EC[ON]OMY

Базалық стандарт па, әлде нақты нәтиже ме?

Өмір сапасы – ел дамуының ең күрделі әрі көпқырлы ұғымдарының бірі. Ол тек табыс, білім, денсаулық, баспанаға қолжетімділік және қауіпсіздікті ғана емес, адамдардың күнделікті өмірді қалай сезінетінін де қамтиды. Бүгінде өмір сапасы мемлекеттің табысының басты өлшеміне айналып келеді. Себебі ол экономиканың өсуін ғана емес, халықтың шынайы әл-ауқатын көрсетеді.

Осы тұрғыда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы өмір сапасымен тікелей байланысты. Қоғам сұранысына жылдам әрі тиімді жауап бере алатын мемлекет жоспарлау жүйесін индикаторлар нақты өзгерістерді көрсетердей етіп құруы тиіс. Яғни өмір сапасы – жай қорытынды көрсеткіш емес, мемлекеттік саясаттың шынайы мағынасын көрсететін айна. Бұл көрсеткіштің мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қалай енгізілгені өте маңызды.

Қағаз жүзінде бәрі реттелгендей көрінеді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын бейнелейтін мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер қарастырылған. 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында 39 негізгі ұлттық индикатор (КНИ) айқындалған, олар басқа құжаттарға бағдар болуы керек. Бір қарағанда, жүйе құрылған сияқты.

Алайда нақты тәжірибе басқа жағдайды көрсетеді. Индикаторлар тым көп, бытыраңқы, көбіне есеп үшін ғана керек. Жүйе барған сайын «құжаттар мен көрсеткіштер конвейеріне» ұқсап барады, ал олардың шынайы нәтижемен байланысы әлсіз.

Иә, декомпозиция қарастырылған, яғни КНИ мақсатты және нәтижелік көрсеткіштерге бөлінеді. Қағазда логика дұрыс. Бірақ іс жүзінде бұл тізбек мінсіз жұмыс істемейді.

Бұған Астана қаласының даму жоспары туралы есеп мысал бола алады. Негізгі ұлттық индикатор – «ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халық үлесін азайту»: 2024 жылға жоспар – 2,4%, нақты – 2,8%. Оған жету үшін мақсатты индикатор ретінде жұмыссыздық деңгейі қойылған (жоспар – 4,8%, нақты – 4,4%). Бұдан бөлек, нәтижелік көрсеткіштер де артығымен орындалған: 12,2 мыңның орнына 14,4 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде жастар – жоспардағы 5,7 мыңның орнына 8 мың.

Қағаз жүзінде бүкіл тізбек жұмыс істегендей: іс-шаралар өтті, нәтижелік көрсеткіштер орындалды, мақсатты индикаторға да жеттік. Бірақ кедейлікті азайту жөніндегі КНИ орындалмай қалды. Бұл қазір қолданылып жүрген декомпозиция логикасының әлсіз тұсын анық көрсетеді: жұмыссыздықтың төмендеуі мен жұмысқа орналасқандар санының артуы кедейліктің азаюына кепіл емес. Жұмыс орындары бар, бірақ ол жерден түсетін табыс адамдарды ең төменгі күнкөріс шегінен шығара алмай отыр.

Мәселенің түбі – қолданыстағы жүйе негізінен «санды» өлшейді, «сапаны» емес. Қанша іс-шара өтті, қанша адам жұмысқа тұрды, жұмыссыздық қаншаға төмендеді – мұның бәрі бар. Бірақ басты сұраққа жауап жоқ: азаматтардың өмір сапасы қаншалықты жақсарды?

Бұрынғы, 2025 жылға дейінгі Ұлт жоспары мазмұны тереңірек индикаторларды қолданды: халықтың нақты ақшалай табысы және табысы ең төмен 40% топтың үлесі. Олар табыс үлестірілуінің динамикасын және теңсіздік деңгейін көруге мүмкіндік берді. Қазір жүйе іс жүзінде «базалық стандартқа» ауысты: негізгі бағдарлар – ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халық үлесі және өңірлік стандарттар жүйесі. Ол да негізінен базалық өмір жағдайларына (баспана, мектеп, аурухана, инфрақұрылымға қолжетімділік) қарап бағалайды. Бұл – қажет «санитарлық шек», бастапқы мүмкіндіктерді теңестіреді. Бірақ өмір сапасының өзіне толық жауап бермейді.

Сондықтан да қабылдауда парадокс бар: Ұлттық бюро жүргізген сауалнамалар бойынша респонденттердің тек 56%-ы өміріне риза, 43,8%-ы ішінара риза. Жұмыс істейтіндердің басым бөлігі өзін «орта деңгейге» жатқызады, ал «жоғары қамтамасыз етілгенмін» дейтіндер аз.

Бұл көріністі бюджет атқарылуы да толықтырады. Мәселен, «Өнімді жұмыспен қамтуды дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2024 жылы 2,76 млрд теңге бөлінді, қаражат толық игерілді, қамту және жұмысқа орналастыру жоспардан асып түсті, жұмыссыздық жоспарланған деңгейден төмен болды. Бірақ дәл сол Астанада кедейлік бойынша нысаналы мәнге қол жеткізілген жоқ. Демек, қолданылған құралдар процеске жұмыс істеп, түпкі нәтижеге жеткізбейді: біз «шаралар санын» жақсы есептеп, қаржыландырамыз, ал «өмір сапасы» назардан тыс қалады.

Бұл жүйелі мәселеге Жоғары аудиторлық палата 2022 жылы-ақ назар аударған. Олар бюджет шығыстары мен саясатты әлеуметтік әсермен байланыстыратын ұлттық өмір сапасы стандартын енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл талап белгілі бір деңгейде өңірлік стандарттар жүйесі арқылы іске асып келеді, бірақ толық интеграция әлі жоқ. Негіз салынды, бірақ «екінші қабат» – сапа индикаторлары және саясаттың адамдар өміріне нақты ықпалы – жоқ.

Сондықтан Қазақстанға бірыңғай Ұлттық өмір сапасы индексі керек. Ол мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізілуі, өңірлер мен салаларға бөлінуі тиіс. Индекс тек базалық параметрлерді (кедейлік, қызметтерге қолжетімділік) ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамтудың сапасын, табыстың өсуін, қалалық және ауылдық ортаның деңгейін, азаматтардың субъективті бағаларын да қамтуы қажет. Сонымен бірге әртүрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүргізетін барлық әлеуметтік сауалнамалар осы индекс пен оның әдістемесіне байланыстырылып, бытыраңқы емес, бірыңғай жүйеде өтуі керек.

«Саясат – шығындар – адамдар өміріндегі өзгерістер» арасында тікелей байланыс орнауы шарт. Өмір сапасын бағалау жүйесі жұмыс істеуі үшін көрсеткіштер жергілікті атқарушы органдардың нақты жұмысына тәуелді болуы және өңір ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

Ашықтық та сондай маңызды. Бүгінде көптеген индикаторлар есептің ішінде ғана бар және көпшілікке түсінікті емес. Ұлттық өмір сапасы индексі ашық, қарапайым тілмен түсіндірілетін болуы және тұрақты жарияланып отыруы керек. Сонда ғана ол ішкі бюрократиялық құрал емес, қоғамға түсінікті, нақты бағдарға айналып, азаматтарға мемлекеттік саясаттың олардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын көруге мүмкіндік береді.

 

Баян Әбдрахманова, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading