EC[ON]OMY

Қайырымдылық саласындағы алаяқтық: Жаһандық мәселелер

Бүгінде қайырымдылық жасау – жай ғана мейірімділік актісі емес, бренд, инстаграм парақшасы бар, заңды тұлға ретінде тіркелген жүйе. Ал мұндай жүйеде кейде шын көмектен гөрі жеке пайда басым болып кетеді. Балаларға, ардагерлерге, жануарларға немесе қоршаған ортаға көмектесеміз деген қорлар кенеттен миллиондаған қаржыны шетелдік сапарларға, қымбат адвокаттарға, дизайнерлік жиһаздарға және қор негізін қалаушылардың үлкен портреттеріне жұмсай бастайды.

Мысалы, Ұлыбританиядағы Kids Company қоры – негізін қалаушысының «харизмасы» есеп-қисаптың орнын басқан. Канададағы WE Charity ұйымы да қоғам алдында «жақсылық жасаушы» болып көрінгісі келгенімен, үкіметтен алған 900 миллион долларлық грант туыстық байланыстар арқылы көзден бұлбұл ұшты.

Мұндай мысалдар сирек емес. АҚШ-та онкологиялық науқастарға арналған қорлар жиналған қаражаттың тек 2%-ын ғана науқастардың өзіне бағыттаған. Германияда бір қайырымдылық ұйымы 41 миллион еуро жинап, оның тек оннан бір бөлігін ғана мұқтаж жандарға жеткізген.

Көбісі шулы ұрандармен, әдемі презентациялармен және тіпті мемлекеттік қолдаумен басталады. Бірақ соңы бірдей: сот, мүлікті тәркілеу, халық алдында «біз шоктамыз» деген мәлімдеме. Ең қызығы — бұдан кейін келесі ұйым тағы да: «Құрметті достар, біздің қорға қолдау білдіріңіздер. Бізде бәрі ашық, адал және тек адамгершілік үшін» деп шыға келеді. Бұл мақалада Қазақстандағы нақты бір жағдай емес, жаһандық қайырымдылық саласындағы жүйелі мәселе қозғалады.

Әдетте мұндай жанжалдардан кейін билік пен қоғам талап ете бастайды: қайырымдылық ашық болсын, есеп беру жүйесі қатаң болсын, қоғам бақылауға қатыссын. Сөйтіп, заң қатаңдайды, арнайы реестрлер пайда болады, есеп беру қиындайды, азаматтық қоғам бақылауға тартылады. Бірақ осылайша мемлекет қайырымдылықты реттейтін органға айналады. Бұл өз кезегінде азаматтардың өз еркімен көмек көрсету ниетін шектеп тастауы мүмкін. Себебі қайырымдылық — бұл адамның ерікті ізгі ісі мен қоғам мүддесінің түйісер тұсы. Ал мұндай салада мемлекеттің артық араласуы көмектен гөрі кедергі келтіруі ықтимал. Мемлекет тек ашықтықты бақылауы керек, ал еркіндікті шектеу — қайырымдылықтың мәнін жоғалтады.

Бірақ заманауи мәселелерге заманауи шешімдер қажет.

Сондықтан бізге жаңа жол керек — мысалы, боялған цифрлық теңге. Бұл қалай жұмыс істейді?

1.⁠ ⁠Қаражат арнайы онлайн платформада (краудфандинг тәрізді) жиналады.

2.⁠ ⁠Жиналған қаражат цифрлық теңге ретінде нақты бір шотқа түседі.

3.⁠ ⁠Әрі қарай сол теңгеге «бояу» беріледі — яғни әр теңге белгілі бір мақсатта ғана жұмсала алатындай етіп бағдарламаланады.

Мысалы, егер қаржы азық-түлікке арналған болса, ол теңгемен зергерлік дүкеннен ештеңе сатып ала алмайсыз немесе басқа адамға аударып жібере алмайсыз. Бұл смарт-келісімдер немесе арнайы төлем ережелері арқылы жүзеге асады.

Осылайша, қайырымдылықтың шынайы мақсатына жеткеніне көз жеткізуге болады. Артық бақылау емес, ақшаның нақты бағытта жұмсалуын қамтамасыз ететін ақылды шешім.

Қайырымдылық — сенімге негізделген жүйе. Ал цифрлық шешімдер — сол сенімді нығайтудың құралы.

 
Азиза Қасенова, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading