EC[ON]OMY

ҚР Қаржы министрлігінің 2024 жылғы бюджеті

Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы – бюджет қаржысын тиімді игеруге тікелей байланысты. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (ҚМ) 2023–2027 жылдарға арналған даму жоспары аясында 2024 жылы 18 негізгі бюджеттік бағдарламаны жүзеге асырды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бюджет қаражатының игерілу деңгейі 99,7%-ды құрады. Бұл көрсеткішке бірнеше рет бюджет параметрлері қайта қаралғанына және валюта бағамының өзгеруіне қарамастан қол жеткізілді. Енді осы көрсеткіштердің артында не жатқанын, қандай басым бағыттар іске асырылғанын және болашақтағы сын-қатерлерді бірге талдап көрейік.

2024 жылғы республикалық бюджетте Қаржы министрлігіне бастапқыда 7,9 трлн теңге бөлінді. Кейін валюта бағамының ауытқуына байланысты мемлекеттік қарызды өтеу шығындары артты және бұл сома 8,2 трлн теңгеге дейін қайта қаралды.

Алайда іс жүзінде 18 бағдарламаны жүзеге асыру үшін 7,67 трлн теңге көзделіп, соның 7,63 трлн теңгесі игерілді. Бұл – 99,7% орындалу деңгейі. Яғни, бюджет процесінде жоғары тәртіп болғанын көрсетеді. Бірақ назар аударуға тұрарлық кейбір маңызды жайттар да бар. Атап айтқанда, 33,9 млрд теңге көлемінде қаражат игерілмей қалды. Оның ішінде:

•  9,5 млрд теңге – Үкімет резервінің бөлінбеген қалдығы;

•  321,9 млн теңге – үнемделген қаржы;

•  24 млрд теңге – нақты игерілмеген қаражат.

2024 жылы Қаржы министрлігі 18 бюджеттік бағдарламаны жүзеге асырды. Онда 43 нақты нәтиже көзделген болатын. Соның 40-ы орындалып, 3-еуі орындалмай қалды. Сонымен қатар 21 түпкі нәтижеден 20-сында жоспарланған мақсаттарға қол жеткізілді.

Жалпы алғанда, 93% орындалу деңгейі – оң көрсеткіш. Әсіресе, валюта бағамының тұрақсыздығы мен бюджет параметрлерінің жыл бойы өзгеріп отырғанын ескерсек, бұл жоғары нәтиже деуге болады.

Бюджетті нақтылау қажеттігінің негізгі себебі – мемлекеттік қарызды өтеу шығындарының артуы. Шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға кететін шығындар өскендіктен, қосымша 318 млрд теңге бөлуге тура келді.

Сонымен қатар, даму жоспарына түзетулер жыл бойы бірнеше рет енгізілді: қаңтарда, сәуірде, мамырда, шілдеде, қыркүйекте, қазанда, қарашада және желтоқсанда. Бұл – мемлекеттік қаржыны басқаруда икемді тәсіл қолданылғанын және өзгермелі экономикалық жағдайға бейімделу әрекеті болғанын көрсетеді.

99,7% игерілу – жай ғана сан емес. Бұл – жүйенің тұрақтылығын, басқару деңгейін және өзгерістерге дайындықты көрсететін белгі. Дегенмен, игерілмей қалған қаржы мен орындалмаған нәтижелер де бар. Бұл – мемлекеттік басқаруда тұрақты бақылау, сапалы талдау мен жауапкершіліктің қажет екенін еске салады

Дайындаған: Ален Серік,  порталының сарапшысы EconomyKZ.org

Scroll to Top