EC[ON]OMY

Академиялық теңсіздік: жүйелік кедергілер мен шешімдер

Бұл қатал естілгенмен, таңғаларлық емес: бірдей білімді, ынталы және еңбекқор екі ғалым тек туған еліне байланысты ғылымда мүлде әртүрлі нәтижелерге қол жеткізеді. Бұл — біреудің жеке көзқарасы емес, ғылымда және әлемдік жүйеде қалыптасқан құрылымдық факторлардың салдары.

Ресурстарға тең қолжетімділіктің жоқтығы

Лабораторияда жұмыс істеп жүрген жас қазақстандық зерттеуші әлемдік деңгейде жұмыс істегісі келеді, бірақ оның мүмкіндіктері шектеулі. Неғұрлым дамыған елдерде ғалымдар бала кезінен жақсы кітапханаларға, сапалы интернетке, заманауи құрал-жабдықтарға, ғылыми журналдарға толық қолжетімділікке ие. Ал Қазақстандағы жас ғалым көбіне базалық әдебиеттің өзін таба алмайды. Көптеген университеттердің қымбат халықаралық дерекқорларға жазылуға мүмкіндігі жоқ. Студенттер мен зерттеушілер кейде мақалаларға 30–50 доллар төлейді — бұл стипендия немесе айлығы аз адамдар үшін үлкен салмақ.

Осының көрсеткіші — Александра Элбакянның тарихы. 2011 жылы ол қажетті мақалаларды таба алмағандықтан Sci-Hub платформасын жасады. Бұл «пираттық» жоба амалсыздан дүниеге келді — жүздеген мақаланы заңды түрде алу тым қымбат болған кезде, адамдар қандай жол болса да білімге қол жеткізуге тырысады.

Қазақстанда жағдай біртіндеп жақсарып келеді (шетелдік кітапханаларға серіктестік арқылы қолжетімділік өсіп жатыр), бірақ айырмашылық әлі де өте үлкен. Жас зерттеушілерді ескірген лабораториялар, жеткіліксіз қаржыландыру, реактивтерді ұзақ күту үркітеді. Кейбір химикаттарды тапсырыс беру тіпті мүмкін емес — сақтау талаптары, жарамдылық мерзімі, кеден шектеулері бар.

Әрбір кешігу зерттеушінің уақытын ұрлайды. Шетелдік ғалымдар сол уақытта өз мақалаларын жариялап үлгереді. Осындай жағдайлардан қазақстандық ғалымдар беделді журналдарға шығу мүмкіндігін жоғалтады. Нәтижесінде сапалы идеялар ескіріп, тек есеп үшін төмен рейтингті журналдарға жарияланады.

Институт беделі – ашылатын немесежабылатын есік

Тіпті сапалы зерттеу жасалған күннің өзінде, ғалымның идеялары әлемге бірдей деңгейде жетпейді. Себебі – институт беделі. Мысалы, Гарвард, Оксфорд немесе Токио университетінің мақаласына бірден назар аударылады. Ал Алматыдағы аз танымал университеттен шыққан жұмыс жиі назарсыз қалады. Қазақстанда жақсы университеттер бар, бірақ олардың ешқайсысы әлемдік рейтингтерде жоғары тұрған жоқ. Мысалы, ҚазҰУ – Times Higher Education бойынша 1201–1500 аралығында. Бұл автоматты түрде күмән тудырады: «әлемдік бренд» емес университеттен шыққан жұмыс бастапқыдан-ақ төмен бағалануы мүмкін. Жас қазақстандық ғалымның халықаралық коллаборацияға қосылуы, беделді жобаға шақырылуы әлдеқайда қиын.

Зерттеулер бұл тенденцияны растайды: беделді университеттердің авторлары көбірек жарияланып, көбірек цитат алады. Бұл — замкнутый круг.

Визалар мен шекаралар талантты шектейді

Ғалым өз идеясын жеке өзі таныстыра алмаса, ең мықты жаңалықтың өзі көлеңкеде қалады. Күшті паспорт иелері (ЕО, АҚШ, Жапония) әлемнің көп бөлігіне еркін кіреді. Қазақстандық паспорт иелеріне виза алу — көп уақыт пен бюрократияны талап етеді. Қазақстан 65–67 орынның маңайында, 77 елге визасыз кіруге болады. Ал Сингапур азаматтары — 195 елге.

Еуропадағы конференцияға қатысу үшін:

  • ⁠ ⁠виза алу,
  • ⁠ ⁠үлкен құжат жинау,
  • ⁠ ⁠сұхбаттан өту,
  • ⁠ ⁠жеке қаржы жұмсау қажет.

Ал неміс немесе британ ғалымы тек билет алып ұша салады. Иә, «Болашақ» сияқты бағдарламалар бар, бірақ олардың қамтитыны — мыңдардың ішіндегі аз бөлігі ғана.

Ғылымды қаржыландыру — өте теңсіз

Ғылыми зерттеу үшін ақша ауадай қажет. Қазақстан 2024 жылы ғылымға ЖІӨ-нің шамамен 0,16%жұмсады — әлемде 124-орын.

Салыстыру үшін:

  • ⁠ ⁠Израиль — 5,56%
  • ⁠ ⁠Оңтүстік Корея — 4,93%
  • ⁠ ⁠АҚШ — 3,46%

Қазақстандағы зерттеушілер грантқа қатысқанның өзінде қаржы кешігіп келеді. 2025 жылы кейбір гранттар ақпан айында мақұлданып, қаражаты тек тамыз–қазанда түсті. Бірақ есепті сол жылдың қарашасына дейін тапсыру міндеттелген. Бұл зерттеушілерді төмен рейтингті журналдарға тез жариялауға немесе мәліметті қолдан жасауға итермелейді.

Қаржы жетіспеуі — кадрлардың кетуіне, мықты жастардың ғылымнан бас тартуына әкеледі.

Перифериядағы ғалымдарға қарсыбейсаналы бейтараптық

Соңғы кедергі — ғылыми рецензиялау жүйесі. Рецензенттер — да адам, олар беделді университеттің атауын көргенде жұмысқа автоматты түрде көбірек сенім білдіреді. Ал аз танымал елдерден келген жұмыс бастапқы сәтте-ақ қабылданбай қалуы мүмкін.

Халықаралық зерттеулер көрсетеді:

  • ⁠ ⁠бірдей мәтінді «АҚШ университеті» деп көрсетсе — жоғары баға алады,
  • ⁠ ⁠«Эфиопия университеті» деп көрсетсе — 25% төмен баға.

Ағылшын тілді, дамыған елдерден шыққан авторлардың мақалалары анағұрлым жиі қабылданады және көбірек цитат алады. Осыдан қашып құтылу қиын, себебі бұл — бейсаналы стереотип.

Мәселе талантта емес — жүйеде

Академиялық мансаптағы теңсіздік — бүгінгі күннің қатал шындығы.

Оған әсер ететін факторлар:

  • ⁠ ⁠туған елің,
  • ⁠ ⁠ғылымға қолжетімділік,
  • ⁠ ⁠шетелге шығу мүмкіндігі,
  • ⁠ ⁠елдің ғылымды қаржыландыруы,
  • ⁠ ⁠ғалымның жұмысын халықаралық қауымдастық қалай қабылдайтыны.

Қазақстандық ғалымдар күн сайын дамыған елдердегі әріптестері ойламайтын кедергілерден өтеді. Бұл ғылымға жол жабық деген сөз емес — табысты қазақстандық зерттеушілер бар. Бірақ жүйе бастапқыдан-ақ тең емес.

Әлемдік ғылыми қауымдастық соңғы жылдары бұл мәселені талқылай бастады: ашық қолжетімділік, дамушы елдерге арналған гранттар, академиялық алмасулар, қолдау бағдарламалары көбейіп жатыр. Қазақстан да ғылымды қаржыландыруды күшейтуге тырысуда.

Уақыт өте келе ғылым идеяның құндылығын оның географиясына қарамай бағалайтын деңгейге жетеді деп сенуге болады. Бірақ әзірге: «Академия тек дұрыс елде туғандарға жомарт» деген сөз, өкінішке қарай, шындыққа өте жақын.

Бақытжан Сәриев, PhD, ассистент-профессор, Astana IT University, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading