Бүгінде Астанада 1,5 миллион адам тұрады. Соңғы 7 жылда халық саны 500 мыңға артты. Бұл өте жылдам урбанизация. Бірақ, осы өсімнің артында мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі, жол кептелістері мен ретсіз құрылыстар тұр.
Астананың ең тығыз қоныстанған аудандары:
• Есіл – 452 785 адам
• Алматы – 385 194 адам
• Сарыарқа – 350 836 адам
• Байқоңыр – 241 302 адам
Адам көп, ал оларға қажетті қызметтер аз. Балабақшаға кезек, мектептердегі орын тапшылығы, көлік кептелістері – қала тұрғындары күнде бетпе-бет келетін мәселелер.

Табыстар: Астана бюджеті трансферттерге тәуелді ме?
Астана – Қазақстандағы салықтан ең көп түсім жинайтын қала. 2024 жылы қала бюджетінің 73%-ы салықтан құралды (999 млрд теңге). Бірақ соған қарамастан, Астана әлі де республикалық бюджеттен 274,5 млрд теңге (20%) трансферт алады.
Салық түсімдерінің негізгі көздері:
• Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 345,3 млрд теңге (34,6%)
• Жеке табыс салығы (ЖТС) – 345,5 млрд теңге (34,6%)
• Әлеуметтік төлемдер – 217,5 млрд теңге (21,8%)
Яғни, қала өз табысын жинай алады, бірақ трансферттерсіз бюджетіне қауіп төнуі мүмкін. Ал егер республикалық субсидиялар қысқарса, Астана экономикасы оған қаншалықты дайын?

Шығындар: инфрақұрылымға көп, денсаулыққа аз
Қаланың жалпы бюджеті – 1,27 трлн теңге. Бірақ бұл қаржы қайда жұмсалып жатыр?
Негізгі шығын бағыттары:
• Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖКХ) – 301 млрд теңге (23,7%)
• Жолдар мен көлік – 161 млрд теңге (12,7%)
• Білім беру – 365 млрд теңге (28,7%)
• Денсаулық сақтау – бар болғаны 21 млрд теңге (1,6%!)
Қала жолдарға денсаулық сақтаудан 15 есе көп қаржы бөледі. Ал тұрғындар емханаға кезекке тұрып, дәрігер жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр.
Астана – қаржысы мол қала, бірақ оның бюджеттік саясаты қаншалықты тиімді?
🔹 Экономикалық тәуелділік: қалада салық түсімі жоғары, бірақ республикалық бюджеттен қолдау әлі де қажет.
🔹 Инфрақұрылымның ауыр жүктемесі: халық саны өсуде, бірақ оған қажетті қызметтер артта қалып отыр.
🔹 Дұрыс басымдық берілмеген: медицина мен әлеуметтік сала жеткілікті қаржыландырылмай отыр.
🔹 Құрылыс нарығы қауіпті: бағаның күрт төмендеуі экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін.
Астана дамудың драйвері бола ала ма, әлде бюджетке тәуелділіктен арыла алмай ма? Бұл сұраққа алдағы жылдар жауап береді.
Дайындаған: Руслан Сұлтанов, экономист, арнайы www.economyKZ.org үшін


