EC[ON]OMY

Мемлекеттік стратегия: Басқарылатын көрсеткіштер мен қазіргі жағдай

Мемлекеттік стратегия елдің даму бағытын айқындауы керек, бірақ көбіне тек нәтижелерді тіркейтін құжатқа айналып кетеді. Кейбір стратегиялық құжаттарда үкімет тікелей ықпал ете алмайтын көрсеткіштер кездеседі. Мұндай жағдайда мақсатқа жету көбінесе сыртқы факторларға байланысты болады, ал мемлекеттік саясаттың рөлі төмендеп кетеді. Бұл стратегияның іс жүзінде орындалмауына немесе экономикалық жағдайға сәйкес келмеуіне әкелуі мүмкін.

Басқарылатын көрсеткіштер дегеніміз не?

«Ұлттық жоспар – 2029» аясында 39 ұлттық көрсеткіш белгіленген, бірақ олардың барлығы бірдей басқарылатын емес. Шын мәнінде тиімді болуы үшін кез келген көрсеткіш келесі талаптарға сай болуы керек:

1. Мемлекет тарапынан реттелуі мүмкін – яғни, экономикалық, әлеуметтік, салықтық, инвестициялық саясаттың көмегімен оған әсер етуге болады.

2. Өлшеуге оңай болуы керек – деректер ашық, қолжетімді және объективті болуы қажет.

3. Қаржылық және басқару тетіктерімен байланысы болуы керек – егер көрсеткіш стратегияда тұрса, оны жүзеге асыруға қажетті шаралар мен ресурстар алдын ала қарастырылуы тиіс. Егер олай болмаса, ол жай ғана декларация болып қалады.

Тағам шығындарының үлесі: басқарылатын көрсеткіш пе?

Мысал ретінде «Тағам шығындарының үлесі» көрсеткішін қарастырайық. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін төмендеуі керек деп жоспарланған. Алайда, соңғы жылдардағы деректер кері үрдісті көрсетіп отыр:

• 2015 жылы – 44,7%

• 2023 жылы – 51,3%

• 2024 жылдың 3-тоқсаны – 50% (жылдық орташа – 50,5%)

Бұл көрсеткіш 4 жыл ішінде 10 пайыздық тармаққа төмендеуі керек. Бірақ өңірлер бойынша айырмашылықтар өте үлкен:

• Ең жоғары деңгей Алматы және Жамбыл облыстарында: 59,6% және 59,9%

• Ең төменгі деңгей Қарағанды облысы мен Астана қаласында: 41,3% және 41,8%

Бұл айырмашылықтар табыс деңгейіне, азық-түлік бағасының қолжетімділігіне және аймақтық тұтыну ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан бірдей шаралар әр өңірде әртүрлі нәтиже беруі мүмкін.

Көрсеткішке әсер ететін негізгі факторлар

Экономикада Энгель заңы бар: табыс өскен сайын адамдар азық-түлікке бұрынғыдай көп ақша жұмсайды, бірақ оның жалпы табысқа шаққандағы үлесі азаяды. Алайда, бұл процесс тек табысқа ғана емес, бірнеше басқа факторларға да тәуелді:

1. Халықтың табыс деңгейі

Егер жалақы мен табыс инфляциядан жылдам өссе, адамдар ақшаларын азық-түліктен басқа салаларға (мысалы, білім, денсаулық сақтау, демалыс) көбірек жұмсайды.

Бірақ Қазақстанда 2023 жылы нақты табыс өсуі бар болғаны 0,9% болды, бұл инфляцияны өтей алмайды.

2. Азық-түлік бағасының өзгеруі

Егер азық-түлік инфляциясы халық табысынан жоғары өссе, адамдар тамаққа көп ақша жұмсауға мәжбүр болады.

◦ 2022 жылы – 25,3%

◦ 2023 жылы – 8,5%

◦ 2024 жылы (3-тоқсанда) – 5,5%

3. Тұтыну әдеттері мен тағамға деген сұраныстың өзгеруі

Адамдар табиғи және экологиялық таза өнімдерге көбірек қаржы жұмсай бастағанда, сондай-ақ, жаңа тағам түрлеріне сұраныс артқанда (диеталық өнімдер, импорттық тауарлар), шығындар өзгеруі мүмкін.

Бұл көрсеткішті басқаруға бола ма?

Азық-түлік инфляциясына жаһандық нарық, логистика, ауа райы секілді сыртқы факторлар да қатты әсер етеді. Сондықтан, бұл көрсеткіш ішінара ғана басқарылатындеуге болады. Дегенмен, мемлекет келесі тетіктер арқылы әсер ете алады:

• Халық табысын арттыру – жалақыны көтеру, шикізаттық емес секторды дамыту.

• Баға саясатын реттеу – азық-түлікке салық жүктемесін азайту, отандық өндірісті қолдау.

• Агроөнеркәсіпті дамыту – ауыл шаруашылығына, логистика мен өңдеу саласына инвестиция тарту.

Халық табысы нақты өсім көрсетпесе, азық-түлік шығынының үлесін 40%-ға дейін төмендету мүмкін емес. Егер алдағы жылдары экономикалық өсім баяу болып, халықтың нақты табысы инфляциядан оза алмаса, бұл көрсеткіш жай ғана орындалмайтын мақсат болып қала береді.

Не істеу керек?

Басқарылатын факторларға назар аудару – халық табысының өсуін қамтамасыз ету.

Аймақтық ерекшеліктерді ескеру – әр өңірдің жағдайына қарай икемді саясат жүргізу.

Экономиканы әртараптандыру – адамдардың негізгі шығыны азық-түлікке емес, білім, денсаулық сақтау, демалыс саласына бағытталуы үшін шикізаттық емес секторды дамыту.

Басты сұрақ: Біз стратегиялық жоспарлау тәсілін қайта қарауға дайынбыз ба? Көрсеткіштер елдің нақты даму үрдісін көрсететіндей болуы керек, тек «жақсы» сандар үшін ғана белгіленбеуі қажет.

 
 
Дайындаған: Баян Әбдрахманова, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының консультанты, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading