2022 жылы Тәжікстан аймақтағы ең жоғары экономикалық өсім қарқынын көрсетті – ЖІӨ 8%-ға өсті. Дегенмен, Дүниежүзілік банк болжамына сәйкес, 2025–2026 жылдары өсімнің баяулап, орта есеппен 4,5%-ды құрауы күтіледі. Бұған елдің Ресей, Қазақстан және Қытайға импорттық тәуелділігі мен сыртқы күйзелістерге осалдығы әсер етеді.
Демографиялық жағдай. Тәжікстан – ТМД аумағында халық саны ең жылдам өсіп жатқан мемлекет. Қазіргі халық саны 10,3 млн адамды құрайды, ал 1991 жылдан бері ол екі есе артты. Халықтың 60%-дан астамы еңбекке қабілетті жаста болса, балалар үлесі 34%-ға тең. Бұл елге демографиялық мүмкіндік беріп отырғанымен, еңбек нарығына және әлеуметтік қолдау жүйесіне қосымша қысым түсіреді.
Ресми деректер бойынша, жұмыссыздық деңгейі 7%-дан аспайды. Алайда шын мәнінде 500 мыңнан астам азамат шетелде, негізінен Ресейде еңбек етіп жүр. Бұл ішкі экономиканың жеткілікті жұмыс орындарын құра алмауын көрсетеді. Сонымен қатар, бейресми жұмыспен қамту деңгейі өте жоғары – шамамен 45% (2019 жылғы мәлімет). Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әлсіздігін және кедейлікті азайтудың қиындығын көрсетеді.
Әлеуметтік сын-қатерлер. Тәжікстандағы орташа жалақы небәрі 132 АҚШ долларын құрайды – бұл аймақтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Жыныстар арасындағы табыс айырмашылығы да айқын: ерлер әйелдерден 35–40% артық табыс табады. Бұл әйелдердің сатып алу қабілетін төмендетіп, әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді.
Макроэкономикалық көрсеткіштер оң болғанына қарамастан, кедейлік деңгейі жоғары болып отыр. Халықтың 12,4%-ы күніне 3,65 доллардан аз табыспен (ХСҰ өлшемі бойынша) өмір сүреді. Ал халықтың жартысына жуығы (47%) күніне 6,85 доллардан аз қаражатқа күн көреді.
Ең күрделі мәселе – балалар арасындағы кедейлік. ЮНИСЕФ дерегінше, 5 жасқа дейінгі 431 мыңнан астам бала азық-түлік тапшылығын көріп отыр. Бұл олардың денсаулығына және болашақтағы әлеуетіне елеулі қауіп төндіреді.
Даму әлеуеті. Тәжікстанның экономикалық әлеуеті зор, әсіресе жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және пайдалы қазбалар саласында. Бірақ бұл мүмкіндіктер толық пайдаланылмай келеді.
- Энергетика: Ел ВИЭ әлеуетінің небәрі 5%-ын ғана пайдаланып отыр. Ал гидро және күн энергиясы өндірісті кеңейтуге, отын импортына тәуелділікті азайтуға және экспортты арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі кедергі – инвестиция тапшылығы мен ескірген инфрақұрылым.
- Ауыл шаруашылығы: Халықтың басым бөлігі осы салада жұмыс істейді. Суару жүйесін жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізсе, ел азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорт көлемін арттыра алады. Сондай-ақ агроөнімдерді өңдеу арқылы қосымша құн құру мүмкіндігі бар.
- Пайдалы қазбалар: Тәжікстан алтын, күміс, сүрме және басқа да табиғи ресурстарға бай. Бұл сала бюджеттік кіріс пен инвестиция көзі бола алады. Бірақ елдің сейсмикалық белсенді аймақта орналасуы кен өндіруді қымбаттатады және қосымша қауіпсіздік шараларын қажет етеді.
Сөйтіп, Тәжікстан экономикасы жоғары өсім қарқынын көрсеткенімен, құрылымдық тәуелділік пен әлеуметтік теңсіздік проблемалары оның тұрақты дамуына кедергі болып тұр. Елдің ұзақ мерзімді табысы инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту және еңбек нарығын реформалау қабілетіне тікелей байланысты.


