Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының (ары қарай – ҰСБ) мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың нақты өсуі 3,2%-ды құрады. Тауар өндіру секторы 3,5%-ға, ал қызмет көрсету секторы 3,4%-ға өсті.
Жалпы ішкі өнімнің (ары қарай – ЖІӨ) құрылымында салалардың ішінде сауда саласының үлесі басым (16,0%), одан кейін тау-кен өндірісі (14,0%), өңдеу өнеркәсібі (12,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (8,4%) және құрылыс саласы (5,1%) келеді. Жылдық үлеске қарай бағалағанда, сауда және өңдеу өнеркәсібі салалары экономикалық өсімге 0,7 пайыздық пункт (ары қарай – п.п.) үлес қосты, ал көлік пен құрылыс салалары 0,4 п.п., байланыс саласы 0,2 п.п. үлес қосты.
2024 жылғы 1 қазанға дейінгі ҰСБ деректеріне сәйкес, елдегі тіркелген заңды тұлғалардың саны 419 999 бірлікті құрады (2024 жылдың бірінші жартыжылдығында – 421 205 бірлік). ҰСБ заңды тұлғаларды жұмысшылардың орташа жылдық санына сәйкес шағын, орта және ірі кәсіпорындар ретінде жіктейді. Осылайша, жалпы тіркелген заңды тұлғалардың 97,9%-ы шағын кәсіпкерлікке, 1,6%-ы орта кәсіпкерлікке және 0,6%-ы ірі кәсіпкерлікке тиесілі.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі кәсіпорындар өнім мен қызмет көрсетуден 42,7 трлн теңге табыс тапты, ал салық салуға дейінгі пайда 8,2 трлн теңгені құрады.

Ең көп табыс әкелген аймақтар – Алматы қаласы (жалпы пайданыӊ 31%), Астана қаласы (21,8%), Атырау облысы (18,6%), Маңғыстау облысы (6,6%) және Түркістан облысы (6,1%). Ал Ұлытау облысында, керісінше, орта және ірі кәсіпорындар 914 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған, ал шағын кәсіпорындар 12,1 млрд теңге пайда көрсеткен.
Салалар бойынша табыстылықты қарастыратын болсақ, ең табысты салалар сауда (жалпы пайданыӊ 26,8%), тау-кен өндірісі (23,1%), құрылыс (13,8%), қаржылық қызмет (11,2%) және көлік (7,1%) салалары болып табылады.
Осылайша, ЖІӨ-нің өсуі негізгі салалардың біртіндеп қалпына келуі мен нығаюын көрсетеді.
Сауда және өңдеу өнеркәсібі секторларының үлесі айтарлықтай маңызды, бұл экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды қолдаудың маңыздылығын айқындайды. 2000 жылдан 2023 жылға дейінгі заңды тұлғалардың санының орташа жылдық өсуі 6,2%-ды құрады. Жекелеген аймақтардағы шамалы қиындықтарға қарамастан, қалған өңірлердегі оң динамика бизнестің әртүрлі экономикалық жағдайларға бейімделіп, өсуге қабілетті екенін көрсетеді. Қазақстан экономикасын одан әрі нығайтуға сенімді қадам жасауда, бұл жылдың екінші жартысында да өсімнің жақсы негіздерін қалайды.
Сонымен қатар, мемлекеттің ұлттық экономиканың өсуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі үлесін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың көптеген шаралары бар, олар шағын, орта және ірі бизнесті нарықтық деңгейден төмен шарттармен несиелендіреді. Бұл бизнестің өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өсімге елеулі мүмкіндік береді.


