EC[ON]OMY

Әлемдік экономикадағы тұрақтылықтың басты мәселелері

Тағы жақында ғана әлемдік экономика біртіндеп қалыпты жағдайға оралып жатқандай көрінген еді. Пандемиядан кейінгі инфляция бәсеңдей бастады, орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мүмкіндігін талқылап жатты, еңбек нарығы тұрақты болды, ал жасанды интеллектке салынған инвестициялар жаңа өсім көзіне айналып келе жатқан еді. Бірақ БҰҰ жариялаған World Economic Situation and Prospects 2026 баяндамасының жаңартылған нұсқасы мүлде басқа көріністі көрсетеді. Құжаттағы басты жаңалық әлемдік экономиканың 2026 жылы 2,5%-ға дейін баяулауында емес. Негізгі мәселе басқа жерде. Әлемдік экономика дағдарыстарды уақытша құбылыс ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдай бастады.

Соңғы бірнеше жылда орын алған оқиғалардың әрқайсысы жеке алғанда үлкен экономикалық күйзеліс саналар еді. Ал қазіргі кезеңнің ерекшелігі — жаңа қиындықтар бұрынғыларының салдары толық жойылмай жатып пайда болуда. Алдымен пандемия жаһандық жеткізу тізбектерін бұзды. Кейін геосаяси шиеленістер күшейді. Одан соң сауда шектеулері мен технологиялық бәсеке алдыңғы қатарға шықты. Енді бұған Таяу Шығыстағы қақтығыстардан туындаған жаңа энергетикалық соққы қосылды. Соның нәтижесінде әлем біртіндеп тиімділік экономикасынан тұрақтылық экономикасына ауысып жатыр.

БҰҰ баяндамасы жаһандану ондаған жыл бойы дамығанына қарамастан әлемдік жүйенің әлі де қаншалықты осал екенін көрсетеді. Ормуз бұғазының жабылуы осының айқын дәлелі болды. Қазіргі цифрлық экономика, жасанды интеллект пен бұлтты технологиялар қанша жерден дамыса да, олардың негізінде нақты инфрақұрылым мен шикізат жатыр. Әдетте осы бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газдың шамамен бестен бірі тасымалданады. Тасымалдың бұзылуы бірден энергия бағасының өсуіне, көлік шығындарының артуына, тыңайтқыштардың қымбаттауына және көптеген өнеркәсіптік тауарлардың бағасына әсер етті. XXI ғасыр экономикасы өткен ғасырдағы мұнай дағдарыстарын еске түсіретін мәселемен қайта бетпе-бет келді.

Бұл әсер тек энергетика саласымен шектелмейді. Мұнайдың қымбаттауы тасымал шығындарын өсіреді. Тасымал шығындарының артуы азық-түлік пен өндірістік тауарлардың бағасын көтереді. Тыңайтқыштардың қымбаттауы ауыл шаруашылығы өнімдерінің болашақтағы бағасына қысым түсіреді. Компаниялардың шығындары көбейеді, ал халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Сондықтан БҰҰ 2026 жылға арналған әлемдік инфляция болжамын 3,9%-ға дейін көтерді. Бірнеше жыл бойы инфляциямен күрескен әлем қайтадан бағаның өсуімен бетпе-бет келіп отыр.

Бұл жағдай әсіресе дамушы елдер үшін ауыр болып тұр. Олардың көбі 2026 жылға бюджет мүмкіндіктері шектеулі, мемлекеттік қарызы жоғары жағдайда кірді. Енді оған қымбат энергия импорты, қымбат азық-түлік, қымбат несиелер және қаржыландырудың қиындауы қосылды. Кейбір елдер үшін бұл жай ғана экономикалық өсімнің баяулауы емес, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлау қаупі. БҰҰ қазіргі баға өсімі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ушықтырып, кедейлікті арттыруы мүмкін екенін ескертеді.

Осындай жағдайда бизнестің де мінез-құлқы өзгеріп жатыр. Көптеген жыл бойы компаниялар шығындарды азайтуға басымдық берді. Өндіріс жұмыс күші арзан елдерге көшірілді. Логистика ең тиімді бағыттар бойынша ұйымдастырылды. Қоймадағы қорлар мүмкіндігінше қысқартылды. Мұндай модель тұрақты жаһандану кезеңінде жақсы жұмыс істеді. Қазір жағдай өзгеруде. Компаниялар өнімді қай жерде арзан өндіруге болады деген сұрақтан гөрі, келесі дағдарыс кезінде қай жерде сенімді өндіруге болады деген сұрақты жиі қоя бастады.

Сондықтан көптеген мемлекеттер өндірісті жергіліктендіруге, қосымша қуаттар құруға және жеткізушілерді әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Мұндай шешімдер экономиканы тұрақты етеді, бірақ шығындарды да арттырады. Қосымша өндірістік қуаттарға инвестиция қажет. Қоймалардағы қосымша қор айналымдағы қаражатты байланыстырады. Бір жеткізушінің орнына бірнеше жеткізушімен жұмыс істеу шығынды көбейтеді. Әлем бұрын тиімділік үшін төлесе, енді жеткізу қауіпсіздігі үшін төлей бастады.

Бұл үрдіс ірі экономикалардың саясатынан анық көрінеді. АҚШ инфрақұрылымға, өнеркәсіпке және жасанды интеллект жобаларына инвестицияны жалғастыруда. Еуропалық одақ энергетикалық қауіпсіздікке, инфрақұрылымға және қорғанысқа жұмсалатын шығындарды арттырып жатыр. Қытай технологиялық тәуелсіздікке және ішкі өндірістік тізбектерді нығайтуға басымдық беруде. Барлығының мақсаты бір — сыртқы тәуекелдерге тәуелділікті азайту.

Қаржы нарықтары да өзгерісті сезіне бастады. 2025 жылғы салыстырмалы түрде қолайлы кезеңнен кейін инвесторлар қайтадан белгісіздікпен бетпе-бет келді. Акциялар мен шикізат нарығындағы құбылмалылық күшейді. Мемлекеттік облигациялар бойынша кірістілік өсуде. Нарық қатысушылары пайыздық мөлшерлемелер бойынша болжамдарын қайта қарап жатыр. Егер бұрын орталық банктердің мөлшерлемені тезірек төмендететініне сенім болса, қазір мұндай үміт әлсірей бастады.

Орталық банктер үшін жаңа энергетикалық шок өте күрделі таңдау туғызды. Бір жағынан экономика баяулап келеді және қолдауды қажет етеді. Екінші жағынан инфляцияның қайта үдеуі мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан әлемнің ірі реттеушілері сақтық танытып, жағдайдың қалай өрбитінін бақылауды жөн көруде. Бұл ақшаның құны бұрын күтілгеннен ұзағырақ жоғары деңгейде қалуы мүмкін дегенді білдіреді.

Жаңа экономикалық кезеңдегі ең қызықты қайшылықтардың бірі жасанды интеллектпен байланысты. БҰҰ баяндамасында дәл осы бағыт әлемдік экономика үшін үміт сыйлайтын негізгі факторлардың бірі ретінде көрсетілген. Технологияларға салынатын инвестициялар өсіп келеді, ал жасанды интеллектке қатысты өнімдердің саудасы әлемдік экспортты қолдауда. Алайда мұнда да тәуекел бар. Ұйым жаңа технологиялық толқынның негізгі пайдасын дамыған елдер алуы мүмкін екенін ашық жазады. Себебі олардың қаржысы, инфрақұрылымы және адами капиталы жеткілікті. Ал көптеген дамушы мемлекеттер өз ресурстарын энергетикалық және қарыз мәселелерін шешуге жұмсауға мәжбүр. Соның салдарынан технологиялық алшақтық одан әрі ұлғаюы ықтимал.

Баяндаманың ең маңызды қорытындысы экономикалық өсім немесе инфляция көрсеткіштерінде емес. Негізгі өзгеріс әлемдік экономиканың жұмыс істеу логикасында жатыр. Соңғы онжылдықтарда жаһандану шығындарды азайтуға көмектесті. Қазір басты мақсат тәуекелдерді азайтуға ауысып келеді. Бұрын мемлекеттер мен компаниялар тиімділікті бірінші орынға қойса, енді тұрақтылыққа басымдық бере бастады. Бұрын негізгі міндет шығындарды қысқарту болса, қазір жеткізу қауіпсіздігіне, энергетикалық тәуелсіздікке және сыртқы күйзелістерден қорғануға қосымша қаржы жұмсалады.

Сондықтан қазіргі жағдайды уақытша қиындық деп қабылдау қиын. Бұл жаңа экономикалық шындықтың бір бөлігіне айналып келеді. Әлемдік экономика әлі де өсіп жатыр. Бірақ бұл өсім баяуырақ, күрделірек және қымбатырақ бола бастады. Бүгінде мәселе келесі дағдарыстың қашан аяқталатынында емес. Негізгі сұрақ — мемлекеттер мен компаниялар күйзелістер үздіксіз қайталанатын жаңа әлемге қаншалықты тез бейімделе алады.

Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading