Солтүстік Қазақстан облысы – Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, бірақ экономикалық өсім көрсетпейтін, тек мемлекеттен бөлінетін қаржыға сүйеніп отырған өңір. Әкімшілік орталығы – Петропавл, жалпы халық саны – 530 089 адам. Ресеймен шекаралас болғанымен, өңірдегі экономикалық жағдай тұрақты дамуды көрсетпейді.
Халық саны: азаю тенденциясы және теңсіздік
Өңір халқының 48,92%-ы ғана қалаларда тұрады, бұл – Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Мысалы, көрші Павлодар облысында бұл көрсеткіш 70,72%.
Халқы ең көп аудандар:
• Петропавл – 222 688 адам
• Қызылжар ауданы – 46 550 адам
• Тайынша ауданы – 39 625 адам
• Ғабит Мүсірепов ауданы – 35 126 адам
• Айыртау ауданы – 31 963 адам
Халқы ең аз аудандар:
• Тимирязев ауданы – 9 676 адам
• Ақжар ауданы – 13 192 адам
• Мамлют ауданы – 17 236 адам
• Жамбыл ауданы – 17 782 адам
• Шал ақын ауданы – 17 710 адам
Өңірден халықтың кетуі – үлкен мәселе. Жастар Алматы, Астана немесе шетелге көшіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, бұл аудандарда жұмыс күші тапшылығы туындайды.

Экономика: мемлекеттік бюджетке тәуелділік
Облыстың жалпы табысының 74,5%-ы мемлекеттік трансферттер есебінен келеді. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін: Павлодар облысында трансферттер үлесі – 34,9%. Бұл өңірдің өздігінен қаржы таба алмайтынын көрсетеді.
Ең көп табыс әкелетін аудандар:
• Петропавл – 30,5 млрд теңге
• Ғабит Мүсірепов ауданы – 3,47 млрд теңге
• Қызылжар ауданы – 3,27 млрд теңге
• Тайынша ауданы – 3,17 млрд теңге
• Есіл ауданы – 2,42 млрд теңге
Ең аз табыс әкелетін аудандар:
• Тимирязев ауданы – 759 млн теңге
• Уәлиханов ауданы – 881 млн теңге
• Ақжар ауданы – 895 млн теңге
• Шал ақын ауданы – 1,16 млрд теңге
• Жамбыл ауданы – 1,23 млрд теңге
Бұл көрсеткіштер өңірдің қаржы тұрғысынан өте әлсіз екенін дәлелдейді. Мемлекеттік көмек тоқтаса, облыс қаржылық дағдарысқа тап болады.

Салық түсімдері: бизнес жоқтың қасы
Өңірдегі негізгі салықты жеке тұлғалар (40,5%) мен әлеуметтік төлемдер (29,4%) құрайды. Ал бизнестен түсетін корпоративтік салық 10,9% ғана. Бұл – өңірде кәсіпкерлік әлсіз екенін көрсетеді.
Салық түсімі ең жоғары аудандар:
• Есіл ауданы – 112,6 мың теңге (әр адамға шаққанда)
• Петропавл – 111,8 мың теңге
• Аққайың ауданы – 84,1 мың теңге
• Ғабит Мүсірепов ауданы – 79,7 мың теңге
• Тайынша ауданы – 74,9 мың теңге
Салық түсімі ең төмен аудандар:
• Шал ақын ауданы – 62,6 мың теңге
• Уәлиханов ауданы – 63,1 мың теңге
• Ақжар ауданы – 63,3 мың теңге
• Жамбыл ауданы – 63,7 мың теңге
• Мағжан Жұмабаев ауданы – 65,9 мың теңге
Бұл дегеніміз, өңірде ірі компаниялар мен табысты кәсіпорындар жоқ, ал негізгі салықтық жүктеме қарапайым халыққа түсіп отыр.

Өңір бюджетінің жалпы көлемі – 521,4 млрд теңге. Бірақ бұл қаражат денсаулық сақтау саласына өте аз бөлінеді – бар болғаны 2,3%.
Мемлекеттік қызметтерге ең көп қаржы бөлген аудандар:
• Петропавл – 18,2 млрд теңге
• Тайынша ауданы – 3,86 млрд теңге
• Қызылжар ауданы – 3,04 млрд теңге
• Ғабит Мүсірепов ауданы – 2,42 млрд теңге
• Есіл ауданы – 1,95 млрд теңге
Ең аз қаржы бөлген аудандар:
• Тимирязев ауданы – 825 млн теңге
• Ақжар ауданы – 854 млн теңге
• Уәлиханов ауданы – 930 млн теңге
• Шал ақын ауданы – 997 млн теңге
• Жамбыл ауданы – 1,02 млрд теңге
Инфрақұрылым, жолдар, денсаулық сақтау саласы қаржыландырылмай жатыр. Бұл ұзақ мерзімді перспективада өңірді одан әрі әлсіретеді.
Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі жағдайы – қиын. Өңірдің негізгі проблемалары:
• Халық саны азайып барады. Жастар жақсы мүмкіндіктер іздеп, басқа өңірлерге көшіп жатыр.
• Экономика толықтай мемлекеттік көмекке тәуелді.Жергілікті бюджет өздігінен қаржы тауып, дамуға қабілетті емес.
• Кәсіпкерлік жоқтың қасы. Бизнестің әлсіз дамуы салық түсімдерінің төмендігіне әкеліп соқты.
• Инфрақұрылым нашар. Жолдар, денсаулық сақтау, білім беру салалары қаржы тапшылығын сезініп отыр.
• Өңірде нақты даму жоспары жоқ. Жергілікті билік ұзақмерзімді стратегия жасамаса, жағдай тек нашарлай береді.
Басқаша айтқанда, Солтүстік Қазақстан өңірі қазір бір орында тұр. Егер жергілікті билік жағдайды өзгертпесе, өңір біртіндеп халықсыз, экономикасыз, болашағы жоқ аймаққа айналуы мүмкін. Мәселе – осыған жол бермеуде.
Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін


