EC[ON]OMY

Шымкент: Экономикалық тәуелділік және шешу жолдары

Шымкент – Қазақстандағы халқы ең көп үш қаланың бірі, оңтүстіктің ірі өнеркәсіптік және сауда орталығы. Қала жыл сайын өсіп келеді, бірақ экономикалық тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алған жоқ. Жергілікті бюджеттің жартысына жуығы республикалық трансферттерден құралады, ал бизнес секторының үлесі төмен. Бұл жағдай өзгермесе, Шымкент өз әлеуетін толық пайдалана алмайтын қала болып қала бере ме?

Халық саны: жылдам өсім, бірақ инфрақұрылым артта қалуда

Қала халқы 1,22 млн адамға жетті. Бұл – елдегі ең жылдам өсіп жатқан урбанизациялық аймақтардың бірі. Бірақ халық саны артқанымен, инфрақұрылым оған ілесе алмай жатыр.

Ең көп адам тұратын аудандар:

• Каратау ауданы – 370 495 адам

• Абай ауданы – 354 086 адам

• Еңбекші ауданы – 294 377 адам

• Әл-Фараби ауданы – 203 108 адам

Шымкенттің шекарасы кеңейгенімен, қаланың дамуы жүйесіз жүруде. Жолдар, коммуналдық жүйе, әлеуметтік қызметтер халық санының көбеюін ескере отырып дамып жатқан жоқ. Бұл болашақта үлкен мәселелер туғызуы мүмкін.

Табыс: трансферттерге тәуелді экономика

Шымкент бюджетінің жалпы кірісі 735,9 млрд теңгеніқұрайды. Бірақ бұл қаржының 42,7%-ы республикалық трансферттер есебінен келеді. Яғни, қала өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайды.

Табыс көздері:

• Салық түсімдер – 370,5 млрд теңге (50,3%)

• Бюджеттік трансферттер – 314,1 млрд теңге (42,7%)

• Мемлекеттік активтерді сату – 31,1 млрд теңге (4,2%)

• Басқа кірістер – 20,1 млрд теңге (2,7%)

Бұл көрсеткіштер қала бюджетіндегі басты мәселені көрсетеді: Шымкенттің экономикасы жергілікті кәсіпкерлікке емес, республикалық қаржыға тәуелді.

Салық жүйесі: негізгі ауыртпалық халыққа түсіп отыр

Қаланың салық құрылымы:

• 40,1% – акциздер, яғни қала бюджеті көбіне темекі, алкоголь және жанармай өнімдерінен түскен салықтарға тәуелді.

• 21,7% – жеке табыс салығы, бұл халықтың негізгі жүктемені көтеріп отырғанын көрсетеді.

• 13,8% – әлеуметтік төлемдер.

• 11,3% – корпоративтік салық, яғни ірі кәсіпорындар мен бизнес сектордың экономикаға қосқан үлесі төмен.

Экономикасы тұрақты қалаларда бизнес негізгі салық төлеуші болып табылады. Ал Шымкентте керісінше, бюджеттің негізгі жүгін қарапайым азаматтар көтеріп отыр.

Шығындар: білімге көп қаржы бөлінеді, бірақ медицина назардан тыс қалуда

Қаланың жалпы бюджеті 741 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде:

• 42,4% – білім саласына

• 17,3% – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа

• 12,5% – көлік және инфрақұрылымға

• 5% – әлеуметтік көмекке

• 2% – денсаулық сақтау саласына

Оқу орындарын дамыту – болашаққа салынған инвестиция. Бірақ денсаулық сақтау саласына бар болғаны 2% бөлінуі – үлкен мәселе. Халық саны артып келе жатқанда, медициналық қызметтер мен ауруханалардың жағдайын жақсарту басты басымдық болуға тиіс.

Негізгі мәселелер:

1. Бюджеттің 42,7%-ы республикалық трансферттерге тәуелді. Егер бұл қаржы азайса, қалада әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымға бөлінетін қаражат жетіспеуі мүмкін.

2. Бизнес әлсіз дамыған. Корпоративтік салықтың үлесі – 11,3%, бұл қалада ірі кәсіпорындардың аз екенін немесе олар салық төлеуден жалтаратынын көрсетеді.

4. Инфрақұрылым артта қалып отыр. Қала тез өсіп келе жатқанымен, жолдар, қоғамдық көлік, коммуналдық қызметтер қажетті деңгейде дамып жатқан жоқ.

5. Медицинаға аз қаражат бөлінеді. Тұрғын саны артқан сайын, ауруханалар мен емханалардың сапасы мен қолжетімділігі төмендемеуі керек.

Алдағы бағыт қандай болуы керек?

Шымкенттің мүмкіндігі жоғары, бірақ оны толық пайдалану үшін жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, жаңа инвестицияларды тарту және экономикалық дербестікті арттыру қажет.

Қала бюджетінің негізі трансферттер емес, жергілікті кәсіпкерлік пен өндіріс болуы тиіс. Әйтпесе, Шымкент дотациялық қала болып қала бермек.

Қаланың болашағы: ол өзін-өзі қамтамасыз ететін мықты мегаполиске айнала ма, әлде республикалық қаржыға тәуелді қала болып қала бере ме?

Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top