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) – 21,9% (33,5 млрд теңге)
• Денсаулық сақтау – 3,4% (5,1 млрд теңге)
• Көлік және жолдар – 8,7% (13,2 млрд теңге)
Құжат жүзінде бәрі дұрыс көрінеді – ақша негізгі салаларға бағытталған. Бірақ өңірдің шынайы жағдайына қарасақ, жолдар сапасыз, әлеуметтік инфрақұрылым әлсіз, энергиямен қамтамасыз ету жүйесі ескірген. Демек, қаржы бар, бірақ нақты даму байқалмайды.
Ең көп бюджет жұмсалған 5 өңір:
1. Ұлытау ауданы – 1,3 млрд теңге
2. Сәтбаев – 1,1 млрд теңге
3. Жаңаарқа ауданы – 1,1 млрд теңге
4. Жезқазған – 765 млн теңге
5. Қаражал – 691 млн теңге
Ең бастысы, әлеуметтік салаға бар-жоғы 4,1% қаржы бөлінген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Егер өңір халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөлмесе, онда жаңа тұрғындар мен инвесторларды тарту мүмкін емес.
Ұлытау – шикізатқа тәуелді, бірақ өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайтын өңірдің классикалық мысалы. Егер даму бағыты өзгермесе, өңір дотациялық аймақ болып қала береді.
Негізгі проблемалар:
• Бюджеттік тәуелділік – қаражаттың 41,8%-ы трансферттерден келеді, бұл өңір экономикасын осал етеді.
• Экономикалық әртараптандыру жоқ – өңірдегі ірі кәсіпорындар бюджетке жеткілікті салық төлемейді, шағын және орта бизнес дамымаған.
• Әлеуметтік саясат әлсіз – денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға бюджеттен 8%-дан аз қаражат бөлінеді, бұл халықтың көшуіне әкеледі.
• Жеке инвестициялардың тапшылығы – өңірге жаңа өндіріс орындарын ашуға ынталандыратын механизмдер жоқ.
Ұлытауға жаңа экономикалық стратегия қажет. Егер ол тез қолға алынбаса, өңір депрессивті аймаққа айналып, тұрғындар толықтай көшіп кетуі мүмкін.
Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін


