2025 жылы әлем тағы бір жаһандық сауда соғысының ортасында қалды. АҚШ пен Қытай – дүние жүзіндегі ең ірі экономикалар – жаңа қақтығыс кезеңіне өтті: бұрынғыдай тек тауарлар емес, енді технология, логистика мен жаһандық ықпал үшін күрес жүріп жатыр.
Қазақстан үшін бұл тек қауіп қана емес – үлкен мүмкіндік. Ел жаңа экономикалық модель құрып, Еуразиядағы транзиттік әрі өндірістік орталыққа айнала алады. АҚШ пен Қытай арасында нақты не болып жатыр, бұл бүкіл әлемге қалай әсер етеді және Қазақстан бұдан қалай ұта алады – бірге талдайық.
Сауда шиеленісінің алғашқы толқыны 2018–2019 жылдарға сай келсе, екінші толқыны 2024 жылы басталып, 2025 жылы Трамптың Ақ үйге қайта келуімен шарықтау шегіне жетті. АҚШ Қытайдан келетін тауарларға кедендік баж салығын 145%-ға дейін көтерді. Электромобильдерге – 102,5%, күн панельдері мен чиптерге – 50%, металл өнімдеріне – 25%.
Қытай да қарап қалмай, кедендік салықты 125%-ға дейін арттырып, АҚШ компанияларының ішкі нарыққа кіруіне кедергілер қойды.
Бұл жолы әңгіме киім-кешек не ойыншықтар туралы емес, жоғары технологиялар туралы: чиптер, жасанды интеллект, кванттық есептеу жүйелері. АҚШ Қытайдың осы салалардағы дамуын шектеуге тырысып отыр. Ал Қытай сирек кездесетін металдар экспортын азайтып, ішкі инновацияны күшейтіп жатыр.
Қанша жерден саясат шиеленіссе де, АҚШ пен Қытай тығыз байланысты. 2024 жылы олардың өзара сауда көлемі $662 млрд болды. Қытай АҚШ-қа электроника, техника, ойыншықтар экспорттайды. АҚШ Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізат пен фармацевтиканы сатады.
Қызметтер де маңызды – АҚШ Қытайға $47 млрд көлемінде қызмет көрсеткен, соның ішінде білім беру мен IT.
Сондықтан бұл байланыстар үзіле қалса, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылады, баға өседі, бизнестің белсенділігі төмендейді.
Кедендік тарифтердің өсуі жаһандық логистиканы қымбаттатып жіберді. Компаниялар енді тұрақты бағыттар мен жаңа нарықтар іздеп жатыр.
Сәуірдегі шиеленістен кейін Brent маркалы мұнай бағасы $65-тан төмен түсті. Жыл бойы орташа баға $66 (WTI – $62) болады деп күтілуде. Бұл шикізат экспортына тәуелді елдердің табысын азайтады.
Юань әлсіреп, доллар күшейді. Бұл жағдайда теңге тағы да қысым астында қалды. Импорт қымбаттап, инфляция артуы, қарыз ауыртпалығы күшеюі мүмкін — бәрі де Қазақстан экономикасына таныс сценарий.
Қазақстанға қандай әсері бар?
Қатерлер:
– Қытайға экспорт азаюы мүмкін – әсіресе мұнай, металл, ауыл шаруашылығы салаларында;
– Мұнай бағасының құлдырауы – 2019 жылғыдай, кірістер азаюы ықтимал;
– Теңге курсы әлсіреуі мүмкін – бұл инфляцияны үдетеді;
– Қытайдан инвестиция ағыны бәсеңдеуі мүмкін – 2024 жылы $1,85 млрд тартылған болса да, ҚХР экономикасының баяулауы ықпал етеді.
Мүмкіндіктер:
– Қазақстан – бейтарап алаң. Қытай компаниялары мұнда өндіріс орналастырып, АҚШ санкцияларын айналып өте алады;
– Транзиттік торап. Географиялық орны арқылы Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы маңызды логистика торабына айнала алады;
– АҚШ компанияларына көпір. АҚШ та Қазақстанды Қытай нарығына шығу үшін база ретінде пайдалана алады.
Қазақстан не істеуі керек?
Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау үшін мынадай шаралар қажет:
– Инвесторларға қолайлы жағдай жасау: сот жүйесін, құқықтық қорғауды күшейту;
– Көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту;
– Теңге тұрақтылығын сақтау – фискалдық және ақша-несие саясатын үйлестіру;
– Экономикалық дипломатияны күшейту – Қытай, АҚШ және басқа әріптестермен келіссөздер жүргізу;
– Арнайы экономикалық аймақтар мен технопарктер құру – технологиялық компанияларды тарту үшін;
– Жұмыс күшін дайындау – өнімділікті және сапаны арттыру мақсатында.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы – бұл жай ғана экономикалық қақтығыс емес, бүкіл әлем экономикасының өзгеруі. Қазақстан үшін бұл – шикізат экспорттаушы елден Еуразияның жаңа экономикалық орталығына айналуға берілген нақты мүмкіндік. Бірақ бәрі де біздің осы дағдарысты қалай пайдалана білетінімізге байланысты.


