EC[ON]OMY

Саудадағы серпін бе, әлде уақытша құбылыс па?

2025 жылғы қаңтар-наурызда сауда саласының нақты көлем индексі 106,3%-ды құрады. Бұл өткен жылғы 103,3%-дан жоғары. Бірақ бұл сандардың астарында – аймақтық теңсіздік пен әрқилы бағыттағы үрдістер жатыр.

Көтерме сауда: бұрынғы орталықтардың күшеюі

Саланың басты қозғаушысы – көтерме сауда: өсім 7% (2024 жылы – 2,6%). Оның ішінде 82,2% – азық-түлік емес және өндірістік-техникалық тауарлар. Географиялық тұрғыдан алғанда, сауда Алматы (38,3%), Атырау (16,6%), Астана (15,4%) және Қарағанды (5,2%) қалаларында шоғырланған.

Бірақ бұл – бүкіл ел бойынша тең өсім емес, алдыңғы қатарлы орталықтардың бұрынғысынша алда болуы. Басқа өңірлердің үлесі тым төмен күйде қалып отыр.

Бөлшек сауда: баяу өсім, жаңа ойыншылар

Бөлшек саудадағы өсім – небәрі 4,8% (2024 жылы – 4,9%). Бұл жерде де теңсіздік байқалады: ірі компаниялар тек 1,4%-ға өссе, жеке кәсіпкерлер мен базарлар – бірден 16,4%-ға артқан. Яғни, белсенділік формалды емес секторға ауысып жатыр.

Сауда айналымының 87,9%-ы – отандық жеке меншік компаниялар үлесінде, шетелдік құрылымдар – тек 12,1%. Сатылымның 71,2%-ы – азық-түлік емес тауарлар, азық-түлік – 28,8%.

Алматы (31,6%) мен Астана (12,7%) – бөлшек сауданың жартысына жуығын құрайды. Яғни, өңірлік теңгерімсіздік көтерме саудада ғана емес, бөлшек бағытта да сақталуда.

Қоймадағы тауар көлемі: нарықтың «қызуының» белгісі ме?

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бөлшек сауда кәсіпорындарының тауарлық қоры 1,57 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 69 күндік сауда көлеміне тең. Егер сұраныс артпаса, кәсіпкерлер тауарды жаппай сатуға немесе бағаны төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін.

⚠️ Ішкі сауда көрсеткіштері қағаз жүзінде өскенімен, нақты көрініс – тұрақсыз. Бұрынғы орталықтар алда келеді, аймақтар арасындағы алшақтық тереңдеуде. Ресми бөлшек сауда позициясын жоғалтып, базарлар мен ИП-лар күш алып жатыр. Салада институционалдық өзгерістер мен сұраныстың әртараптануы байқалмайды.

Дайындаған: Ален Серік арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top