EC[ON]OMY

Қазақстанның сыртқы саудасы – 2024–2025 жж.

Бүгін біз Қазақстан тауарларының әлем бойынша жасаған «саяхатына» көз жүгіртеміз. Қай елдерге қандай көлемде өнім жіберілгенін, олар қандай жолмен жеткенін қарастырамыз.

Басты нүкте – Қазақстан.

Орталық Азиядағы ең үлкен ел ретінде Қазақстан Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың тоғысқан тұсында орналасқан. ЕАЭО, ШЫҰ сияқты сауда ұйымдарының арасында көпір бола отырып, еліміз батыс пен шығысты байланыстыратын маңызды хабқа айналуда.

2023–2024 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы сыртқы сауда көлемі 141,39 млрд АҚШ долларын құрап, 1,12%-ға өсті.

Экспорт

Осы кезеңде Қазақстан шет елдерге жалпы 81,62 млрд. долл. тауарын экспорттады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,74%-ға көп.

Сыртқы нарықта ең көп сұранысқа ие өнімдер:

  • Шикі мұнай – еліміздің басты «жолаушысы». 2024 жылы Қазақстан 71 млн тонна шикі мұнай экспорттап, одан 43,9 млрд АҚШ доллары көлемінде кіріс тапты.

  • Радиоактивті изотоптар – Қазақстан бұл бағытта әлемдегі жетекші экспорттаушылардың қатарында. 2024 жылы 28,5 мың тонна өнім экспортталып, 4,6 млрд доллар табыс әкелді.

  • Мыс – жаһандық нарықта сұранысқа ие металл. 2024 жылы 478,7 мың тонна мыс шет елдерге сатылып, елге 4,1 млрд доллар пайда келді.

  • Мыс кені – сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Экспорт көлемі 1,9 млн тоннаға жетіп, одан 3,2 млрд доллар табыс түсті.

  • Ферроқорытпалар – Қазақстанның тағы бір ірі экспорттық өнімі. 2024 жылы 1,8 млн тонна ферроқорытпа шет елге жөнелтіліп, 2,4 млрд доллар кіріс әкелді.

Тауарлар қайда жөнелтілді?

1. Ресей және ТМД елдері

Көрші елдермен сауда байланысы тығыз. Негізгі бағыттар:

•  Ресей – 9,1 млн. тонна, 29,9 млрд: доллар.

•  Қырғызстан – 1,2 млн. тонна, 4,2 млрд. доллар.

•  Өзбекстан – 2,8 млн. тонна, 9,9 млрд. доллар.

2. Қытай

Қазақстаннан Қытайға 15,1 млн тонна тауар жөнелтіліп, 17,9 млрд. долларды құрады. Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белсенді жүзеге асырып жатқандықтан, бұл бағыттың болашағы зор.

3. Еуропалық одақ

Қазақстанның мұнайы мен металдарына Еуропада сұраныс жоғары. Ірі серіктестер:

•  Италия – 19,7 млн тонна, 31,4 млрд. доллар.

•  Нидерланды – 5,3 млн тонна, 9,2 млрд. доллар.

•  Франция – 3,7 млн тонна, 5,3 млрд. доллар.

•  Румыния – 2,8 млн тонна, 4,6 млрд. доллар.

•  Грекия – 2,8 млн тонна, 4,4 млрд. доллар.

Импорт

2023–2024 жылдары Қазақстан 59,8 млрд. долл. тауарын импорттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,26%-ға төмен.

Ең көп әкелінген өнімдер:

  • Автокөліктер – Қазақстан экономикасының басты «шетелдік қонағы». 2024 жылы ел 228,7 мың тонна көлемінде автокөлік импорттап, жалпы құны 2,3 млрд АҚШ долларын құрады.

  • Ұшатын аппараттар – 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 1,5 мың тонна көлемінде бұл тауар тобын 1,8 млрд доллар сомасына сырттан сатып алған.

  • Дәрі-дәрмектер – ішкі нарықта сұранысқа ие шетелдік тауарлар. Импорт көлемі 32,4 мың тонна, құны 1,7 млрд доллар.

  • Телефон аппараттары – Қазақстан 10,7 мың тонна телефон әкеліп, оған 1,6 млрд доллар жұмсаған.

Импорт елдері бойынша:

•  Ресей – 25,4 мың тонна, 17,6 млрд доллар.

•  Қытай – 4,6 млн тонна, 15,1 млрд доллар.

•  Өзбекстан – 1,9 мың тонна, 1,3 млрд доллар.

•  Қырғызстан – 662,4 мың тонна, 440,2 млн доллар.

•  Беларусь – 537,9 мың тонна, 729,4 млн доллар.

•  Иран – 503,8 мың тонна, 215,5 млн доллар.

•  Тәжікстан – 317 мың тонна, 217,5 млн доллар.

•  Түркия – 312 мың тонна, 1,7 млрд доллар.

•  Германия – 282,6 мың тонна, 2,8 млрд доллар.

Қиындықтар мен тосқауылдар

Қазақстанның сыртқы саудасына әсер ететін негізгі мәселелер:

•  Көрші елдердегі тұрақсыздық – Ауғанстан мен Ирандағы жағдай транзитке әсер етеді.

•  Жаһандық экономикалық құбылыстар – Мұнай бағасының ауытқуы, санкциялар мен сауда шектеулері.

•  Логистика – Инфрақұрылым дамып жатқанымен, жүк тасымалдау жолдарында қиындықтар бар.

•  Климат пен энергетика – Жаңартылатын энергия көздерін дамыту басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына ауа райы да әсер етеді.

Қазақстан алдағы жылдары да әлемдік сауда жолдарында өз орнын нығайтуды жалғастырады. Сауда тек экономиканы өсіріп қана қоймай, елдің халықаралық аренадағы орнын айқындай түседі.

Біздің тауарларды әлі талай жаңа нарықтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр.

 

Дайындаған: Динара Абай қызы, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top