EC[ON]OMY

АҚШ-тың Венесуэладағы операция: геосаяси әсерлері

2026 жылғы 3 қаңтарда АҚШ арнайы күштері Каракаста операция жүргізіп, Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстады.

5 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро Нью-Йорктегі федералды сотта «наркотерроризм» айыбы бойынша жауап беретінін мәлімдеді.

Венесуэла билігі бұл әрекетті «заңсыз ұрлау» және мемлекеттік егемендікті өрескел бұзу деп атады. Оқиғаның заңдылығы БҰҰ деңгейінде шұғыл талқылауға шығарылды. Бұл – соңғы ондаған жылдардағы теңдесі жоқ жағдай. АҚШ алғаш рет шетелдегі әрекеттегі мемлекет басшысын күш қолдану арқылы шын мәнінде биліктен шеттетіп отыр. Мұның геоэкономикалық салдары да елеулі.

Венесуэланың әлемдік мұнай өндірудегі үлесі аз – шамамен 1%, бірақ геосаяси тәуекелдің өсуі нарықтарға әсер етті. Мұнай бағасы құбылмалы бола бастады, инвесторлар қорғаныш активтерге бет бұрды. Дегенмен, әзірге дүрбелең жоқ: жаһандық энергия жеткізілімдері жеткілікті, шокты жұмсарта алады.

Қазақстан үшін қысқа мерзімде әсер бейтарап немесе сәл оң болуы мүмкін. Мұнай бағасы бюджетке жақын деңгейде тұр. Бірақ жанама тәуекелдер бар: әлемдік инфляция, дамушы нарықтарға деген тәбет, санкциялық комплаенс талаптарының күшеюі. Бұл мақалада мұнай санкцияларынан бастап инвесторлардың реакциясына дейінгі экономикалық механизмдер талданып, олардың Қазақстан экономикасына ықтимал салдары қарастырылады.

Қалай болды?

Операциядан кейінгі алғашқы сағаттарда ақпарат үзік-үзік болды. 3 қаңтарға қараған түні Венесуэла оппозициясына жақын латынамерикалық БАҚ пен Telegram-арналар «ұсталды» деген ақпарат тарата бастады. Әлемдік агенттіктер бірден растауға асықпады – мұндай жаңалықтар абайлықты талап ететін. Еске салсақ, 2020 жылы АҚШ Мадуроға айып тағып, ол туралы мәлімет үшін 15 млн доллар сыйақы жариялаған.

2023–2025 жылдары оны ұстау туралы түрлі сценарийлер айтылды: төңкеріс, шекарадан өткен сәттегі тұтқындау, тіпті жасырын операция.

2025 жылдың күзінде Трамп Венесуэлаға қатысты риториканы күшейтіп, «санкциялық танкерлерге теңіз блокадасын» жариялады. Сондықтан күш қолдану мүмкіндігі бұрыннан талқыланып жүрген.

Шешуші сәт – 3 қаңтардағы Трамптың операцияны ресми растауы болды. Осыдан кейін халықаралық БАҚ бұл жаңалықты толық таратты.

Қақтығыстың алғышарттары

АҚШ 2019 жылдан бері Венесуэла мұнайына де-факто тыйым салды. PDVSA экспортына эмбарго енгізілді, сатып алушылар мен тасымалдаушыларға екінші деңгейлі санкциялар салынды. Нәтижесінде, әлемдегі ең ірі мұнай қоры бар ел (303 млрд баррель, яғни әлемдік қордың 17%) өндіру көлемін тәулігіне 1 млн баррельге дейін түсірді. Бұл – жаһандық ұсыныстың 1%-ынан аз. Мұнай экспорты «көлеңкеге» кетті: шамамен 80% Қытайға жанама жолдармен, үлкен жеңілдіктермен сатылды.

2025 жылдың соңына қарай АҚШ қысымды күшейтіп, «елес-танкерлерді» ұстауға кірісті. 80 танкердің 30-дан астамы санкцияға ілікті. Бұл режимнің валюталық табысын әлсіретті. Бірақ нарық сабыр сақтады: жоғалған көлем бұрыннан басқа жеткізушілермен жабылған еді. Brent бағасы небәрі 2–3%өсіп, $60 шамасында қалды. Алайда оқиғаның мәні тек көлемде емес – прецедентте.

Нарықтар неге алаңдады?

1.⁠ ⁠Геосаяси тәуекел

АҚШ Латын Америкасында тікелей күш қолданды. Бұл 1989 жылғы Панамада Норьеганы ұстаумен салыстырылады. Инвесторлар геосаясаттың кез келген сәтте нарықты шайқай алатынын тағы көрді.

Оқиғадан кейін:

  • ⁠ ⁠алтын бағасы өсті (қорғаныш актив),
  • ⁠ ⁠доллар нығайды,
  • ⁠ ⁠мұнай бағасы құбылды, бірақ секірмеді.

5 қаңтарда Brent $60–62 аралығында болды. Сарапшылар мұны Венесуэланың үлесі аз әрі тәуекел бұрыннан бағаларға енгізілгенімен түсіндіреді.

2.⁠ ⁠Венесуэланың ОПЕК-дегі рөлі

Қысқа мерзімде әсер жоқ: эмбарго сақталады, ОПЕК+ квоталарды өзгертпеді. Бірақ ұзақ мерзімде бәрі өзгеруі мүмкін. Егер АҚШ бақылау орнатып, батыс компанияларын тартса:

  • ⁠ ⁠2 жылда өндіру 1,3–1,4 млн баррельге,
  • ⁠ ⁠10 жылда 2,5 млн баррельге жетуі мүмкін.

Goldman Sachs есебі бойынша, 2030 жылға қарай мұндай көлем мұнай бағасын $4/баррельге төмендетуі ықтимал. Бұл – мұнай экспорттаушы елдер үшін болашақтағы теріс шок.

3.⁠ ⁠Халықаралық құқық дағдарысы

Мемлекет басшысының иммунитеті – халықаралық құқықтың негізгі қағидасы. АҚШ Мадуроны «легитимді емес» деп танып, осы норманы айналып өтті. Бірақ бұл көптеген елдерді алаңдатты. Ресей мен Қытай БҰҰ-да АҚШ-ты агрессияға айыптады. Латын Америкасының бірқатар елдері де наразылық білдірді. Инвесторлар үшін бұл – белгі: геосаясат болжамсыз фазаға өтті, «болмайды» деген сценарийлер іске аса бастады.

Неге дәл қазір? Экономикалық себептер

1.⁠ ⁠Құрылымдық себептер

Венесуэла – ресурстық тәуелділіктің классикалық мысалы. Мұнайға сүйенген ренталық модель санкцияларға төтеп бере алмады. Санкциялар режимді құлатпады, керісінше халықтың жағдайын ауырлатты. 2025 жылға қарай АҚШ «экономикалық қысымнан» тікелей күшке өтті.

2.⁠ ⁠Циклдік себептер

  • ⁠ ⁠Мұнай нарығы қазір теңгерімді, тіпті артық ұсыныс бар.
  • ⁠ ⁠АҚШ-та инфляция төмендеді, бензин бағасы қауіпті емес.
  • ⁠ ⁠Венесуэланың қаржылық ресурстары сарқылды.
  • ⁠ ⁠Әлемдік орталық банктер қатаң саясатты тоқтатты.

Бұл – операция үшін «ыңғайлы терезе». Сонымен қатар, АҚШ-та 2026 жылы Конгресс сайлауыбар. Венесуэлаға қарсы қатаң қадам – ішкі саясат үшін де тиімді.

3.⁠ ⁠Стратегиялық себептер

  • ⁠ ⁠Доктрина Монро 2.0: АҚШ Батыс жартышарды өз ықпал аймағы ретінде қайта бекітуде.
  • ⁠ ⁠Қытай мен Ресейдің Венесуэладағы ықпалын әлсірету.
  • ⁠ ⁠Ауыр мұнай нарығын қайта бөлу.

Венесуэланың мұнайы Urals маркасына ұқсас. Ол нарыққа оралса, бәсеке күшейеді, бағаларға қысым түседі.

Қазақстан экономикасына әсер ету арналары

1.⁠ ⁠Мұнай және бюджет

2026 жылғы бюджет $60/баррель бағамен есептелген. Қазіргі баға осы деңгейде.

Егер баға $70–80 болса:

  • ⁠ ⁠әр $10 өсім бюджетке шамамен 0,5–0,6 трлн теңгеқосады.

Ал баға $50-ге түссе – бұл тәуекел. Қысқа мерзімде Қазақстан экспорты өзгермейді, КТК қуаты шектеулі.

2.⁠ ⁠Қаржы нарықтары мен теңге

Тәуекелге деген сақтық артса:

  • ⁠ ⁠Қазақстан еурооблигацияларының кірістілігі аздап өседі,
  • ⁠ ⁠теңгеге қысым болуы мүмкін.

Қазір әсер әлсіз: спредтер 5–10 б.п. ғана кеңейді. Ұлттық банктің резервтері мен экспорттық табыстар теңгені қолдап тұр. Тікелей инвестицияларға әсер жоқ. Керісінше, мұнай бағасының өсуі ірі жобаларға қызығушылықты арттыруы мүмкін.

Венесуэладағы жағдай – жай ғана саяси оқиға емес. Бұл – жаңа геоэкономикалық кезеңнің белгісі.

Қысқа мерзімде нарықтар сабырлы. Бірақ ұзақ мерзімде өзгерістер сөзсіз:

  • ⁠ ⁠мұнай нарығының құрылымы өзгеруі мүмкін;
  • ⁠ ⁠ОПЕК+ ішіндегі келісімдер қайта қаралуы ықтимал;
  • ⁠ ⁠санкциялар мен күш қолдану қатар жүретін жаңа модель қалыптасуда;
  • ⁠ ⁠тәуекел премиясы толық жоғалмайды.

Қазақстан үшін бастысы – эмоцияға емес, салқын есепке сүйену. Әлем тұрақсыздана түскен сайын, макроэкономикалық тәртіп, резервтер және институционалдық сапа шешуші факторға айналады.

Қуаныш Бейсенғазин, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы,
арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading