EC[ON]OMY

Қазақстан ғылымы: дамыту жолында қандай кедергілер бар?

Бүгінгі қазақстандық ғылым — старт сызығында тұрған, бірақ арқасына ауыр қап артқан спортшыға ұқсайды. Сол қаптың ішінде — қаржыландырудың аздығы, кадр тапшылығы, әлсіз инфрақұрылым, шамадан тыс талаптар мен бюрократия.

Фактілер жағдайды айқын көрсетеді. 2024 жылы ғылымға 219,7 млрд теңге бөлінді, бұл ЖІӨ-нің небәрі 0,16%-ын құрайды. Ал салыстырып көрейік: Израиль ғылымға шамамен 6%, Жапония 3%-дан астам қаржы бөледі. Қазақстанда әрбір миллион адамға 1141 зерттеушіден келеді, әлемдік орташа көрсеткіш — 1516, ал Канадада бұл сан 3900-ге жуық. Оның үстіне, біздің статистика жасанды түрде «көтерілген»: ғалымдар қатарына университет бухгалтерлерін де, ғылыми-зерттеу институтындағы сантехникті де енгізіп қойған.

Ұлттық ғылым академиясы сарапшыларының есебінде тағы бір дисбаланс анық көрсетілген: бізде бакалаврлар тым көп, ал PhD-лер тым аз. 2024 жылы Қазақстан 147 мың бакалавр дайындады, ал докторлық диссертация қорғағандар небәрі 677 ғана. Яғни, бакалавр мен PhD арақатынасы 218:1, ал АҚШ-та ол 35:1. Бұл — тұйық модель: біз диплом иелерін көбейтеміз, бірақ жаңа буын зерттеушілерін қалыптастырмаймыз.

Дегенмен, ғылым тоқтап қалған жоқ. 2024 жылы қазақстандық авторлар Web of Science базасында 3176 мақала жариялады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Бірінші квартиль (Q1) журналдарындағы үлес әзірге 32% ғана (әлемдік деңгей — 47%), бірақ өсім бар. Ғылым сарапшысы Булат Кенесов атап өткендей, ілгерілеу бар, бірақ сапалық алшақтық әлі де айтарлықтай.

Сонда негізгі сұрақ туындайды: ғылымның тек өміршеңдігін емес, дамуын қалай қамтамасыз етуге болады?

Фокус қайта бөлу

Қазіргі ғылымды қаржыландыру жүйесінде негізгі қаражат ірі бағдарламалық-мақсатты жобаларға (БМЖ) жұмсалады. Бірақ олардың нақты тиімділігі мен ғылымға қосқан үлесі күмән тудырады. Ал жас ғалымдарды қолдауға бағытталған шағын гранттық бағдарламалар — «Жас Ғалым» мен «Жас зерттеушілер байқауы» қаражат тапшылығынан базалық қажеттіліктерді әрең өтейді.

Ғылымның тұрақты дамуы үшін, біріншіден, қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін жеткізу қажет (2027 жылға жоспарланған). Екіншіден, ресурстарды әділ бөлу жүйесін құру маңызды. БМЖ жобаларын толық аудиттен өткізіп, ғылымға және экономикаға қосқан нақты әсерін анықтау керек. Ал бөлінген қаражаттың бір бөлігін жас ғалымдарды қолдайтын бағдарламаларға бағыттау қажет.

Бұл қадам бірден екі мақсатқа қол жеткізеді: қаржының тиімділігін арттырады және ғылыми кадрлардың үздіксіз жаңаруын қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл — қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігінің негізгі кепілі.

«1%» механизмі

Заң бойынша, жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылымға бөлуге міндетті. Бұл елеулі қосымша ресурс болар еді, бірақ іс жүзінде бұл норма толыққанды жұмыс істемей отыр. Көбінесе қаржы корпоративтік жобаларға немесе ғылымға тікелей қатысы жоқ бағыттарға жұмсалады.

Бұл қаражатты тиімді пайдалану үшін, ең алдымен, оны орталықтандырылған түрде жинап, түсімдер мен шығындарды жариялы түрде бақылау қажет. Ол үшін бірыңғай мемлекеттік реестр құру ұсынылады. Сондай-ақ, нақты басым бағыттарды бекіту керек: ортақ зертханаларды жаңарту, заманауи құрал-жабдық сатып алу, ғылыми гранттарды қаржыландыру және дайын жобаларды өндіріске енгізу.

Егер бұл норма шын мәнінде орындалса, Қазақстан ғылымының жыл сайынғы қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, оның дамуын айтарлықтай жеделдетер еді.

Қорытынды: «1% механизмі» қағаздағы талап емес, ел ғылымын нығайтудың нақты құралына айналуы тиіс.

ҰҒК реформасы

Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) бастапқыда ғылыми жобаларды іріктеудің негізгі құралы ретінде құрылған болатын және алғашқы кезеңдерде бұл міндетті атқара алды. Алайда уақыт өте келе олардың жұмысы ғылыми қауымдастық тарапынан жеткілікті ашық емес деп бағалана бастады. Байқау нәтижелері жиі сұрақ тудырады: қандай критерийлер бойынша жобалар қолдау алады, неге бір зерттеу қабылданбайды да, басқасы өтеді — бұл көп жағдайда түсініксіз қалады. Мұндай жағдай жүйеге деген сенімді төмендетіп, лоббизм мен субъективтіліктің бар екендігі туралы тұрақты пікір қалыптастырады.

Объективтілікті күшейту және жоба іріктеу процесіне сенімді арттыру үшін терең реформа қажет. Ең тиімді шешім — цифрлық сараптама жүйесіне көшу. Бұл жүйе келесі элементтерді қамтуы тиіс:

  • ⁠ ⁠өтінімдерді толықтай анонимдеу;
  • ⁠ ⁠кемінде 30% шетелдік мамандарды қоса отырып, тәуелсіз сарапшыларды тарту;
  • ⁠ ⁠барлық қатысушылар үшін қорытынды ұпайларды жариялау.

Сонымен бірге міндетті элемент ретінде шағым беру жүйесін енгізу қажет. Бұл зерттеушілерге шешімдерді ашық әрі әділ түрде қайта қарауға мүмкіндік береді.

Сенімділікті қамтамасыз ететін тағы бір технологиялық құрал — блокчейн-платформа. Ол барлық бағалар мен шешімдерді өзгертуге болмайтын сандық реестрге тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл нәтижелерді кейіннен түзету ықтималдығын жояды және процестің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.

Демек, ғылымды қаржыландыру жүйесін одан әрі дамыту үшін ҰҒК-нің ескірген механизмін әділдікке, тәуелсіздікке және есеп беруге кепілдік беретін заманауи цифрлық платформаға ауыстыру қажет.

Қаржының кешігуі

Қазіргі Қазақстандағы гранттық жүйенің басты проблемаларының бірі — қаржыландырудың уақытылы түспеуі. Қағаз жүзінде гранттық жобалар қаңтарда басталуы тиіс, бірақ іс жүзінде қаражат бірнеше айға кешігеді. Әдетте конкурс қарашада жарияланып, нәтижелері сәуірде шығады, келісімшарттар маусымда қол қойылады, ал алғашқы транш қыркүйекте ғана түседі. Соған қарамастан, зерттеушілерден қарашада-ақ есеп беру талап етіледі. Яғни, қаржы келмей жатып нәтижелерді көрсетуге мәжбүр болады.

Бұл жағдай ғылыми зерттеулердің сапасын төмендетеді, формализмді арттырады: есеп берудің бір бөлігі жасанды сипатқа ие, ал нақты тәжірибелер кейінге шегеріледі немесе қысқарады. Ғылыми топтар мотивациясын жоғалтады. Бұған қоса, мерзімдердің сәйкес келмеуі қаржы бөлу жүйесіне сенімсіздік тудырып, академиялық адалдыққа қауіп төндіреді.

Мәселені шешудің бір жолы — гранттарды басқаруда цифрлық технологияларды енгізу. Блокчейн-платформа байқаудың барлық кезеңдерін және қаржы қозғалысын өзгертуге болмайтын реестрде тіркеуге мүмкіндік береді. Смарт-келісімшарттар әрбір аралық кезең орындалған соң қаражатты автоматты түрде аударуды қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл кешігуді болдырмайды, ашықтықты күшейтеді және ғылыми топтар үшін қаржыландырудың болжамдылығын арттырады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, цифрлық платформалар ірі қаржылық ағындарды сенімді түрде басқара алады. Қазақстан жағдайында мұндай шешімдерді ғылым саласына енгізу гранттық жүйенің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, сонымен бірге сенімділігін күшейтуге маңызды қадам болар еді.

Ғылымсыз филиалдар

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік университеттердің Қазақстанда филиалдарын ашу саясатын қолға алды. Қазірдің өзінде танымал шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдіктері пайда бола бастады. Бұл бастама білім мен ғылым сапасын арттыру құралы ретінде ұсынылуда. Идеяның сырттай қарағанда оң тұстары бар: әлемдік университеттер өз бағдарламаларын, стандарттарын әкеледі, мықты профессорларды тартып әкелуі мүмкін. Қазақстан аймақтық білім беру орталығы болуға ұмтылып отырған жағдайда, шетелдік тәжірибені тарту — қисынды қадам. Әсіресе филиалдар IT, инженерия, медицина сияқты тапшылық бар бағыттарда және аймақтарда ашылса, ел бойынша сапалы білімнің қолжетімділігін арттыра алады.

Алайда бұл шараны сыни тұрғыда бағалау да қажет. Шетелдік филиалдар біздің ғылыми экожүйеге кіріге ме, әлде «анклав» болып қала ма? Олар ғылыми зерттеулерді дамыта ма, жоқ әлде тек оқытумен шектеле ме (ең ықтимал нұсқа)? Мұнда бәрі министрліктің саясатына байланысты: филиалдар отандық университеттермен және ғылыми-зерттеу институттарымен бірге жұмыс істеуі керек, бірлескен зерттеулерге қатысып, қазақстандық ғалымдарды тартуы қажет. Сондай-ақ, шетелдік университеттердің ғылыми инфрақұрылымға инвестиция салуын, ортақ зертханалар ашуын міндеттеу орынды болар еді. Онда әсері әлдеқайда тереңірек болмақ: тек студенттерді оқыту емес, жергілікті ғылыми әлеуеттің өсуіне жол ашылады.

Бұдан бөлек, филиалдармен бәсекелестік отандық университеттерді реформаларға итермелеуі мүмкін. Бірақ өзіміздің ЖОО-ларды әу бастан әлсіз жағдайға түсірмеу маңызды. Ең тиімді сценарий — серіктестік: оқытушылармен алмасу, бірлескен гранттар, филиалдар төңірегінде ғылыми кластерлер құру. Жалпы алғанда, филиалдар ашу — дұрыс бағыттағы қадам, бірақ ол өз университеттерімізді күшейтумен қатар жүруі тиіс, өзін-өзі құрбан етуге айналмауы қажет.

«Галочка» үшін журналдар

Қазақстан ғылымындағы бөлек бір ауыр мәселе — КОКСНВО журналдары (Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміндегі журналдар). Қолданыстағы талап бойынша, диссертация қорғау немесе ғылыми атақ алу үшін зерттеушінің осы журналдарда мақалалары болуы шарт. Формалды түрде мақсат дұрыс — отандық жарияланымдарды ынталандыру. Бірақ іс жүзінде көп журналдардың сапасы төмен, ел ішінде де, шетелде де оқылмайды, әлемдік ғылымға қосар үлесі аз.

Парадокс мынада: ғалымдар өз еңбектерін тек жергілікті аттестациялық комиссиядан өту үшін ғана қажет журналдарға жариялап әуре болады. Оның үстіне, талаптар шамадан тыс: мысалы, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда докторанттардан халықаралық индекстелетін журналдарда мақала жариялау талап етіледі. Бұл тіпті жетекші шетелдік университеттердің өзінде диссертация үшін міндетті талап емес.

Бұл жүйені түбегейлі реформалау қажет: тек сапалы журналдарды қалдыру керек, ал гуманитарлық ғылымдар үшін баламалы жол енгізген жөн. Мысалы, монографиялар мен диссертацияларды тәуелсіз сыртқы сараптамадан өткізу.

Гранттар: барлығына бір өлшем жарамайды

Қазір барлық ғылыми гранттар үш жылға беріледі. Бірақ бұл барлық жағдайға сәйкес келмейді: жедел жобалар үшін бұл тым ұзақ, ал іргелі зерттеулер үшін керісінше тым қысқа. Бұл — физика мен философиядан емтиханды бірдей уақытпен өткізуге ұқсайды.

Шешім — зерттеушілерге жобаның ұзақтығын өздері таңдауға мүмкіндік беру: бір жылдан бес жылға дейін. Қаржыландыру кезең-кезеңімен, нақты аралық нәтижелерді тексеру арқылы жүргізілуі тиіс.

Бизнес пен ғылым: ерлік пе, әлде пайда ма?

Бүгінде қазақстандық ғалымдардың әзірлемелерін бизнеске енгізу — дерлік ерлікпен тең. Шетелден дайын технологияны сатып алу әлдеқайда жеңіл.

Мұны өзгерту үшін ынталандыру қажет: пайда салығын төмендету (отандық ғалымдардың әзірлемелерін енгізгендерге — 15%, экспорттаушыларға — 10%), жаңа фирмаларға салықтық демалыс, жеңілдетілген несиелер мен венчурлық қорлар. Сонда қазақстандық идеяларды енгізу ерлік емес, тиімді шешімге айналады.

Жабдықсыз ғылым — жүзеге аспаған идея

Қазақстандағы зерттеушілердің 44%-ы заманауи құрал-жабдыққа қол жеткізе алмай жұмыс істейді. Соның салдарынан идея мен кадр болғанымен, толыққанды зерттеу жүргізу мүмкін болмайды. Құрал-жабдықтың жоқтығы тәжірибелердің сапасын төмендетіп, жарияланым белсенділігін шектейді.

Бұл мәселені шешу үшін ортақ пайдалануға арналған зертханаларды қаржыландыруды кеңейту, зерттеу университеттерін құрал-жабдықпен жабдықтау және ұлттық құзырет орталықтарын құру қажет. Мұндай инфрақұрылым бәсекеге қабілетті зерттеулердің негізіне айналып, жаңа буын ғалымдарын дайындауға мүмкіндік береді.

Ғылым қоры: көпір ме, бюрократия ма?

Ғылым қоры бастапқыда ғалымдар мен бизнестің арасын жалғайтын көпір ретінде құрылған. Бірақ қазір ол көбіне бюрократиялық сүзгіге айналғандай. Ғалымдар күрделі рәсімдерге, қарастырудың ұзақ мерзіміне және қаржыландыру алғаннан кейін жобаларға қолдаудың аздығына шағымданады.

2024 жылғы ғылым мен технологиялық саясат туралы заң да әзірге құралдан гөрі декларацияға көбірек ұқсайды. Онда инфрақұрылымды мақсатты қаржыландырудың нақты тетіктері де, бизнес үшін ынталандыру да қарастырылмаған.

Жағдайды өзгерту үшін Қордың рәсімдерін жеңілдету, жобаларды іріктеуге инвесторларды тарту, есептерді жариялау және ғылымды шынымен экономикамен байланыстыру қажет.

Ми ағымы емес, айналымы

Қазақстандық ғалымдар шетелге белсенді кетіп жатыр, бірақ сирек оралады. Халықаралық коллаборациялар аз, ал беделді журналдардағы жарияланымдардың басым бөлігі тек Назарбаев Университетіне тиесілі.

Бұл үрдісті өзгерту үшін «қайта ағым» бағдарламаларын іске қосу, шетелдік университеттермен бірлескен зертханалар құру, отандық ЖОО-ларға халықаралық жобалар бойынша нақты KPI белгілеу керек. Сонда ғана ми ағымы идеялар айналымына айналады.

Қазақ ғылымы бүгін таңдаудың алдында тұр. «Қалай да күн көру» жолымен жүре берсек, біз тек жер қойнаулары елінде қала береміз. Ал егер даму стратегиясын таңдап, ғылымды қолдасақ — идеялар еліне айналамыз.

Ол үшін қаржыландыруды арттыру, «недропроцентті» іске асыру, ҰҒК реформалау және цифрлық әрі ашық сараптама енгізу, ғалымдарға құрал-жабдық, бедел мен бизнеспен байланыс беру қажет. Сонда он жылдан кейін Қазақстанды тек мұнай мен уран елі емес, технологиялар, жаңалықтар мен инновациялар елі ретінде танитын болады.

Бақытжан Сәриев, PhD, ассистент-профессор, Astana IT University, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading