EC[ON]OMY

Қазақстандағы инфляция: Негізгі себептер мен әсерлері

Қазақстандағы инфляция халықтың өміріне тікелей әсер етіп отыр. 2025 жылдың ақпан айында жылдық инфляция деңгейі 9,4%-ға жетті. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 8,9% болған. Бір ай ішінде баға 1,5%-ға көтерілді.

Ec[ON]omyKZ сарапшысының айтуынша, инфляцияның негізгі себептері – коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы және қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуі. Сонымен қатар, аймақтар арасында да айырмашылықтар бар: Астанадағы инфляция 12,7%-ға жетіп, ел бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды.

Қай тауарлар мен қызметтер ең көп қымбаттады?

Коммуналдық қызметтер бағасының өсуі инфляцияны күшейтуде. 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда:

  • Суық су – +70,7%
  • Электр энергиясы – +21%
  • Орталық жылу жүйесі – +18,2%
  • Газ (тарату желілері арқылы жеткізілетін) – +13,2%
  • Пәтер жалдау ақысы – +16,5%

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер инфляцияға 1,9 пайыздық пункт үлес қосты. Бұл – Қазақстандағы инфляцияның 20%-ы тек коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты деген сөз.

Бұдан бөлек, көптеген тауарлар да қымбаттады:

  • Телевизор, аудиожабдықтар – +42,3%
  • Алтын әшекейлер – +24,4%
  • Отандық көліктер – +18,9%
  • Киім мен аяқ киім – +10,9%

Азық-түлік бағасы да шарықтады:

  • Картоп – +62,1%
  • Пияз – +27,3%
  • Қырыққабат – +20,2%
  • Кондитерлік өнімдер – +14,2%
  • Сары май – +12,2%

Дегенмен, кейбір азық-түлік тауарлары арзандады:

  • Қарақұмық – -20,4%
  • Сәбіз – -6,6%
  • Күріш – -5,7%
  • Жұмыртқа – -5,3%

Қай аймақтарда инфляция жоғары?

Аймақтар бойынша инфляция деңгейі әртүрлі. Кейбір өңірлерде орташа республикалық көрсеткіштен жоғары:

  • Астана – 12,7%
  • Ақмола облысы – 10,7%
  • Батыс Қазақстан облысы – 10,5%
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 10,2%
  • Маңғыстау облысы – 10,1%

Бағаның көтерілуі халықтың күнделікті өміріне елеулі ықпал етеді. Әсіресе, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы табысы төмен отбасыларға ауыр тиеді. Азық-түлік бағасының өсуі халықты арзан, бірақ сапасыз өнімдерді тұтынуға мәжбүрлейді, бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ, инфляция халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Бұл экономикаға кері әсерін тигізіп, тұтынушылық сұранысты азайтады. Ал сұраныстың төмендеуі бизнестің табысын азайтып, жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі мүмкін.

 

Дайындаған: Лина Егель қызы арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top