EC[ON]OMY

Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жаңа моделі

Қазақстанда әлеуметтік қажеттіліктерді қаржыландыру жүйелік қиындыққа тіреліп отыр. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, атаулы көмекке жұмсалатын шығын жыл сайын өсіп келеді. Ал республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі, тапшылық сақталып отыр.

Мемлекеттік бағдарламалар кейде бір реттік, шұғыл жағдайларға дер кезінде жауап бере алмай жатады. Мысалы, шұғыл операция, қымбат ем, жерлеу рәсімі немесе өңірдегі дарынды жасты қолдау сияқты нақты мәселелер бар. Осындай сәттерде адамдар жедел көмекке мұқтаж болады.

Осындай жағдайда қоғамның өзара көмегін жүйелі түрде дамыту орынды болар еді. Қазақта бұрыннан ру, ауыл, қауым деңгейінде өзара жәрдем дәстүрі болған. Бүгінде осы әлеуетті заманауи форматта қайта құрып, бірақ руға бөлінуді күшейтпей, керісінше қоғамға пайда әкелетін бағытқа бұруға болады.

Ұсыныс — екі түрлі қордың міндетін нақты бөліп беру: қауымдық қор және рулық қор. Екеуі бірін-бірі қайталамай, керісінше толықтырып отыруы керек.

1.⁠ ⁠Қауымдық қор — махалля қағидасы бойынша

Бұл қор аудан, көше, квартал тұрғындарының бастамасымен құрылады. Негізгі міндеті — жергілікті, жедел мәселелерді шешу.

Мысалы:

  • ⁠ ⁠өрт, су тасқыны сияқты төтенше жағдайда бір реттік көмек;
  • ⁠ ⁠жалғызбасты қарттарға нақты қолдау;
  • ⁠ ⁠жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жәрдем;
  • ⁠ ⁠аула, көше, шағын инфрақұрылымды жақсарту.

Бұл — көрші көршіге көмектесетін деңгей. Жергілікті адамдар бір-бірін таниды, жағдайды жақсы біледі, сондықтан шешім де жылдам қабылданады.

2.⁠ ⁠Рулық қор — стратегиялық бағыт

Рулық қордың міндеті ауқымды әрі ұзақ мерзімді болуы тиіс. Негізгі бағыттары:

  • ⁠ ⁠дарынды жастарға білім гранттары мен атаулы стипендиялар;
  • ⁠ ⁠қымбат, шұғыл ем мен оңалтуға қаржы бөлу;
  • ⁠ ⁠бизнес бастауға немесе оқуға микронесиелеу;
  • ⁠ ⁠ру тарихына қатысты мәдени жобаларды қолдау.

Бұл қор тек тұрмыстық көмек емес, адам капиталына инвестиция жасайтын құрылым болуы керек.

Мүмкін болатын тәуекелдер

Кейбір пікірлер бойынша, руға бөліну қазақтың бірлігіне кедергі келтіреді. Жеріміз кең, халық саны онша көп емес, соның өзінде ішкі бөліну бар дейді. Оның үстіне рулар арасында бәсеке де бар. Бірақ шындық мынау — адамдар өз тегінен толық бас тарта алмайды. Идентичность сақталады. Онда осы ерекшелікті қоғамға пайдалы арнаға бұру неге болмайды? Рулық ынтымақ нақты көмек көрсетуге бағытталса, одан ұтылмаймыз.

Дегенмен нәзік тұсы бар. Егер дұрыс реттелмесе, мұндай жүйе бөлінуді күшейтіп жіберуі мүмкін.

Шешім — цифрлық ашықтық

Тәуекелдің алдын алу үшін ортақ цифрлық инфрақұрылым қажет. Ұсыныс — қауымдық және рулық қорлардың барлығы тіркелетін бірыңғай онлайн платформа құру.

Бұл платформада:

  • ⁠ ⁠қорлар тіркеледі;
  • ⁠ ⁠қаржы қозғалысы бойынша ашық есеп беріледі;
  • ⁠ ⁠көрсетілген көмектің нәтижесі жарияланады.

Мемлекет те шет қалмауы керек. Ұйымдастырушылық қолдау, кеңес беру, белгілі бір ынталандыру шараларын рейтинг негізінде беру қарастырылуы мүмкін. Маңыздысы — қор рейтингі жиналған ақша көлемімен емес, тиімділікпен өлшенуі керек. Яғни:

  • ⁠ ⁠қанша өтініш сәтті жабылды;
  • ⁠ ⁠көмек қаншалықты жылдам көрсетілді;
  • ⁠ ⁠алушылардың кері байланысы қандай.

Функцияны осылай бөлу әлеуметтік көмектің балама, бірақ түсінікті әрі ашық моделін береді. Қауымдық қор — жедел, жергілікті мәселені шешеді. Рулық қор — күрделі, қымбат және ұзақ мерзімді істерді көтереді. Ал мемлекет барлық азаматқа базалық кепілдікті сақтайды. Бұл бастаманың жүзеге асуы қоғамның белсенділігіне байланысты. Нақты мысалдар пайда болып, мемлекет цифрлық платформа құруға қолдау білдірсе, әлеуметтік ынтымақтың жаңа моделі қалыптасуы әбден мүмкін.

Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading