EC[ON]OMY

Қазақстанның қарыз жүктемесі: құрылымы мен шынайылығы

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан бекітілген бюджет тапшылығы аясында қомақты қарыздар алды. Ішкі қарыздардан мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы түскен жалпы көлемі 4 996,6 млрд теңгені құрады. Ал сыртқы қарыздар әлдеқайда аз болды – бар болғаны 90,7 млрд теңге.

2024 жылғы 1 қазанға дейін жалпы мемлекеттік қарыз 30 504,8 млрд теңгеге жетті, бұл 134 952,9 млрд теңге көлеміндегі ЖІӨ-нің 22,6%-ын құрайды. Үкіметтік қарыз жалпы мемлекеттік қарыздың 94,4%-ын құрап, 28 784,7 млрд теңгеге тең. Оның негізгі бөлігі ішкі қарыздарға тиесілі – 21 567,6 млрд теңге (75%), ал сыртқы міндеттемелер 7 217,0 млрд теңгені (25%) құрайды.

Қарыз жүктемесі келесідей бөлінеді: қысқа мерзімді міндеттемелер 848,0 млрд теңгені, орта мерзімді – 3 209,7 млрд теңгені, ал ұзақ мерзімді қарыздар 24 726,9 млрд теңгені құрайды. Пайыздық төлемдердің басым бөлігі – 85% – бекітілген. Қалқымалы ставкалар 12%-ды, инфляция индексіне индекстелген қарыздар 3%-ды құрайды.

Үкіметтік қарызды өтеуге 2024 жылдың басынан бастап қыркүйек айына дейін 1 959,3 млрд теңге жұмсалды, бұл бюджетке айтарлықтай қаржылық жүктеме түсіргенін көрсетеді. Ұлттық Банктің дисконтталған құндағы ішкі міндеттемелері 500,0 млрд теңгені немесе жалпы мемлекеттік қарыздың 1,6%-ын құрады. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздық міндеттемелері 1 220,1 млрд теңгеге жетіп, жалпы қарыз көлемінің 4,0%-ын құрады.

Қазақстанның қарыз құрылымы ішкі қаржыландыруға тәуелділіктің жоғары екенін көрсетеді, бұл белгілі бір тұрақтылықты қамтамасыз етеді, бірақ тәуекелдерді азайту үшін тұрақты бақылау мен қадағалауды қажет етеді.

Дайындаған: Лина Егель қызы, Economy.kz порталының сарапшысы

Scroll to Top