Қаңтар айының соңында Қазақстанның 2030 жылға дейін метан шығарындыларын азайту бойынша алған міндеттемелері талқыланды. Іс-шараны Clear Air Task Force (CATF) және International Energy Agency (IEA)ұйымдастырып, экология және табиғи ресурстар, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ мұнай-газ және көмір салаларының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстанның Экологиялық кодексінде метан парниктік газ ретінде танылғанымен, нақты реттеуші тетіктер әлі де әлсіз. Метан шығарындылары квотаға жатпайды, ал есептілік негізінен формалды сипатта жүргізіледі. Қазіргі заңнамада мониторинг, есеп беру және метанды тексеру талаптары нақты белгіленбеген.
Метан шығарындыларын реттеудің қажеттілігі
Қазақстан Метан шығарындыларын азайту жөніндегі ғаламдық міндеттемеге (GMP) қосылғандықтан, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру қажет. Ол үшін:
• Метан шығарындыларын толық есепке алу жүйесін енгізу
Барлық өндірістік нысандардағы метан шығарындыларын (ағып кетулерін) толық зерттеу керек. Бұл нақты деректерді жинап, метан бойынша бастапқы көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді.
• Метан шығарындыларын анықтау үшін арнайы тексерулер жүргізу
Барлық энергетикалық нысандарда метанның ағып кетуін анықтайтын арнайы зерттеулер жүргізу қажет. Ол үшін жеткілікті уақыт бөлініп, жоғары дәлдікті өлшеу құралдары пайдаланылуы керек.
• Жабдықтар мен мамандарды сертификаттау
Метанды анықтайтын өлшеу құралдары стандартқа сай болуы тиіс. Сонымен қатар, осындай құралдармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру үшін арнайы аккредитация қажет.
Метан шығарындылары бойынша есептілікті жақсарту
Қазіргі таңда есептер тек өндірістік процестерге байланысты жүргізіледі, бірақ бұл әдіс барлық метан шығарындыларын толық қамтымайды.
OGMP 2.0 халықаралық әдістемесі есепті өндірістік қондырғылар деңгейінде жүргізуді ұсынады, бұл анығырақ деректер алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар:
• Метанның ұйымдаспаған шығарындылары жеке есепте көрсетілуі тиіс.
• Метан жайлы ашық есептер енгізілген жағдайда компаниялар экологиялық органдар тарапынан тексерілуі мүмкін. Сондықтан алғашқы инвентаризация кезінде тексерістерге уақытша мораторий жариялау ұсынылады.
2030 жылға дейін метан шығарындыларын азайту жоспары
Қазіргі кезеңде Қазақстан метанды ластаушы зат ретінде реттеуді жалғастыруы тиіс, себебі оның нақты шығарындылары мен рұқсат етілетін деңгейлері анықталмаған.
Жалпы, ұлттық заңнаманы жетілдіру және толық есеп жүргізу кемінде 3-5 жылды талап етеді. Бұл процесті сырттай қарағанда Қазақстан метан шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерін орындамай жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда, жүйелі көзқарас нақты жағдайды бағалауға және инвестициялық қажеттіліктердіанықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, метанның ағып кетуін анықтау және жою шаралары іске асырылған жағдайда, метан шығарындыларын 40%-ға дейін қысқартуға болады.


