EC[ON]OMY

Инфрақұрылымды жаңарту: себептері мен тәуекелдері

Инфрақұрылым нысандарын жаппай және қысқа мерзімде салу немесе жаңарту халыққа қолайлы жағдай жасап, белгілі бір кезеңде өте пайдалы болғанымен, бұл тәсіл болашақта бірқатар тәуекелдерді туындатады. Негізгі мәселе – шығындардың көп бөлігі бір уақытқа шоғырланып, бюджетке түсетін жүктеменің кейін бірден және өте ірі көлемде қайта пайда болуы. Мұндай жағдайда шығындарды бірнеше жылға тең дәрежеде бөлу мүмкіндігі жоғалады.

1960–1980 жылдары бүкіл Одақ бойынша (оның ішінде Қазақ КСР-де де) типтік жобалар бойынша вокзалдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер жаппай бір мезгілде салынды. Бұл сол кезең үшін орынды еді: соғыстан кейінгі қажеттілік жоғары болды, «төмен базаның әсері» байқалды, әрі халық саны да өсті.

Алайда арада 50 жыл өткенде осы нысандардың барлығы бір уақытта тозып, жаппай жөндеуді қажет ететін кезеңге келді. Яғни, бір ауданның панельді үйлері бір мезгілде күрделі жөндеуді талап етеді, жүздеген мектепті уақытша жабуға тура келеді, ал 1960–1970 жылдары салынған теміржол вокзалдары бір уақытта жарамсызданады. Бұл — миллиардтаған теңгені қажет ететін өте қымбат процесс.

Мысалы, қазір Қазақстанда бір мезгілде 125 теміржол вокзалы жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары көктемде басталды, ал олардың басым бөлігін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Соған қарамастан, бұл нысандардың көбіне небәрі 10–15 жыл бұрын-ақ күрделі жөндеу жасалған. Көпшілігі апаттық жағдайда деген ашық дерек жоқ. Тек бірнеше нысанда сараптама нақты қауіп барын анықтап, толық демонтаж қажет деп тапты. Бірақ жобаларды тым көлемді көрсетуге, бюджет қаржысын белсенді игеруге деген мотивация да байқалады. Бұл – қандай нысанды жаңарту шын мәнінде қажет екенін дұрыс анықтауға қатысты тәуекел туғызады.

Осылайша, инфрақұрылымды жаппай әрі бір мезетте жаңарту болашақта да дәл сондай жаппай шығындарға алып келеді. Оның үстіне, бұл кезең республикалық бюджетте тапшылық жоғары болған уақытта қайталануы мүмкін.

Ұсынылатын балама шаралар

1.⁠ ⁠Құрылыс пен жаңарту бағдарламаларын кезең-кезеңімен іске асыру

Нысандарды бір уақытта емес, әртүрлі жылдары немесе бесжылдықтарда пайдалануға беру — олардың тозу мерзімін де әр кезеңге бөледі.

2.⁠ ⁠Әр ғимарат бойынша тәуелсіз сараптама жүргізу

Бағдарламаға енгізбес бұрын нысанның техникалық жағдайын жеке бағалап, шұғыл жөндеуді шынымен қажет ететіндерін бірінші кезекте қамту.

3.⁠ ⁠Әр объект бойынша ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету

Сараптама қорытындысы, жөндеу құны, жаңартудың қажеттілігі мен мерзімі барлық азаматқа қолжетімді болуы тиіс.

4.⁠ ⁠Сындарлы инфрақұрылымның бірыңғай цифрлық базасын құру

Әр нысанның паспорты болуы керек, онда:

  • ⁠ ⁠техникалық жағдайы және тозу индексі;
  • ⁠ ⁠соңғы жөндеу уақыты;
  • ⁠ ⁠конструкциялардың есепті қызмет ету мерзімі;
  • ⁠ ⁠жақын жылдарға арналған ағымдағы және күрделі жөндеу жоспары;
  • ⁠ ⁠мемлекеттік бағдарламаға енгізудің негіздемесі көрсетілуі тиіс.

5.⁠ ⁠Инфрақұрылымдық циклдерді ұзақмерзімді жоспарлау жүйесін енгізу

Ірі жобаларды 10–20 жылға бөліп, оларды басымдықтары, тозу мерзімдері және бюджет мүмкіндіктері бойынша кезең-кезеңімен орындау. Бұл бюджет жүктемесін біркелкі етеді.

Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading