EC[ON]OMY

Астанада тегін қоғамдық көлікті енгізудің пайдасы

Астанада қоғамдық көліктегі жолақыны 110 теңгеден 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс қоғамда үлкен талқылауға себеп болды. Бұл бастама тасымалдау компанияларының табыстылығын арттыру және саланы мемлекеттік субсидиялардан аз тәуелді ету мақсатымен түсіндірілуде. Дегенмен, мұндай шешімнің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қисындылығына күмән көп.

Біріншіден, жолақының 4-5 есеге өсуі төмен және орта табысты азаматтар үшін айтарлықтай қосымша салмақ болады. Бұл олардың сатып алу қабілетін төмендетіп, инфляциялық қысымды күшейтеді.

Екіншіден, жолақының қымбаттауы адамдарды жеке көлікке қайта оралуға итермелеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде көлік кептелістерін, ауа ластануын және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырады.

Менің ойымша, жұмыс істейтін халықты қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болуы тиіс. Себебі дәл осы азаматтар экономиканың тірегі: олар қосылған құнды қалыптастырады, салық төлейді және ішкі тұтыну сұранысын қамтамасыз етеді.

Сондықтан ірі қалаларда – ең алдымен Астана мен Алматыда – тегін қоғамдық көлікті енгізу ең тиімді әлеуметтік және экономикалық шаралардың бірі болар еді. Бұл бастама көлік ағынын азайтып, экологияны жақсартып, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдер еді.

Астана – Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бірақ бұл өсіммен бірге көлік санының артуы және инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі жүріп жатыр. Кептелістер қаланың экономикасына айтарлықтай залал келтіруде.

1.⁠ ⁠Уақыт пен еңбек өнімділігінің жоғалуы.

Қалада шамамен 685 мың жұмыс істейтін адам бар, орташа жалақысы – 604 мың теңге. Бір сағаттық жұмыс уақытының құны шамамен 3800 теңге деп есептегенде, кептелістер салдарынан қала күніне шамамен 2,6 млрд теңге экономикалық шығынға ұшырайды. Бұл уақыт жұмысқа, оқуға немесе бизнеске жұмсалуы мүмкін еді.

2.⁠ ⁠Отын шығындарының өсуі.

Кептелістер кезінде жанармай шығыны 15-30% артады. Егер орта есеппен әр көлік күніне 150 теңгеге артық шығын жасайтын болса, Астанадағы 385 мың автокөлік үшін бұл тәулігіне 60 млн теңге қосымша шығынды білдіреді.

3.⁠ ⁠Экономикалық баяулау.

Логистикалық кідірістер тауарлардың өзіндік құнын өсіріп, бизнес тиімділігін төмендетеді және инвестициялық тартымдылықты әлсіретеді.

Эстонияның астанасы Таллин Еуропада алғашқылардың бірі болып тұрғындары үшін тегін қоғамдық көлікті енгізді. Нәтижесінде жолаушылар саны артты, көлік қозғалысы азайды және экологиялық жағдай жақсарды. Ең қызығы – қала бюджеті бұдан ұтылды емес, керісінше ұтты: көптеген азаматтар ресми тұрғылықты тіркеуін Таллинге ауыстырып, салық төлей бастаған.

2024 жылы тасымалдаушыларға берілген субсидия көлемі 242 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 млрд теңгеге көп. Сондықтан қаржыландыру мәселесі – басты сұрақтардың бірі.

Менің ойымша, тегін қоғамдық көлік жүйесін енгізу үшін қажетті қаражатты келесі бағыттар арқылы табуға болады:

1.⁠ ⁠«Понт салығын» арттыру.

  • ⁠ ⁠VIP нөмірлерді аукцион арқылы сату және сәнді автонөмірлердің бағасын көтеру – бюджетке ондаған миллиард теңге әкеледі.
  • ⁠ ⁠Душанбе мен Ташкент тәжірибесіндегідей алдыңғы терезелерді заңды түрде қараңғылатуға рұқсат беріп, ол үшін ақы алу. Бұл әлеуметтік әлсіз топтарға әсер етпейді, бірақ бюджетке қосымша кіріс береді.

2.⁠ ⁠Утильалым қаражатын тиімді пайдалану.

Қазір утильалым түрлі мақсаттарға жұмсалады. Ал оны тек қоғамдық көлікті жаңартуға және автобус сатып алуға бағыттау әлдеқайда қисынды болар еді.

3.⁠ ⁠Басқару шығындарын азайту.

Тегін көлік енгізілсе, бақылаушылар мен билет жүйесіне кететін шығын азаяды – бұл өз кезегінде қызмет көрсету шығындарын төмендетеді.

4.⁠ ⁠Ескі көліктерге салық реформасы.

Жаңа Салық кодексі жобасында ескі көліктерге 50% жеңілдік қарастырылған, бұл декарбонизация саясатына қайшы. Осы жеңілдікті алып тастап, экологиялық салық енгізу – көлік секторын жаңартуға тұрақты қаржы көзі бола алады.

Астана сияқты қалалар үшін мәселе тек жолақы мөлшерінде емес. Бұл – экономикалық тиімділік, экологиялық жауапкершілік және азаматтардың өмір сапасы туралы шешім. «500 теңге ме, әлде 0 теңге ме?» деген сұрақтың жауабы – цифрларда емес, қала қандай болашақ құратынында жатыр.

Ерлан Каримов, тәуелсіз сарапшы, арнайы  үшін www.economyKZ.org

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading