EC[ON]OMY

Павлодар: өндіріс пен бюджет тәуелділігі

Павлодар облысы – Қазақстанның өндірістік жүрегі. Бұл аймақ қуатты зауыттарымен, электр станцияларымен танымал. Бірақ экономикалық көрсеткіштері мықты болғанына қарамастан, облыс республикалық бюджетке тәуелді. Яғни, өз табысына емес, үкіметтен бөлінетін қаржыға сүйеніп отыр.

Қалаларға шоғырланған халық

Облыста 753 933 адам тұрады, оның 70,7%-ы қалалық жерде. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бірақ бұл урбанизация табиғи жолмен емес, өндірістің қалаға шоғырлануынан болған.

Халқы ең көп 5 аудан:

• Павлодар қаласы – 368 394 адам

• Екібастұз – 145 073 адам

• Ақсу – 72 528 адам

• Павлодар ауданы – 26 428 адам

• Баянауыл ауданы – 23 529 адам

Халқы ең аз 5 аудан:

• Май ауданы – 10 302 адам

• Аққулы ауданы – 12 276 адам

• Успен ауданы – 12 477 адам

• Ақтоғай ауданы – 12 702 адам

• Железин ауданы – 15 029 адам

Аймақтағы халық негізінен өндіріс орындары бар қалаларда шоғырланған. Ауылдар босап барады, жастар қалаға көшуге мәжбүр.

Табыстар: өнеркәсіп аймақ, бірақ дотацияға тәуелді

Облыстың жалпы табысы 568,3 млрд теңге. Бір қарағанда, экономикасы тұрақты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, 34,9%-ы мемлекеттік субсидиялар. Бұл – Павлодардың өз табысы емес, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат.

Ең көп табыс табатын 5 аудан:

• Павлодар – 225,1 млрд теңге

• Екібастұз – 39,4 млрд теңге

• Ақсу – 13,7 млрд теңге

• Баянауыл ауданы – 3,5 млрд теңге

• Павлодар ауданы – 2,3 млрд теңге

Ең аз табыс табатын 5 аудан:

• Аққулы ауданы – 1,1 млрд теңге

• Успен ауданы – 1,2 млрд теңге

• Ақтоғай ауданы – 1,4 млрд теңге

• Ертіс ауданы – 1,4 млрд теңге

• Май ауданы – 1,6 млрд теңге

Яғни, Павлодар облысы ел экономикасына үлес қосқанымен, өз бюджетінің үштен бірін әлі де мемлекеттен алып отыр.

Салықтар: кәсіпкерлік әлсіз дамыған

Облыста 355,7 млрд теңге салық жиналады. Бірақ оның басым бөлігі халық төлейтін салықтардан және акциздерден келеді.

Салық құрылымы:

• Акциздер – 129,6 млрд теңге (36,4%)

• Жеке табыс салығы (ЖТС) – 86,4 млрд теңге (24,3%)

• Әлеуметтік төлемдер – 58,1 млрд теңге (16,3%)

• Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 34,1 млрд теңге (9,6%)

Бұл сандар не дейді? Аймақта кәсіпкерлік әлсіз. Компаниялар төлейтін салық (КТС) жеке тұлғалардың төлейтін салығынан үш есе аз!

Халықтың жан басына шаққанда ең көп салық төлейтін аудандар:

• Павлодар – 596 мың теңге

• Екібастұз – 259 мың теңге

• Ақсу – 169 мың теңге

• Май ауданы – 150 мың теңге

• Баянауыл ауданы – 143 мың теңге

Ең аз салық түсетін аудандар:

• Ертіс ауданы – 80 мың теңге

• Павлодар ауданы – 81 мың теңге

• Аққулы ауданы – 88 мың теңге

• Щербактин ауданы – 94 мың теңге

• Ақтоғай ауданы – 94 мың теңге

Бұл дегеніміз, облыстың бюджеті көбінесе халық есебінен толығып отыр. Ал кәсіпорындар бюджетке көп үлес қоспайды.

Шығындар: медицина мен әлеуметтік салаға аз қаражат бөлінеді

Облыстың жалпы шығыны 579,8 млрд теңге. Оның ішінде ең үлкен бөлігі білім беру саласына жұмсалады (37,2%). Ал денсаулық сақтау саласына бар-жоғы 3,4%, әлеуметтік көмекке 6,6% бөлінеді.

Ең көп қаржы жұмсайтын 5 аудан:

• Павлодар – 8,9 млрд теңге

• Екібастұз – 8,3 млрд теңге

• Ақсу – 1,4 млрд теңге

• Баянауыл ауданы – 1,2 млрд теңге

• Ақтоғай ауданы – 1,1 млрд теңге

Әлеуметтік қызметтерге ең көп қаржы бөлетін 5 аудан:

• Павлодар – 9,4 млрд теңге

• Екібастұз – 3,3 млрд теңге

• Ақсу – 1,8 млрд теңге

• Павлодар ауданы – 550 млн теңге

• Баянауыл ауданы – 453 млн теңге

Ең аз қаржы бөлетін аудандар:

• Ақтоғай ауданы – 245 млн теңге

• Май ауданы – 308 млн теңге

• Аққулы ауданы – 326 млн теңге

• Ертіс ауданы – 364 млн теңге

• Щербактин ауданы – 410 млн теңге

Мәселе – Павлодар облысы өнеркәсіптік аймақ бола тұра, медицина мен әлеуметтік салаға жеткілікті қаржы бөлмей отыр.

Павлодар облысы – Қазақстанның ең ірі индустриялық орталығы. Бірақ даму қарқынына қарасақ, бірнеше күрделі мәселе бар:

1. Мемлекеттік дотацияға тәуелділік – Облыстың 35%-ы республикалық бюджет есебінен күн көреді.

2. Ауылдар босап жатыр – Халықтың көбі қалаға кетіп жатыр, ауылда даму жоқ.

3. Бизнес әлсіз – Кәсіпорындар төлейтін салық жеке тұлғалар төлейтін салықтан үш есе аз.

4. Әлеуметтік салаларға аз қаржы бөлінеді – Өнеркәсіптік аймақта экология нашар, бірақ денсаулық сақтау жүйесіне тек 3,4% қаржы бөлініп отыр.

Павлодар облысы – үлкен зауыттарға бай, бірақ халыққа жағдай жасай алмайтын аймақ. Егер жаңа стратегия әзірленбесе, болашақта облыс тек өндіріс орындары бар, бірақ халық азайған мекенге айналуы мүмкін.

Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top