Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Ю жеке баспананы тұрақты мемлекеттің негізі деп санаған. Оның пікірінше, өз үйі бар азамат елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына белсенді қатысады.
Қазақстан аумағы жағынан Франциядан шамамен бес есе үлкен және көптеген ЭЫДҰ елдерінен әлдеқайда кең болғанына қарамастан, халықтың баспанаға қолжетімділігі әлі де төмен. Бұл көрсеткіш дамыған елдердегі деңгейден едәуір артта қалып отыр.
Қазақстанда тұрғын үй қоры қанша?
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 434 268,6 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде 287 061,8 мың шаршы метрі қалаларда, ал 147 206,8 мың шаршы метрі ауылдық жерлерде орналасқан. Бір жыл ішінде тұрғын үй қоры 15 210,5 мың шаршы метрге ұлғайды.
Қазақстан халқының саны 20 478 879 адам болған жағдайда, тұрғын үймен қамтылу деңгейі біркелкі емес. Қалаларда 13 013 064 адам тұрады және әр адамға орта есеппен 22 шаршы метрден келеді. Ал ауылдық жерлердегі 7 465 815 тұрғынның үлесіне адам басына шаққанда 20 шаршы метрден де аз тұрғын үй тиеді.
Айта кету керек, Үкімет 2030 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл 1 миллионнан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Алматы облысында салынып жатқан жаңа Алатау қаласы да нарықтың дамуына қосымша серпін беруі мүмкін. Алайда тұрғын үй бағасының тұрақты өсуін ескерсек, бұл шаралар мәселені толық шешуге жеткіліксіз.
ЭЫДҰ елдеріндегі тұрғын үймен қамтылу деңгейі
ЭЫДҰ елдерінде тұрғын үй өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл елдерде адам басына шаққандағы тұрғын үй көлемі орта есеппен 38-66 шаршы метр аралығында. Мемлекеттік саясат та халықтың тығыз қоныстануын азайтып, жайлы өмір сүру стандарттарын көтеруге бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстандағы тұрғын үймен қамтылу деңгейі халықаралық жайлы стандарттардан шамамен 30-50%-ға төмен. Елдің кең аумағы мен урбанизацияның жоғары қарқынына қарамастан, бұл мәселе әлі өзекті болып отыр.
Тұрғын үйдің қолжетімділігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі — құрылыс құнының жоғары болуы. Оның едәуір бөлігі импорттық құрылыс материалдарының үлесіне тиесілі.
Қазақстандағы құрылыс материалдары нарығының қазіргі жағдайы
2024 жылы Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі шамамен 3 млрд АҚШ долларына немесе 1 336 млрд теңгеге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,9%-ға жоғары.
Өндірістің өсуіне құрылыс жұмыстары көлемінің артуы әсер етті. 2024 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 18,5%-ға көбейді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар шамамен 7 млрд АҚШ долларына немесе 3 542,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 14,7%-ға өсті.
Өндіріс көлемі бойынша көшбасшы өңірлер — Астана қаласы (жалпы көлемнің 13,5%-ы), Қарағанды облысы (9,3%) және Алматы облысы (9,1%). Бұл құрылыс индустриясының урбанизациясы жоғары әрі өнеркәсібі дамыған өңірлерде шоғырланғанын көрсетеді.
Құрылыс материалдарының экспорты 276,3 млн АҚШ долларын құрап, бір жылда 11,8%-ға өсті. Негізгі экспорттық өнімдер қатарында отқа төзімді цемент, портландцемент, арматура, керамикалық оқшаулағыш өнімдер және плитка бар.
Сонымен қатар импорт көлемі де 8,8%-ға артып, 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Импорттың басым бөлігін цементтен жасалған бұйымдар, минералды мақта мен шлакмақта, керамикалық плитка және портландцемент құрады.
Ұсыныстар:
1. Тұрғын үй құнын төмендету, құрылыс мерзімін қысқарту және өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру үшін модульдік үй құрылығын дамыту.
2. Жаңа буындағы автономды инфрақұрылымды дамыту: жергілікті тазарту жүйелері, спутниктік интернет, жаңартылатын энергия көздері, модульдік қазандықтар, энергия сақтау жүйелері және шағын модульдік атом электр станциялары.
3. Климаттық өзгерістерді ескеретін аумақтық жоспарлау жүйесін енгізу. Болашақ елді мекендердің орнын таңдауда 2050 жылға дейінгі су ресурстарының жағдайы, температура өзгерісі және шөлейттену қаупі есепке алынуы тиіс. Бұл болашақтағы шығындарды азайтып, климаттық көші-қон тәуекелдерін төмендетеді.
4. Моноқалалар негізінде ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, өнеркәсіп және басқа салаларға маманданған шағын және орта елді мекендер желісін дамыту. Бұл дайын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, экономиканы әртараптандыруға және түрлі дағдарыстарға төзімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
5. «15 минуттық қала» қағидатын алғашқы кезеңнен бастап енгізу. Мектеп, емхана, дүкен, спорт нысандары мен мемлекеттік қызметтер тұрғындарға жаяу жететін қашықтықта орналасуы керек.
6. «Цифрлық көшпенділер» жобасын және қашықтан жұмыспен қамтуды дамыту. Бұл үшін қолжетімді тұрғын үй, сапалы интернет және салықтық ынталандыру тетіктері қажет.
7. Моноқалаларда «ұлттық қоныстандыру резервін» қалыптастыру. Ол үшін жер учаскелерінің қоры мен дайын типтік жобалар базасы жасалып, төтенше жағдайлар, табиғи апаттар немесе ірі көші-қон толқындары кезінде халықты жедел орналастыру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс.
Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы үшін www.economyKZ.org


