EC[ON]OMY

Қазақстанда жас ғалымдардың ғылыми мансабы

Қазақстанда жас ғалымдарға арналған гранттар мен қолдау бағдарламалары бар. Бірақ жүйе әлі де бәсекеге қабілетті зерттеушілерді тұрақты түрде шығара алмай отыр. Мәселе таланттың жоқтығында емес. Тек қаржыда да емес. Негізгі проблема — ғылыми өсу жолының нақты құрылмауы.

Бағытсыз ғылыми мансап

Бүгін жас зерттеуші бөлек-бөлек кезеңмен жүреді: магистратура — PhD — постдок — оқытушылық. Формалды түрде бәрі бар. Бірақ кезеңдердің арасында байланыс әлсіз. Студент зертханаға қашан, қалай кіру керегін білмейді. Ғылыми жетекші дайын маманды қашан дербес жолға жіберу керегін түсінбейді.

Біздің ортада бір ескі түсінік бар: «нағыз ғылым магистратурадан кейін басталады». Оған дейін студент тек оқуы керек дейді. Бұл модель ескірген. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде бакалаврлар бірінші курстан бастап зертханада жұмыс істейді. Нақты міндет алады. Мақалаға автор ретінде кіреді.

Ал бізде магистратураға келген студент ғылыми мақала қалай жазылатынын, гипотеза қалай қойылатынын, рецензент мәтінді қалай талдайтынын білмейді. Сосын одан екі жыл магистратура, үш жыл докторантура ішінде дайын зерттеуші болуды талап етеміз. Бұл мүмкін емес. Жүзуді кітап оқып үйренбейсің.

Жетекшілер, студентті бүгіннен бастап алыңыздар

Профессорлар көбіне «дайын» студентті күтеді. Әдісті білетін, әдебиетпен жұмыс істей алатын, базалық дағдысы бар студент керек дейді. Бірақ екінші курс студентінде ондай тәжірибе қайдан болады, егер оны бірінші курста ешкім жобаға қоспаса? Студентті елемеуді тоқтату керек. Өздігінен үйренеді деп күтпеу керек. Бірінші-екінші курстан бастап командаға алу керек. Дағдысы аз болса да, ғылымды түсінбесе де.

Кадр осылай өседі — дайын адамды іздеу арқылы емес, жағдай жасау арқылы. Иә, бұл уақыт алады. Иә, алғашқы айларда студенттен сұрақ көп болады. Иә, докторантқа тапсыру жеңілірек. Бірақ бүгін уақыт бөлмесеңіз, бес жылдан кейін тағы «докторантураға лайықты адам жоқ» деп шағым айтасыз.

Зертханада төменгі курс студенттеріне орын ашыңыз. Нақты тапсырма беріңіз. Семинарға қатыстырңыз. Мақала оқытңыз. Алғашқы шолу жаздыртыңыз. Сонда бірнеше жылдан кейін дайын магистрант, мықты PhD шығады.

Ерте жарияланым — ерте емес, дер кезінде

Студентті ерте жастан жарияланым жобаларына қосу — маңызды тетік. Біріншіден, бұл мотивация сүзгісі. Кешке зертханада қалып, эксперимент неге сәтсіз болғанын талдауға дайын студент ғылымға шын қызығады. Екіншіден, бұл зерттеушілік ойлау қалыптастырады. Дерек гипотезаны жоққа шығарғанда, үш ай еңбектің зая кеткенін мойындағанда сыни ойлау дамиды. Бұл ауыр тәжірибе. Бірақ таптырмас сабақ. Үшіншіден, бұл ғылыми ортаға ерте кіру. Рецензияланатын журналда мақаласы бар студент магистратураға мүлде басқа деңгейде келеді. Ол ғылым тілін біледі. Репутациясы қалыптаса бастайды. Ол жай аспирант емес, әлеуеті бар әріптес.

Батыс университеттерінде undergraduate research қалыпты тәжірибе. Бізде ол жүйелі емес, эпизодтық сипатта.

Ұрпақ алмасуы мен байланыс әлсіз

Қазақстан ғылымында ұрпақ алмасу мәселесі өткір тұр. Зертханалар мен университеттер арасында көлденең байланыс әлсіз. Әр жетекші кадрды нөлден бастап өсіреді.

Дайын мамандар жүйеден кетіп жатады, себебі топтар арасында ашық көшу тетігі жоқ. Бір ментордан екіншісіне «тәрбиеленген» студентті беру мәдениеті қалыптаспаған. Жас зерттеуші әртүрлі командада тәжірибе жинай алатын желілік орта жоқ.

PhD квотасы: сан сапаны өлтіргенде

Гранттық қаржыландыру мен бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруды белгілі бір сандық PhD көрсеткішіне қатаң байлау үлкен мәселе тудырып отыр. Бастапқы реформа дұрыс еді. 2010-2011 жылдары Қазақстан кеңестік модельден халықаралық PhD жүйесіне өтті. «Ғылым туралы» заң жаңа стандарт енгізді. Мақсат — сапаны көтеру, кездейсоқ адамдарды азайту. Мәселе кейін басталды. Реформа квотаға айналды.

Жоба шартына «5 PhD дайындау» деп жазылады. Егер үш жылда екі мықты доктор шығарсаң, бірақ бесеу болмаса, жоба орындалмаған болып саналады. Ал бес әлсіз диссертация қорғап шықсаң, есеп жабық.

Сонда не болады? «Докторант іздеу» басталады. Ғылымға дайын емес адамдар келеді. Стипендия мен жалақы үшін отырады. Кейде жетекшілер диссертацияны өздері жазады. Қорғауға студенттен гөрі жетекші мүдделі болады.

Үш жылдан кейін статистикада плюс бес PhD. Бірақ ғылым бір миллиметр де алға жылжымайды. Қағаз жүзінде халықаралық дәреже бар. Бірақ зерттеушілік дағды жоқ. Ең қауіптісі — квота тәуекелді өлтіреді. Нағыз ғылым әрдайым тәуекел. Гипотеза расталмауы мүмкін. Эксперимент нәтиже бермеуі мүмкін. Бағыт тығырыққа тірелуі мүмкін. Ал сенен міндетті түрде бес доктор шығару талап етілсе, сен қауіпсіз, алдын ала болжанатын тақырып таңдайсың. Нәтижесі кепілді, бірақ маңызы әлсіз жұмысқа барасың. Зерттеушіден гөрі конвейер менеджеріне айналасың.

Менеджмент емес, менторлық керек

Жоба жетекшісі квота бақылаушысы емес, ментор болуы тиіс. Оның міндеті — жас зерттеушіні өсіру. Есеп үшін сан жинау емес. Бұл үшін жетекшілердің әкімшілік жүктемесін азайту керек. Нақты ғылымға уақыт қалдыру қажет. Қазақстанға есеп үшін «штампталған» докторлар керек емес. Бізге әлемдік деңгейдегі зерттеушілер керек. Ал ондай ғалымды шаблонмен, квотамен өсіре алмайсың.

PhD бойынша квоталық тәсілден бас тарту және студенттерді ерте жастан шынайы ғылымға тарту ғана шын мәнінде ғалым өсіретін экожүйе құра алады. Сонда кестедегі сандар емес, нақты ғылым өседі.

Бақытжан Сәриев, PhD, ассистент-профессор, Astana IT University,
арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading