EC[ON]OMY

Азаматтық қоғамды дамытуға арналған гранттар

Қазақстанда азаматтық қоғамды қолдау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Үкімет мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар арқылы үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) әріптестікті жақсартуға күш салып келеді. Бүгінде ҮЕҰ-ды қаржыландырудың екі түрі бар: гранттар мен әлеуметтік тапсырыс.

Гранттар қысқа, орта және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Әдетте, жобаның ұзақтығына қарай оның қаржыландырылу көлемі, қамту аясы және KPI-лары анықталады. Бұл туралы толығырақ ресми сайттардан оқи аласыз, біз бұл жолы тек гранттық жүйені жетілдіру және мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтып, осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру туралы ой ұсынамыз.

2016 жылдан бері азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметінше, жалпы 12 млрд теңгеге 641 жоба жүзеге асырылған. Гранттар көлемі 500 АЕК-тен бастап 10 000 АЕК-ке дейін жетеді. Қаржыландырылатын тақырыптар қоғам үшін маңызды: мысалы, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және тағы басқа бағыттар.

Алайда бір үлкен мәселе бар — бұл жобалардың әлеуметтік әсері мен тұрақтылығы. Мемлекеттік қаржыландыру арқылы іске асқан жобалар тек грант мерзімінде жұмыс істейді: KPI орындалады, есеп тапсырылады, бірақ қаржы аяқталған соң жобаның өзі де тоқтап қалады. Жобаның идеясы мен материалдары грант беруші тарапқа тиесілі болып кетеді. Нәтижесінде, қаншама еңбек пен интеллектуалдық ресурс тек сөреге қойылып, жоба өмір сүрмей қалады. Бұл мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану логикасына қайшы және азаматтық бастамалардың ұзақ мерзімді тиімділігіне кері әсер етеді.

Бізге керегі — осы бастамалардан тұрақты әлеуметтік жобалар қалыптастыру. Кейбір жобалар уақыт өте келе өз-өзін қамтамасыз етіп, тіпті табыс әкеле алатын деңгейге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет бұл жобалардан роялти алып, сол қаражатты жаңа азаматтық бастамаларды қолдауға бағыттай алар еді. Бұл – бір жағынан бюджетке түсетін салмақты азайтады, екінші жағынан – шағын кәсіпкерлікті де дамытуға мүмкіндік береді.

Мысалы, MyBnk (қазіргі атауы – Money Ready), Cosmic Ethical IT, The Better Food Company сынды ұйымдар бастамасын мемлекет тарапынан қайтарымды қаржыландыру арқылы іске асырған. Бұл тәсіл жобаның тұрақты дамуына және нарықта өз орнын табуына ықпал еткен. Уақыт өте келе мұндай жобалар табыс әкеліп, басқа бастамаларға инвестиция ретінде жұмсалуда.

Сондықтан, Қазақстанда да қайтарымды қаржыландыру элементтерін енгізу, жобаның нәтижелілігін ұзақ мерзімде өлшеу және сәтті бастамаларға нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік беру – маңызды қадам болмақ. Бұл тәсіл азаматтық қоғамды шынайы күшейтіп, мемлекеттің де ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.

 
Азиза Қасенова, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading